Үгіт-насихат тарихы. Қағаз

Сараптама
17.05.2014, 18:37

Аристотель өзінше сөзді жақсы жеткізудің формуласын ұсынады: «этика, эмоция, логика». Қисынды сөзді жалынды жеткізсең, әрі ол сөзің тыңдаушыға құрметпен айтылса, екіге екі қосса - бес екенін дәлелдедім дей бер.

Бірақ насихат жұмысында бір гәп бар. Кейде тез нәтиже керек. Осы жерде «Аристотель формуласы» сыр береді: бұл орайда тыңдарман деп отырғаныңыз - оқырманға айналады. Мысалы, жаудың тылында мінберге шығып сөйлеп жүре алмайсыз. Ал қағаз лақтыруға әбден болады. Ендеше ғұлама айтқан сәтті насихаттың үш тағанын - эмоция, этика және логиканы бір парақ қағазға сыйдыру керек.

Көз көрмес замандар мен орта ғасырларға көрнекі мысалдар аздау. Сондықтан қағаз насихаттың XX ғасырдағы үлгілерін шолып өтсек.

Сүйтсек, қысқа да нұсқа, тап сол уақытта – сай-сүйегіңді сырқырататындай қисынды үгіт-насихат парақшаларын немістерден көреміз. Міне бірі:

 

Енді қараңыз: сіз жаудан шегініп қашып келе жатырсыз. Әбден болдырдыңыз. Оның үстіне, советтердің жіберген әдістемелік қатесі бар: олар - қашсаң өлетініңді әлдеқашан айтып қойған. Ал мыналар – ғұмыр дейді. Салқын сананың қаншалықты далбаса екенін біз Бауыржан Момышұлынан білеміз. Санада «Советтер-өлім, немістер-өмір» деген теңдік пайда болады. Есі дұрыс адамның мұның қайсысын таңдайтынын да Бауыржан Момышұлынан жақсы білеміз. Әрі кеткенде, «бүгін атылғанша, бақ сынап көрейін» дейсіз. Бұл парақшалардың пайдасын айтар болсақ - кем дегенде 18 мыңға жуық өз еркімен берілген қызыл әскер. Өте-мөте үлкен пайда.

Шабуылдаушылар үшін әскерден бөтен, жергілікті халықтың да ымырашылдығы өте-мөте маңызды болған. XX ғасыр соғысында артынан бүкіл мал-қораны ертіп жүру деген жоқ. Жаулаған жеріңде тамақтануың керек. Ол тамақты жергіліктілер тауып, пісіріп беріп отырса – тіпті жақсы. Ендеше неліктен қазірден бастап қамданбасқа?

Бұл парақшалар украин, беларусь майдандарындағы тылдағы ауыл-кенттерге ұдайы лақтырылып отырған. Логикалық тұыжырымдар мен тіл майдалығы неміс насихатшыларының жергілікті саяси-психологиялық, тұрмыстық ахуалды өте-мөте жақсы зерттегеніне меңзейді. Айталық украин ормандарындағы парақшалар жергілікті халықтың осал тұсы – «жөйіт мәселесін» сапырады. Тап сол уақытта, парақшада ұзыннан сонар мәтін емес, мұжық тез қорыта қоятын екі ауыз сөз. Нәтижесі де керемет: немістер жақындағанда тұтастай немесе жартылай өз еріктерімен берілген ауыл-кенттер, немесе колхоз төрағасын әлдеқашан өз беттерінше тайдырып, неміс әскерлерін құшақ жая қарсы алған жәйттер көп-ақ.

Жалпы насихат мәтінін дайындау осы соғыстан кейін үлкен ілім болып бөлініп шыққан болса, таң қалдуың керегі жоқ. Әлем барлау ұйымдарында мұнымен диверсия және дискредитация, саботаж бөлімдері айналысуы мүмкін. Ең сорақысы, кейбір әдістемелік айла-шарғылар ("логикалық бомбалар", "абсурдқа келтіру арқылы дәлелдеу") қазірде бейбіт күндері де пайдаланылатын сияқты. Ол туралы әңгімеміздің келесі бөлімінде айтамыз.

(Жалғасы бар)

Ереке БАЗАРҚҰЛ

Сұхбат

PhotoRoom