Қазақстанның алдағы уақытта дамуына негізгі бағдар болатын негіз – 2015 жылдың 15-ші наурызында «Нұр отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған елімізді нығайтуға бағытталған 5 институционалды реформа. Қазіргі уақытта сарапшылар мен ғалымдар қауымдастығының алдында 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жолдары мен негізгі механизмдерін қалыптастыру міндеті тұр.
Бұл 5 институционалды реформа бір-бірімен тығыз байланысты, себебі, бір реформаның тиімді әрі сәтті жүзеге асуы қалған реформалардың да сипаттамасына да әсер етуі мүмкін. Бұл 5 институционалды реформаларды жүзеге асыру бағдарламалары мен жобаларын дайындауда кешенділік әрі жүйелілік принциптерін сақтаған жөн.
Бұл мақалада осы 5 институционалды реформаның бесінші бағыты - транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекет үлгісін дамытудағы шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету механизмдерін қарастырамыз. Ең алдымен,транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекет идеясының негізгі құрылымын көрсетейік [1]:
Сурет 1 - Транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекет идеясының негізгі құрылымы
Жоғарыда транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекетті дамытудың негізгі бес бағыты мемлекеттік басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, әлемде БҰҰ-ның бастамасымен 1996 жылдан бастап мемлекеттік басқару сапасын зерттеуге арналған жаһандық зерттеу жүргізіледі. Осы зерттеу әдіснамасына назар аударсақ, мемлекеттік басқару сапасы келесідей 6 индекстің жиынтығы нәтижесінде өлшенеді [2]:
Сурет 2 - Мемлекеттік басқару сапасы индексінің құрылымы
Жоғарыда аталған мемлекеттік басқару сапасын көрсететін негізгі көрсеткіштер 5-ші институционалды реформа, яғни «Транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекетті дамыту» бағытымен тығыз байланысты. Осы бағыттағы институционалды реформаны жүзеге асыру маңыздылығын айқын көрсетеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік басқару сапасы бойынша Қазақстанның көрсеткіштері төмендегідей:
Кесте – 1 Қазақстанның мемлекеттік басқару сапасы индексі (1996–2013)
Халық пікірінескеру және мемлекеттік органдардың
есеп беруі
|
Саяси тұрақтылық және күштеудің жоқтығы | Үкіметтің тиімділігі | Заңнама мен заң шығару үдерісінің сапасы | Заңның үстемдігі | Сыбайлас-жемқорлыққа бақылау | |
Қазақстан | 14.22 | 34.6 | 35.41 | 36.84 | 30.81 | 20.1 |
Жоғарыда келтірілген кестеде Қазақстанның көрсеткіштері ең бірінші индекс, яғни халық пікірін ескеру және мемлекеттік органдардың есеп беруі индексі бойынша төмен бағаланған. Осы индекс жалпылай транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекет реформасының негізін құрайды, сол себепті алдағы уақытта мемлекеттік органдар халық пікірін ескеру және мемлекеттік органдардың есеп беру бағытына ерекше мән беру қажет.
Транспарентті және халыққа есеп беруші мемлекетті дамытудың негізгі факторларының бірі - шешім қабылдау үдерісінің ашықтығы. Оны дамытудың негізгі тиімділігі неде?
біріншіден, қабылданатын шешімнің сапасын арттырып, жан-жақты талқылауды қамтамасыз етеді;
екіншіден, шешім үшін жауапкершілік тек мемлекеттік органдарға ғана емес, үкіметтік емес сектор өкілдеріне де жүктеледі;
үшіншіден, қоғамдық пікірді, азаматтардың талап-тілектерін ескеруді қамтамасыз етеді;
төртіншіден, қоғам әрі халық тарапынан мемлекетке, әсіресе, билік пен мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Ендігі кезекте осы шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын дамытудың келесі негізгі механиздерін атап өтуге болады:
Жоғарыда көрсетілген механизмдер толыққанды әрі негізгі механизмдер ретінде қарастырылмау керек, себебі 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жоспары әлі талқылануда, сонымен қатар, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын дамытудың басқа механизмдері бар. Сонымен, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын дамытудың негізгі механиздерін жекелей қарастырып өтейік:
1. Үкіметтік емес ұйымдар
Кез келген реформалардың сәтті жүзеге асырылуының бір факторы – билік пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы. Үкіметтік емес ұйымдар халықтың негізгі өзекті мәселелерін анықтап, қоғамдағы үдерістердің барометрі қызметін атқарады.
