Тұңғыш рет рет «Crossfit Astana cup 2015» ойындарынан чемпионат өтті

Жаңалықтар
29.08.2015, 15:02

Бүгін Астанада ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай ерлер мен әйелдер арасында «Crossfit Astana cup 2015» атты мультитриатлоннан қалалық І чемпионаты өтті.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Crossfit Astana cup 2015» атты мультитриатлоннан өткен бұл сайыс Астанада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Астана тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтау деңгейін жаңа кезеңге көтеруді мақсат еткен бұл шара 2 күнге созылады.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елімізде бұқаралық спорттың дамуына мемлекет тарапынан қамқорлық жалғаса беретінін атап өтті.

- Жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді Ата заңымыздың 20 жылдығымен құттықтаймын! Астанада алғаш рет өткізіліп отырған «Crossfit Astana cup 2015» чемионаты осы мерейтойға арналады. Елбасымыз бұқаралық спорт түрлерін дамытуға баса назар аударып отыр. Салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар – мығым мемлекеттің кепілі. Сондықтан мұндай спорт түрлерін дамытуды жалғастыра беруіміз керек, - деді Ермек Аманшаев.

Жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлердің де ықыластары ерекше. Белсенді топ мұндай шаралардың қалалық деңгейде ғана емес, республикалық көлемде де ұйымдастырылғанын қалайды. Жарысқа қатысушылардың бірі боксшы Мағжан Амангелдиев осындай пікірін білдірді.

- Осындай шара ұйымдастырып отырған Астана қалалық әкімдігіне алғысымды білдіремін. Жастардың жағдайын ойластырып, көпшілікті спортпен айналысуға шақырған мұндай шаралар тек жақсы нәтижесін көрсетері анық. Елімізге енді ғана келген чемпионаттың бұл түрі қазіргі уақытта көптеген қатысушылар мен жанкүйерлерді өзіне тарта білді. Енді осы істі аяқсыз қалдырмай, қалалық деңгейден республикалық чемпионат деңгейіне көтере білсек деген ойдамын. Егер қолдау тауып жатса елімізде Азия чемпионатын да өткізуге болады, - дейді Мағжан Амангелдиев.

Астана қаласының Жастар саясатын қолдау мемлекеттік қорының директоры Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, Crossfit спорт ойындарының өз ерекшеліктері бар.

- Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастырып отырған бұл шарасы жастар арасында танымал спорттық ойын болып саналады. Бұл шараның ең басты ерекшелегі спорттың бір түрімен ғана емес, бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Жеңіл және ауыр атлетикамен ұштастырылған спорттық ойындардың бұл түрлері көпшілікке ұнап отыр. Жас уақытында спорт түрлерімен айналыса алмаған үлкендер жағы көбінесе жастармен бірге жаттығуға ықылас танытпайды. Ал, Crossfit спортында жас ерекшеліктеріне қарамайды, керсінше барлығы бірге жаттығып, сайысқа түсе алады. Спорттың бұл түрімен айналысқан азаматтардың бойында ұзақ уақыт бойы белсенділік пен сергектік сақталады, - дейді Бақытжан Жүнісбеков.

Айта өтейік, барлық қатысушаларға құны 50 мың теңгелік сыйақысы бар карточкалар, ал жеңімпаздарға Астана қаласы әкімдігі атынан бағалы сыйлықтар тапсырылады. Марапаттау салтанаты ертең Астанадағы Студенттер саябағында өтеді.

Сұхбат

PhotoRoom