Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкіметтің селекторлық отырысын өткізді. Отырыста жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.
Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, орта мерзімді перспективада экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жоспары талқыланды, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге көшу жағдайындағы шұғыл шаралары мақұлданды.
Ұлттық экономика министрі Е.Досаев атап өткендей, Шұғыл шаралар жоспары бес бағыттан тұрады. Жоспар тұтастай экономиканы да әрі оның жекелеген салаларын да қорғауға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, Үкімет пен Ұлттық банктің қызметі экономиканың нақты секторын қолдауға, жеке инвестиция тартуды ынталандыруға, жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, қаржылық тұрақтылықты ұстап тұруға, Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға, сондай-ақ республикалық бюджет теңгерімдігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Министр «қаржы ресурстары шектеулі болып отырған жағдайда қаражат басым бағыттарға қайта үлестіріліп, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыруды оңтайландыру жалғасын табады, аяқталады» деп атап өтті. Сонымен қатар, Е.Досаев «Шұғыл шаралар жоспары әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның өсуіне жол бермеу, жеке тұлғалар мен Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының мерзімді депозиттері бойынша өтемақы төлеу механизмімен толықтырылатынын» атап өтті.
Жоспарға сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарын, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау және жұмыспен қамту бойынша жедел шараларды қамтитын өңірлік блок та қосылған.
«Шұғыл сипаттағы басқа да амалдарды, соның ішінде жалпы алғанда экономиканың нақты секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған сыртқы сауданы реттеу тарифтік емес әдістерін, ішкі нарықты қорғау амалдарын іске асыру қарастырылып отыр», - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, Үкімет мүшелері әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуіне жол бермеуді қарастыратын кешенді шараларды талқылады. Олар аталған тауарлардың маңыздылығын анықтап, жосықсыз бәсекелестердің жолын кесіп, антимонополиялық бақылау шараларын қарастырмақ.
Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев аймақ басшыларына тұрақтылық қорлары арқылы тауар интервенциясын жүргізу және тұрақты түрде ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өтікізіп тұру керектігін айтты.
«Одан басқа, әлеуметтік маңызды тауарлар бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп, жылдың аяғына дейін базарларда әлеуметтік маңызды тауарларға талдау жасалады. Баға бәсекесінің дамуына кедергілер анықталатын болады, - деп ойын түйіндеді министр Досаев.
Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрі бірқатар құзырлы мемлекеттік орган басшыларына тапсырма жүктеді.