БҰҰ жарғысында кейбір тұстары көзге жас үйірерліктей декларациялар болғанымен, әйткенмен бұл ұйымды тек ізгі мақсатта құрылған деп топшылауға келмейді. II дүниежүзілік соғыс әлем халықтарының арасындағы байланыстың сонша мардымсыз екенін көрсеткен еді. Қызықты қараңыз: айталық, кемеңіз Филиппин аралдарында жоғалып кетсе, өз дипломатиялық каналыңыздың жоқ болуы себепті, ағылшын елшісінен Австралияның Филиппин аралдарындағы елшілігі арқылы сұрастыруыңыз керек болады. Ал соғыс жағдайында мұндай байланыс жоқтық кәдімгідей бас ауру болды, әсіресе Тынық мұхит аймағындағы елдермен өзара келісілген ұстанымдар жүйесінің жоқ болуы – жапондардың алғашқы айлардағы сәтті жорығының кепілі болды.
1945 жылы құрылған БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттері, КСРО+Англия+АҚШ әлдеқашан жасап қойған әлемнің ялталық-потсдамдық нұсқасымен әбден ұштасты, тіпті бұл ұйымды - аталмыш үш алпауыт ел Тегеранда, Ялтада, Потсдамда жасаған келісімдерінің орындалуына оператор компания деуге әбден болады.
Бірақ бұл ұйымның жеңістері де жоқ емес, айталық – мемлекет тәуелсіздігін бекіту құқығы. БҰҰ тарапынан мойындалу – қазіргі кезеңде халықаралық құқықтың үйреншікті практикасына айналды. Тәуелсіздік туралы үш ұйықтаса түсіне кірмеген Африка, Азия елдері өз алдына ұлттық-әкімшілік бірлік ретінде мойындалып, Жер шары гүлденіп сала берді. Сіз мысалы, Үндістан деген мемлекеттің қазірде жоқ болуын елестете аласыз ба? Ал БҰҰ-ға дейінгі әлемде Үндістан тек Киплингтің кітабы мен тарихи альманахтарда ғана еске алынатын ел болатын. Өзіміздің Қазақстанымыздың тәуелсіздігінің мойындалуын да ұмытпаңыз.
Не десек те, БҰҰ өзінің бастапқы 40-50 жылында кісі алаңдайтын-ақ ұйым еді. Алысқа бармай-ақ, советтік баспасөздің «…бұл – БҰҰ қарарының баптарына сәйкес...» деп сөйлегенінің өзі неге тұрады.
БҰҰ-ны барлық дерттен дауа болды деуден аулақпыз, бірақ, әлемде «жұрттан ұят болар» деген сықылды саяси мінез тудырғаны рас. Мысалы, Қытайлардың Тибетті жоқ қылып жібермегені, 1950 жылдары Үндістанға кіріп тұрып, қайта тастап шығуға мәжбүр болғанын – тап осы БҰҰ мінберлері деп біліңіз. Әсіресе, аз этникалық топтар мен әлсіз мемлекеттерге демеу болғаны рас.
Қазіргі Қырым оқиғаларына дейін, потсдамдық әлемде аннексия тек бір-ақ рет болыпты. 1990 жылдың 2 тамызында Ирак Кувейтке басып кіріп, «езілген бауырларға азаттық алып берді». Қараңызшы, Қырымға қалай ұқсас:
Дегенмен, бұл кезде БҰҰ-да бедел бар-тын. АҚШ халықаралық коалиция құрып, БҰҰ мандатымен әскери операция («Даладағы дауыл») бастады да, Кувейтті 1991 жылдың ақпанында азат етті.
Ал кейін ше?
Жалпы, Бутрос-Бутрос Ғалиден кейін БҰҰ беделі кәдімгідей нашарлап кетті деген көзқарас бар. Югославияның шамадан тыс талқандалуы, Палестинадан арабтардың тықсырылуының жалғасуы, Судандағы оқиғалар, Ресейдің Украинадағы лаңы, тағысы тағылар. Осының барлығында БҰҰ «мәміле мен сабырға шақырудан» аса алған емес. Бұл орайда жұрт айтатын - Иранның «ядролық қаруға ұмтылысы»; украиналықтардың басым бөлігінің ядролық қаруды тастамау керек еді деген көзқарасқа келуі; Польша саяси қайраткерлерінің де ядролық қару төңірегіндегі әңгімесі бекер ме? Мүмкін, БҰҰ мен басқа екілік, үштік, жетілік, жиырмалық одақтар беретін «кепілдіктердің» қағаз жүзінде қалғанынан болып отырған жәйт болар?
Өкінішке қарай, әлем қайтадан «күшті мен әлсіз» моделіне жылыстап келе жатқан сияқты. Бұл орайда БҰҰ-ның қауқарсыздығы күннен күнге білініп келе жатыр. Тығырықтан шығаратын жол – не БҰҰ-дағы дауыс беру жүйесінің реформасы, не аймақтық одақтарда жан сақтау тәрізді. Айбалта жастанып ұйықтау әлі де өзектілігін жоймай отыр...
Ескерту! Тақырыпта БҰҰ тек саяси контексте қаралып отыр. БҰҰ-ның UNICEF, МАГАТЭ, Бүкіләлемдік Денсаулық Ұйымы, ЮНЕСКО тарапынан жүзеге асырылып жатқан гуманитарлық бағдарламалар мен басқа да игі істерді еш жоққа шығармаймыз.
Ереке БАЗАРҚҰЛ