8 тамызда Шымкентте #Talks2050: «Мақта: маңызды немесе маңызды емес» форумы өтті.#Talks2050 – TED конференциясы форматындағы бейресми форум. Ұйымдастырушылар: «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен. Биылғы алғашқы #Talks2050 форумы Атырау, Астана, Петропавл қалаларында өтті.
Әр жылдары мақта өндірісі аймақ ауыл шаруашылығының жалпы өндіріс көлемінде 17%-дан 40%-ға дейінгі аралықты құрайтын. 2013 ж. дерегі бойынша осы сала айналасында жұмыс істеп жүрген адамдардың саны 500 мыңға жетеғабыл. Бұл шамамен облыс халқының төрттен бірі.
Мақта өндірісі облыстағы басымдыққа ие сала екеніне қарамастан, өңірдегі мақта өсіруге тиесілі жерлердің ауқымы жылдан-жылға қысқарып бара жатқаны жасырын емес. Себебі түрлі: жайсыз күн райы, су тапшылығы, зиякестердің зардабы. Бұл жағдаяттардың салдарынан шаруалар жоспарда көзделген көрсеткіштерді орындай алмай қиналады.
Алайда, табиғи жағдайлардан бөлек, мақта шаруашылығын дамытуда өзге де түйткілдер бар. Технологиялық тұрғыдан алғанда мақта өңдеу үрдісі өте күрделі, ол тек жиын-теріммен бітпейді. Суарудан бөлек, мақта егуге жерді дайындау сияқты шаруадан бөлек, арам шөптер мен зиякестерден сақтау үшін топырақты өңдеу сияқты жұмыстың арасында мақта шаруашылығы 15 түрлі кезеңнен тұрады.
Осы орайда мақта жинаушылар кей дерекке сәйкес, шамамен келісіне 17 теңге ғана алады. Осылайша шыжыған күннің астындағы ауыр еңбектің құны күніне 400 теңге. Тіпті, мұндай төмен еңбекақының өзінде жиі құбылып тұратын әлемдік мақта бағасы оның өндірісін ақтай алмайтыны тағы бар. Осындай тиімсіз тәуекелдің салдарынан мақта шаруашылығында жүрген көп кәсіпкер бұл саладан кетуге мәжбүр.
Мақта шаруашылығын диқандар мен кәсіпкерлер үшін қалайша шығынды емес, табысты етуге болады? Мақта өсіруге аса қат су тапшылығы түйткілінің түйінін қалай тарқатуға болады? Саладағы еңбек қатынастарын қалай реттеуге болады? Жаңа технологиялардың рөлі қандай? Мақта кластері дамуының келешегі нешік? Осы жолы бұқара назарына ұсынылған тақырып аясы осылар.
Форум аясында 10 спикердің әрқайсысы 10-12 минуттан сөз алды. Яки, шамамен 2 сағат аясында форум қатысушылары әр саланың кәнігі мамандарының аузынан мақта өндірісінің әр сала тұрғысынан түйткілдері турасында көзқарастары мен болжамдарын тыңдады.