Қазақ жерінде мәдениет, жазу-сызу болмаған деуді әдетке айналдырған ресейлік кейбір саясаткерлер біздің қағаз болмаса тасқа қашап жазып, сурет салғанымызды білмесе керек. Түркілердің жазу мәдениетіне мыңжылдықтар куә. Оған тарихи деректер де аз емес. ҚР Парламентінің шешімімен 18 мамырдың «Түркі жазуы күні» болып белгіленуіне орай Түркі академиясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өтіп жатқан халықаралық басқосуда Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей құрамындағы Татарстан мен Башқұртстан және басқа да түркі тілдес елдерден келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері түркі жаузының келешегі, оның саяси және ғылыми мәнін сөз етіп, түркі дүниесінің ортақ тарихын теориялық және методикалық тұрғыда талқылағандай болды.
[gallery link="file" ids="741,742,743"]
Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі форум модераторы ретінде алыстан жеткен қонақтарға алғыс білдіріп, көне жазудың қасиетіне тоқтала кетті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Үкіметі атынан форум жұмысына сәттілік тілеп, түркітілдес мемлекеттерден жеткен қатысушы ғалымдарға ризашылығын білдірді. «Астана бүгінде жалпы түркілік интеграцияның үйлестірушісі әрі қуатты қозғаушы орталығына айналып отыр. Тек соңғы жылдардың өзінде түбі бір түркі жұртының ынтымағын нығайтуға бағытталған бірқатар халықаралық басқосулардың ұйытқысы болды. Президентіміздің бастамасымен шаңырақ көтерген Түркі академиясының Астанада құрылуының да үлкен символдық мәні бар. Түркі академиясы өткізіп отырған бұл форум бүгінгі таңда рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық салалардағы Еуразиялық интеграцияның ауқымының кеңейіп, шапшаң дамуына қызмет етеді деп білемін. Түркі жұртының төл жазуының болғаны бүгінгі біздер үшін биік мерей. Себебі, тасқа қашалып жазылған ата-бабаларымыздың аманат сөздерінен, өсиет-тілектерінен біз тарихымызды танып қана қоймай, болашағымызды да бағалай аламыз. Сол бай мұрамыз арқылы өскелең ұрпақты патриоттық, елдік рухта тәрбиелеп өсіруге мүмкіндік аламыз»,-деді Г. Әбдіхалықова
Түркі дүниесінің бірлігі мен бірігуінің, мәдениеті мен руханиятының тұтастығын дамытуда көшбасшы болып келе жатқан Елбасымыздың еңбегін ерекше атап өткен Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тек Қазақстанның ғана емес күллі түркі дүниесінің тегеурінді тұлғасы ретінде танылып отырғаны хақ. Оның жарқын айғағы, Ыстамбұлдағы Түркі кеңесі, Анкарадағы ТҮРКСОЙ, Бакудегі ТүркПА, Астанадағы Түркі академиясы және Ақсақалдар кеңесі сияқты халықаралық ұйымдардың барлығы да ҚР Президентінің бастамасымен құрылған. Сондықтан Елбасымыз Түркі дүниесінің көшбасшысы ретінде танылып отыр»,-деді.
Әзірбайжаннан келген ғалымдар түркіге ортақ дүниенің көптігін, әлі де зерттелмей жатқан дүниелер барын ашып айтса, қырғыз зерттеушілері сол ортақ дүниені әр ұлттың өзіне тартқысы келетіні қынжылтатынын жеткізді. Олардың айтуынша, біз қазір жұлмалап тастағанымызбен, тарих бізді кешірмейді, болашақ ұрпақтың алдында сын болады дейді. Басқосуда Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов бастаған бірқатар қазақ зиялылары да ойларымен бөлісті.
Былтыр Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлыттық университетінде Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен аталған комитеттің көшпелі отырысы өтіп, «Түркі жазуы» күнін бекіту талқыланған болатын. Жиынға қатысушылар Күлтегін мүсіні көшірмесінің Моңғолиядан Қазақ жеріне жеткізіліп, Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне орнатылған 18 мамырды Түркі жазуы (Руна-сына) күні ретінде белгілеген болатын.
Алдағы уақытта Түркі Кеңесіне мүше бауырлас елдер бұл мерекені өз мемлекеттерінде де атап өтеріне сенеміз. Ғалымдар «Түркі жазуы: өткені, бүгіні және болашағы», «Ортақ тарих: теориялық-методолгиялық мәселелері» атты секциялар бойынша баяндамалар жасап, пікір алмасты. Форум аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Түркі академиясы шығарған еңбектердің таныстырылымы өтті. Ертең яғни, форумның екінші күні Түркі академиясы Ресей ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығымен меморандумға қол қойып, мәдени іс-шаралармен қорытындыланады. Форум соңында арнайы қарар қабылдану жоспарланған.
Асыл ҚАРАШ, арнайы saigez.kz сайты үшін