"Нұр Отан" партиясының делегациясы іс-сапармен Қытай елінде жүр. Үш күндік ресми сапардың алғашқы күні партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің халықаралық бөлім басшыларымен кездесті.
Жүздесудің жоғары деңгейде өткенін хабарлаған журналист Нұрбек Бекен Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына былай деп жазды:
"Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары Асқар Мырзахметов Қытай Халық Респубикасындағы келiссөздердi мемлекеттiк тiлде жүргiзуде. Қытай тарапы делегация басшысының қазақ тiлiнде сөйлегенiне басында аңтарылып қалды. Яғни, бұлай боларын күтпесе керек. Оны Қытай коммунистiк партиясы Орталық комитетiнiң Халықаралық бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары Чжоу Ли мырзаның таңқалысынан байқадық. Осыдан кейiн-ақ екiжақты әңгiме жарасып сала бердi. Бұдан кейiнгi кездесулердiң барлығында да Аспан асты елi өкiлдерiнiң Ұлы Дала ұрпақтарының ана тiлдерiне деген құрметiн аңғару қиын емес едi. Жалпы, екiжақты келiссөздер жоғары деңгейде өтуде.
Әрине, қазақтың қазақша мәміле жүргізгеніне таңғалудың реті жоқ. Десе де елді біріктірудегі ролі айырықша әрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын саяси күштің мұндай қадамы көпшілікті қуантпай қоймады. Әлеуметтік желідегі белсенді қолданушылар мен блогерлер өте жақсы қабылдап, бірінен бірі бөлісуде.
«Нұр Отан» – ішкі саясатынан бөлек, сыртқы саясатын да жолға қойған жалғыз партия. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың маусым айында қазақстандық «Нұр Отан» партиясы мен ресейлік «Единая Россия» өзара іс-қимыл мен әріптестік туралы келісім бекіткен болатын.