Қазақ жауынгерлерінің аз қолымен жаудың сан мыңдаған әскерін соғыстың керемет әдіс-тәсілін қолдану арқылы жеңіліске ұшыратқан тарихтағы ең шешуші шайқастардың бірі қазіргі Алматы облысының Панфилов ауданы Орбұлақ түбінде болғандығы тарихта жазылған.
Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында осынау тарихи естелікті жаңғырту мақсатында Талдықорған қаласының ипподромында 100 атты және 500 жаяу әскер кейпіндегі кәсіби қазақстандық каскадерлердің қатысуымен 3 бөлімнен тұратын тарихи қойылым көрсетілді.
Осынау ауқымды шара барысында қонақтар мен көрермендердің назарына көптеген ойын-сауықтар ұсынылды. Бірінен бірі өткен алуан түрлі бағдарламаны тамашалағандардың санында шек болмады. Осы күні қазақ тарихының қайта құрылуынан, салт-дәстүрінен түрлі қойылымдар көрсетіліп, садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі, ұлттық спорт түрлерінен (қазақша күрес, бұқа тартыс, асық ату, қол күрестен) жарыстар, кәуап және күріш, бауырсақ пати және қымыз фестивальдері, ұлттық әшекей бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарындағы қару-жарақтар мен техникалар көрмесі, интерактивті аулалар, қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары және басқа да түрлі шаралар ұйымдастырылды. Осы күні ежелгі батырлардың киім-кешектерін киген жігіттердің сән көрсетілімі де көпшіліктің назарын өзіне аударды.
Орбұлақ шайқасы - қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр қонтайшы арасындағы шайқас.
Осы шараны өткізу арқылы Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Халық тарих ағымында», «Қазақстан-2050», «Мәңгілік Ел» стратегиясын іске асыру, қазақ тарихы мен салт-дәстүрін еске түсіру арқылы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухын көтеру, азаматтардың рухани және адамгершілік құндылықтарын, ұлттық мәдени дәстүрлерін насихаттау, мәдениетаралық, этникаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіру болып табылады.
Шараға арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде:
«Елім, жерім, халқым деп жаны күйзеліп, елінің ертеңіне алаңдап, бабаларымыз бірлікке ұмтылды, намысқа шапты. Ұлтының ұйытқысы болған хандар, қол бастаған батырлар, дуалы ауыз шешендер, билер тарих сахнасына шықты.
Бұланты, Білеуті, Шұбартеңіз, Аягөз, Түркістан, Аңырақайда өткен шайқастарда қазақ халқы шынығып, шыңдалды, бірлігі нығайды.
Сондай ерекше оқиғаның бірі, елдік пен ерлік сынға түскен - «Орбұлақ шайқасы».
Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті.
Шайқаста Самарқаннан Жалаңтөс батырдың 20 мың сарбазы көмекке келген соң, 10 мыңбасқыншының көзін жойды.
Бүгінгі шараның негізгі мақсаты - Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай,әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ», - деп атап өтті.
Ашық аспан астында өткен осынау шара - адамдардың тарихты еске түсірулеріне, бойында ел сүйгіштік рухын көтеруге, өзін-өзі дамытуына, шығармашылықпен айналысуына және көпшілікпен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік туғызды.
Қолөнер шеберлері зергерлік бұйымдары адамдардың қызуғушылығын тудырды. Ал өзгелері Орбұлақ шайқасында өздерінің ерекше батырлығымен көзге түскен батырлардың және тарихи тастарда қашалып қалған мүсіндердің жанында, этникалық стильдегі орнатылған подиумдардың жанында естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.
Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген осы бір шара «Тиграхауд» этникалық әуен тобы мен И.Ескендірдің орындауындағы концерттік бағдарламамен өз соңына жетті.
Бұл шараның көпке дейін қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қалары сөзсіз. Осылайша, Талдықорғанда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шара өзінің ауқымдылығымен, алуан түрлілігімен және танымдылығымен ерекшеленді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.