Екі әкім пара алды деген күдікпен ұсталды

Жаңалықтар
08.09.2015, 15:22

Жергілікті билік өкілдерінің сыбайлас жемқорлықпен аты шығып жатыр. Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі Нұржан Әбілдин пара алды деген күдікпен 2 айға қамауға алынды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

«Қазыбек би аудандық сотының қаулысымен Н. Әбілдинге қатысты екі ай қамауға алу шарасы санкцияланды», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Аудан әкімі ірі көлемде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Сот тергеу кезінде күдікті куәгерлерге қысым көрсетіп, тергеуге бөгет келтіруі мүмкін деген болжаммен келісіп, бұлтартпау шарасын санкциялады.

Бұрын хабарланғандай, 2 қыркүйекте Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі Нұржан Әбілдин жемқорлықпен айналысты деген күдікпен ұсталған болатын.

Н.Әбілдин үш ай Осакаров ауданының әкімі болып қызмет етті. Оған дейін сол ауданның әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Сондай ақ, Қостанай облысында Қостанай ауданы Майкөл селолық округі әкімінің м.а. Сансызбай Нұрбаевқа қатысты  ҚР ҚК 366-бабы бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат.

«2015 жылдың сәуірінде азамат С. жеке тұрғын үй құрылысы үшін және мал шаруашылығымен айналысу үшін Нұрбаевтан жер телімін бөлуді сұрап барған. Ол кезде мұндай өкілеттілік Нұрбаевтың құзырында болған. Мәселені шешу үшін Нұрбаев С. азаматынан 250 000 теңге көлемінде ақша сұраған. Алайда С.  Нұрбаевтың бұл әрекеті заңға қайшы келетінін түсініп, жемқорлыққа қарсы қызметтің көмегіне жүгінген», - деді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Соманың алғашқы бөлігін С. Нұрбаевқа 2015 жылы 24 маусымда Майкөл селолық округі әкімінің кабинетінде тапсырған, екінші бөлігін Затобольск кентіндегі «Флоден» дүкенінің маңында берді, бұл жерде күдікті қылмыс үстінде қолға түсті.

Қылмыстық іс өндіріске енді және 2015 жылы 14 қыркүйекте тыңдалым болады деп күтілуде.

 

Сұхбат

PhotoRoom