Бүгін - Білім күні барлық қазақстандық бірінші сынып оқушыларына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сыйлық - «Менің Отаным - Қазақстан («Моя Родина - Казахстан») кітабын тапсырады.
«Қымбатты жас дос! Сен жаңа белеске қадам бастың - мектепке келдің, оқушы болдың! Бұл сен үшін үлкен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап - менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажайып уақиғалар күтіп отыр. Қазақстан - біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениетін, ана тіліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кітабың көмектеседі. Қазақстанның болашағы жарқын. Елімізде татулық, береке болады. Бұған достарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын!», - делінген Мемлекет басшысының білім шаңырағының есігін ашқалы отырған оқушыларға жолдауында.
Аса көркем суреттермен безендірілген кітапта Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, «Мәңгілік ел» ұлттық бағдарламасы жөнінде айтылады. Мектеп есігін ашқалы отырған балдырғандарға Қазақстаннның картасы, елордамыз - Астана, Алматы қаласы және әр аймақ туралы жеке беттер ұсынылып отыр.
Сондай-ақ шығармадан бірінші сынып оқушылары Қазақстанның табиғаты мен климаты, біздің республикамыздың әсем өңірлері жайлы жан-жақты білетін болады.
Қазақстанның мақтанышы - Байқоңыр кешеніне арнайы бет берілген. Бөлек бөлім Қазақ хандығының 550 жылдығына және қазақ халқының ағартушыларына арналып отыр.
Кітап таралымы - 370 мың дана. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, 1 қыркүйекте 336 мың бірінші сынып оқушылары мектеп партасына отырады.
Қазақпарат