Биыл Қазақстан Республикасы Тілдер туралы заңның қабылданғанына 26 жыл толып отыр. Осы заңмен ресми мәртебесі Мемлекеттік тіл деп бекітілген қазақ тілінің бүгінгі жағдайы «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті отырысында талқыланды. Аталмыш іс-шара қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрін дамыту мәселелеріне айрықша басымдық беретін «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті.
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастар» тақырыбындағы отырысы болып өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының Кеңесшісі Берік Құрманғали, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті Электронды БАҚ департаментінің бас сарапшысы Меруерт Құмарова, саясаттанушы Ерлан Сайыров, мәдениеттанушы Серік Ерғали, блогер Өркен Кенжебек, журналист Қанат Әуесбай және тағы басқа журналистер мен сарапшылар қатысты.
Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына арнайы бап болып енгізілген тіл мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызы зор екені сөзсіз. Әсіресе идеологиялық тетік – бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың ел бірлігі мен қоғам тұтастығын сақтау және одан әрі нығайту мәселесіндегі орны ерекше.
Б.Құрманғали өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесін әрдайым назарында ұстап, осы саладағы олқылықтардың орнын толтыру шараларын іске асырып келе жатқанына тоқталды. Саяси Доктринасына сай партияның бүгінде ұлттық өнер мен мәдениетті ұлықтауға арналған шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп отырғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ ол Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тілдік қатынастардың ел бірлігін нығайтудағы рөлі және қоғамдық пікір қалыптастырудағы қазақ тілінің ықпалы жайлы баяндады.
Интеллектуалды клубтың отырысына қатысушылар мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы жайында ойларын ортаға салып, телеарналардағы мемлекеттік тілдің үлесі 50 пайыздан кем болмауы қағидасының орындалуы, интернет ресурстарындағы тілдік қатынастардың жай-күйі, әлеуметтік желілерде қоғамдық пікірдің қай тілде қалыптасып отырғаны сияқты мәселелерге қатысты пікірлерін білдірді.
Мәселен, «Нұр Медиа» холдингіне қарасты интернет ресурс жетекшісі Ерлан Оспан BBC тренингтік мектебі негізінде Қазмедиа орталығында медиа-тренерлерді даярлайтын орталық ашу мәселесін көтерді. «Бұл БАҚ аясындағы және қазконтенттегі қазіргі қазақ тілінің сауатсыз қолдану мәселесін шешеді»,- деді ол.
М. Құмарова өз кезегінде қазіргі таңдағы баспасөз беттеріндегі қазақ тілінің үлесін атап өтті. С. Ерғали қоғамда тілдік ортаны қалыптастырған жағдайда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтерілетінін тілге тиек етсе, Ө. Кенжебектің ойынша, әлеуметтік желілердегі трендтік тақырыптарды көтеруде қазақ тілді блогерлер мен сарапшылар белсенділік көрсетуі қажет.
Жиын барысында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты басқа да өзекті ұсыныс-пікірлер айтылды.