Үкіметтік емес ұйымдарды шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг жүргізуде, шешім дайындау барысында талқылау мен пікірталас ұйымдастыруда қатыстыру маңыздырақ. Жоғарыда аталған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттесуі қоғамдық кеңес, сараптамалық кеңес, консультациялар, баламалы есеп дайындау форматтарында жүзеге асуы мүмкін. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мемлекеттік саясатты даярлау, жергілікті мәселелер бойынша шешімдер шығару кезеңдерінде өте маңызды.
Соңғы уақытта саяси үдерістерге азаматтарды тартудың жаңа әдісі ретінде «краудсорсинг» әдісі қолданылуда, әсіресе әр түрлі краудсорсингтік кампаниялар өткізу технологиясы үлкен танымалдыққа ие болғанын атап өту керек. Соңғы жылдары саяси салада халықтың белсенділігін арттыру мақсатында жиі краудсорсинг технологиясы қолданылады. Сонымен қатар, бұл технология аймақтық мәселелерді халықпен бірлесіп, халықтың пікірін ескеріп шешуге үлкен мүмкіндік береді.
Краудсорсинг халықтың пікірін ескеру, саясатқа араластыру технологиясы ретінде 2003 жылдан бастап қолданыла бастады. Бұл термин мемлекет және қоғам, бизнес алдында тұрған мәселелерді шешу мақсатында ақпараттық технологиялар негізінде адамдардың ресурстарын жұмылдыру үдерісін білдіреді.
Краудсорсинг жиі әр түрлі заң жобаларын әрі басқа да мемлекеттік бастамаларды талқылауда бірінші кезекте қолданылады. Әдетте талқылаулар дауыс беру арқылы онлайн режимде, не нақтылы пікірлерді жинау жолдарымен жүзеге асырылады. Краудсорсинг, басқа да тәсілдермен қатар, саясаттағы азаматтық белсенділік үшін жаңа мүмкіншіліктер беріп, демократиялы қоғам мақсатына жетуге негіз болады. Сол себепті, транспарентті және есеп беруші мемлекет дамыту идеясын краудсорсинг технологиясы негізінде жүзеге асыруға болады.
Қазіргі уақытта краудсорсинг технологиясының қоғамдағы мәселелерді шешуге халықты тарту үлгісі ретінде 2015 жылы БҰҰ «Beyond 2015» атауымен жүзеге асырылған жобасын атап өтуге болады. Бұл жоба жастарды әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде ат салысуға бағытталған [3]. БҰҰ-ның арнайы агенттігі ақпараттық және коммуникациялық технологиялар негізінде кем дегенде 80 елдің жастарына жаһандық әрі аймақтық әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылап, оларды шешу жөнінде өз идеяларымен бөлісуге мүмкіндік берді.
БҰҰ жүзеге асырылған бұл краудсорсингтік үш айлық жоба 1 мыңнан аса бірегей идеяларды жинақтап, идеяларға деген 27 мыңнан аса пікірлер мен комментарийлер жинап, әлем бойынша 16 миллионға жуық халықты жұмылдыруға мүмкіндік берді. Исландиияда 2012 жылы Twitter, Facebook әлеуметтік желі қолданушылары Констутиция жобасын талқылаған еді. Финляндияда 2012 жылы «Ашық министрлік» (www.avoinministerio.fi) деген жаңа заң жобаларын халықпен бірлесіп талқылауға арналған краудсорсингтік платформа іске қосылды [4].
Қазақстанда да бұл тәжірибе жақсы қолданыла бастады. Мысалға, zakon.kz порталы ұйымдастырған қазақстандық заң конкурсы. 2014 жылы «Қазақстан заңнамасында не өзгертер едім?» атты тақырыпта болды, яғни 26 сала бойынша инновациялық идеялар қорын жасауға мүмкіндік болды.
Саясатта, әсіресе мемлекеттік басқару саласында краудсорсинг технологиясын қолданудың келесідей жағымды жақтары бар:
1) көптеген жаңа идеялар қорын жинақтау, яғни қоғам мәселелерін шешуде халық тарапынан біршама сәтті ұсыныстар берілуі мүмкін;
2) жинақталған идея жергілікті қауымдастық мәселелерімен тығыз байланысты болғандықтан саясаттағы азаматтармен кері байланыс механизмі жүзеге асырылады;
3) қоғамдағы мәселелерді ашық әрі транспарентті талқылау демократиялық жүйе механизмдерін күшейтеді, яғни жүргізіліп жатқан елдегі саясатқа халық тарапынан қосымша қолдауды қамтамасыз етеді;
4) саяси шешім қабылдау барысында дайындалған құжаттардың сапасын арттырады;
5) мемлекеттік биліктің саяси әрі басқарушылық жағымды имиджін дамытуға, сонымен қатар, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға септігін тигізеді.
