Дағдарыстар. 1920-1923. Германия

Жаңалықтар
08.09.2015, 17:04

(Лиакват Ахамадты оқи отырып)

Интернетте Зимбабвелік гиперинфляция әркімнің мазағына айналған. Арбаға ақша тиеген адамдар дүкенге кіріп... бір бөлке нанмен шығады.

Бірақ әлдеқайда озық елдер де мұндай масқарадан ада болмаған екен. Егер тап осы интернет-байланыс 1920 жылдары болғанда, Зимбабве ... Германияның көлеңкесінде қалып қояр еді.

1920 жылдардағы неміс дағдарысы

1918 жылы Германия Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілді деп танылып, оған әскери айыппұл (репарация) салынды. Бірінші дүниежүзілік соғыс - оған қатысқан елдердің барлығын болдырған еді. Ендеше айыппұл салушыларға да қаржы ауадай қажет болды. Сондықтан, 1920 жылдардың басында одақтастар Германияның 1 миллиард маркіні бірден төлеуін талап етті. Сол-ақ екен, ел гиперинфляцияның құшағына енді де кетті. 1923 жылы небәрі 10 айдың ішінде неміс маркісінің долларға шаққандағы бағамы ... 100 млрд есе(!) құнсызданып, 1 доллар - 4,12 трлн маркіге жетті!

Фарфорға басылған 50 миллион маркалық "уақ" ақша Фарфорға басылған 50 миллион маркалық "уақ" ақша

Дегенмен, федералды үкіметтің де ақша баспаханасы тынған жоқ. 1923 жылдың күзіне қарай, рейхсбанк үшін ақша басатын мердігерлердің саны 133-ке(!) жетті. Пешті Рурдың көмірімен жылытқанша, сол көмірге кететін ақшаны жағып жылытқан әлдеқайда тиімді еді.

Сарапшылар мен саясаттанушылар - Германияны ұлтшылдықтың құшағына итеріп жіберген бірден бір фактор осы дейді.

Қазір

Мұндай тәлкекке түскен елдің қазір әлемнің ең бақуатты ел екеніне сенбейсің. Әрине, бұл - неміс халқының табандылығы мен таланты арқылы ғана мүмкін болды. Бүгінгі Еуропаның экономикалық және саяси драйвері болып отырған Германия тіпті құрлықтағы басты ойыншы боп келген Англияны да ығыстырып шығып отыр. Бүгінгі күндер биігінен сипатталғандай жойқын құлдырау келесідей себептерге байланысты делініп отыр:

1. Германияның I дүниежүзілік соғыста жеңіске деген соқыр сенімі. Сондықтан ба, әскери шығындар үшін Германия қарызды оңды-солды ала берген;

2. Жеңімпаз елдердің ашкөздігі. Олар жеңілген елден алым алу заңын мейлінше пайдаланбаққа тырысты. Айталық, Германия 42 жыл ішінде 226 млрд алтын маркі төлеуі тиіс болды (жылына - 5,3 млрд-тан!). Ал Германияның жылдық табысы небәрі 3 млрд маркі болатын.

Ерлан Оспан, Лиакват Ахамадтың "Қаржы құдайлары" атты еңбегі бойынша.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom