Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктер «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында азаматтар туралы мәліметтерді өзектендіру жөнінде бүкіл елімізде науқан жүргізуде, деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл туралы ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды. Атап айтқанда, әкімдік қызметкерлері жергілікті тұрғындардың пәтерлерін аралауда және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда азаматтарды мекенжай мәліметтерін түзету немесе қайта құжаттандыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жібереді.
«Деректер қорындағы көптеген сәйкессіздіктер оның құрылған сәтінен орын алған, ол кезде ақпарат жүйеге қағаздағы құжаттардан түсірілген болатын. Біреулері жаңа тұрғылықты жері бойынша қайта тіркеуден өтпеген, енді біреулері басқа елге көшіп кеткен, бірақ құжаттарын тапсырмағандықтан, базада есепте тұра берген. Қайтыс болғандардың туыстары қайтыс болу туралы куәлікті алмағандықтан, деректер қорында тірі адамдар ретінде тіркелген жағдайлар да орын алды. Сондай-ақ, бүгінгі күні қолданылу мерзімі өткен құжаттар бойынша тұрып жатқан көп азаматтар саны анықталды», - делінген ведомство мәліметінде.
Осыған байланысты, өткізіліп жатқан іс-шаралар аясында қолданылу мерзімі өткен жеке куәліктер; тұрғылықты жері нақты заңды мекенжайына сәйкес келмейтін, оның ішінде мекенжайларында қысқартылған облыстар мен аудандар көрсетілген ескі үлгідегі жеке куәліктер (мысалы: Торғай, Көкшетау және басқа да) ауыстыруға жатады.
«Қолданылу мерзімі өткен не деректері ескірген құжаттары бар барлық азаматтарға мекенжай анықтамаларын түзету, қажет болған жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыру үшін ХҚКО-ларға (көші-қон бөлімдеріне) жүгіну керектігін естеріңізге саламыз», - деп ескертеді мамандар.