Мемлекеттік секторда краудсоринг технологиясы мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісінің ажырамас бөліктері – азаматтық белсенділік, қоғамдық сараптаманы және халықтық бақылаудың дамуына әсер етеді. Краудсорсингті мемлекеттік секторда қолдану үшін бірнеше шарттарды орындау қажет:
1) краудсорсинг мемлекеттің тікелей тапсырмаларын орындау жөніндегі саяси кампанияға айналмау қажет, яғни нақты халықтың пікірін ескеру технологиясы ретінде барлық инновациялық идеяларды жинақтауға бағытталу керек;
2) краудсорсингті жүргізу форматы алдын-ала анықталып алған дұрыс;
3) краудсорсинг жұмысы тұрақты әрі белсенді сипатта болуы тиіс, яғни халықтан келетін идеяларға күнделікті мониторинг, сарапшылармен диалог, нәтижелерді талқылау ашықтығын қамтамасыз ету;
4) краудсорсинг нәтижесінде жинақталған идеяларды өңдеу үшін арнайы компьютерлік қамтамасыз етуші бағдарламалар керек.
Электронды үкімет бір жағынан, елді басқару үдерістеріне халықты қатыстыру механизмдерінің бірі. Екінші жағынан, электронды үкімет мемлекеттік аппарат қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
Электронды үкіметтің әлемдік рейтингісі құрамында электронды қатысу индексі бар. Ол үш негізгі көрсеткішпен бағаланады:
1) электронды ақпарат – мемлекеттік органдардың сайттардағы ақпараттың толыққандығы;
2) электронды консультация – мемлекеттік органдар сайтында мультимедиа көмегімен кеңес беру;
3) электронды шешім – саяси шешімдерді талқылауға және қабылдауға азаматтары қатыстыру деңгейі, яғни мемлекетімізде жоғарыда аталған үш көрсеткіш бойынша жұмыстарды жетілдіру өзектілігі айқын көрінеді.
Қазіргі заманғы интернет технологияларды мемлекеттік басқаруда кеңінен қолдануды қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың ашықтығымен қатар, билік-басқару үдерістеріне азаматтардың басым бөлігін қатыстыру болып табылады.
Сараптамалық талдау орталықтары ХХ ғасырдың басында пайда болып, қазіргі заманғы мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруда шешуші рөлді иелене отырып, әлемдік саясатты қалыптастырушы негізгі акторларының бірі болып табылады. Сонымен қатар, сараптамалық талдау орталықтары - қоғам мен ел өміріндегі күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу жөнінде нақты ұсыныстар мен жолдарын көрсетіп, ішкі және сыртқы саясат мәселелеріне талдау жасап, баға беруге бағытталған, күрделі құрылымдық жүйесі бар, пәнаралық тұрғыда зерттеу жүргізетін сарапшылардың кәсіби қауымдастығы.
Сараптамалық талдау орталықтары мемлекет дамуындағы ішкі және сыртқы факторлардың біріккен әсерінен, әлемдік саясаттағы негізгі мәселелерге жауап ретінде пайда болып, дамиды. Қоғам салалары бойынша реформалардың барлығын үкімет жүзеге асырғандықтан, сараптамалық талдау орталықтары әлеуметтік-саяси зерттеулерді үнемі жүргізуі тиіс. Герман Канның пікірінше, үкімет мұндай ұйымдарға зәру, себебі мемлекеттік органдар «күштілердің әлсіздігіне» шалдыққан, нәтижесінде күрделі шешімдерді не тез, не жеткіліксіз ақпарат негізінде қабылданады. Саяси жаңару үдерісіндегі мемлекетте саяси мәселелер мен шешімдер жөнінде негізгі зерттеулер, шұғыл саяси мәселелер бойынша ұсыныстар айту, мемлекеттік бағдарламаларға баға беру, қоғамдық білім беру мәселелері өзекті болып табылады.
Мемлекетте сараптамалық талдау орталықтарын дамыту маңыздылығын олардың басқа зерттеу ұйымдарынан айырмашылығын анықтау негізінде де көрсетуге болады. Сараптамалық талдау орталықтары университтермен, ғылыми институттармен, мемлекеттік органдармен салыстырғанда мемлекеттік саясатты, даму стратегиясын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігі жоғары болып табылады. Университеттегі зерттеу жұмыстары көп жағдайда теориялық сипатқа ие, ал мемлекеттік органдардағы зерттеу жұмысын жүргізу қиын, себебі мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы ұйымдастыру, сәйкестендіру сипатындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Бірақ мемлекеттік органдардың университеттердегі ғылыми зерттеуден бір артықшылығы – мемлекеттік қызметкерлер шынайы саясат мәселелермен айналысқандықтан, зерттеу жұмысына қажет мәліметтер базасы, ақпарат жиынтығы осы мемлекеттік органдарда шоғырланған, яғни олардың зерттеулерінде шынайы мәліметтерді пайдалану мүмкіншілігі бар.
Ғылыми институттармен салыстырғанда сараптамалық талдау орталықтары өз зерттеулерін аз мерзім аралығында жүргізеді, осы аралық уақытында сараптамалық талдау орталықтары ақпарат жинап, талдау жасап, ұсыныс беріп, баяндама немесе есеп түрінде дайындайды, яғни олардың қызметі «нақ осы жерде және нақ осы уақыттағы», күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді зерттеуге бағытталған. Осы арқылы сараптамалық талдау орталықтары мемлекет саясатының қалыптасуына ықпал ете алады. Ал ұзақ мерзімді, іргелі зерттеулерді жүргізу ғылыми институттардың міндеті болып табылады.
Сараптамалық талдау орталықтарды дамытудың басты артықшылықтарының бірі – тез арада мәселелерді анықтап, соғұрлым оларды шешуге мүмкіндік беретін тұрақты мониторингтің жүргізілуі. Осы жеделдік сараптамалық талдау орталықтарының ғылыми институттардан басты айырмашылығы болып табылады. С.Жүсіповтің пікірінше, «Талдау, сараптама – күрделі әрі маңызды ғылыми бағыты синонимінің бірі» [5, 181].
Сонымен, саяси шешімнің ашықтығын қамтамасыз ету механизмі ретіндесараптамалық талдау орталықтарының қатысуының жағымды жақтары мен мүмкіншіліктеріне талдау жасайық:
Кесте 2 - Сараптамалық талдау орталықтарының жағымды жақтары және мүмкіншіліктері
Жағымды жақтары | Мүмкіншіліктері |
– мемлекеттік бағдарламаларға баға беруі және талдау жасауы;– ұсыныстарды дайындау және беру;
– ақпараттың балама көздері; – болжау қызметін атқаруы; – «қатаң бақылаушы» ролі, яғни мемлекеттік саясаттағы жүзеге асырылып жатқан мәселелерге мониторинг жүргізіп, талдау жасауы; – саясаткерлер, қоғам үшін ағартушылық қызмет атқаруы, яғни әр түрлі түсіндірмелер, талдаулар, сараптамалық көзқарасты беру арқылы; – саяси бағыттың жаңа нұсқаларын дайындауы және негіздеуі. |
– азаматтық қоғамның дамуына әсер етеді;– үкімет пен қоғам арасындағы делдал;
– саяси элитаны дайындау, яғни кадрлық ресурстарды ұлғайту; – халықтың саяси сауаттылығына әсер етеді; – елдің интелектуалды мүмкіншілігін дамыту; – қоғамдық пікір институты. |
Сараптамалық талдау орталықтары мемлекеттік аппарат пен интелектуалды орта арасындағы, қоғам мен саясат арасындағы делдал бола отырып, қоғам және мемлекет дамуындағы өзекті мәселелерді анықтаушы, талқылаушы, тудырушы, сонымен бірге, мемлекеттік органдар тарапынан саяси шешім қабылдау үдерісінің бір тізбегі, қоғамдық пікірді қалыптастырушы механизмдердің бірі, азаматтық қоғамның даму деңгейін анықтайтын көрсеткіш. Бұл қызметтерді сараптамалық талдау орталықтарының атқаруы үшін мемлекеттегі сараптамалық талдау нарығына мемлекет тарапынан мақсатты түрде жүйелі негізге қойылған кешенді жұмыс бағыттары болуы тиіс.
Сонымен, мемлекеттік органдар өз қызметінде саяси шешім қабылдау мен жүзеге асырудың негізгі механиздері, үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыру, краудсорсинг, интернет-технологияларды қолдану, сараптамалық талдау орталықтарының қызметін пайдалану арқылы 5 институционалды реформанының тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік алады.