Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық іс-шаралар аясында Тараз қаласы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясын қорытындылау бойынша Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Аталмыш іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Қазақ ұлттық өнер университеті Қорқыт Ата мұрасын зерделеу бойынша ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚХА мүшелері, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Қазақстан мен ТМД елдерінің көрнекті тарихшылары, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА экспедициясының мүшелері, жастар қатысады.
Форум аясында ҚХА «Экспедиция қатысушыларының жазбалары» атты күнделіктер мен бірегей мұрағаттық құжаттар салтанатты түрде табысталып, ҚХА ғылыми сараптамалық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Георгий Кан мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков өткізетін ҚХА-ның «Ұлы дала тарихы» ғылыми зерттеуінің таныстырылымы болады.
Форум қорытындысы ретінде оның қатысушыларының Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа арнаған үндеуі қабылданады.
Сағат 14.00-тен 15.00-ке дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің холлында ҚХА экспедициясының қорытындысына арналған «Қазақ Елі тарихы» көрмесі форум қатысушыларының назарына ұсынылады.
8 қазанда сағат 11.30-да М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғимаратында БАҚ өкілдеріне арналған «Ұлы Дала Елі» халықаралық форумы туралы» баспасөз конференциясы өтеді. Конференция спикерлері: ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі, саясат ғылымдарының докторы Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Қазақ ұлттық университеті Қорқыт мұрасын зерттеу ғылыми орталығының директоры, ҚХА Кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор - Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры - Наталья Калашникова.
Еске сала кетейік, «100 қадам» Ұлт жоспарының ережелерін іске асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы серіктестермен бірлесе отырып, «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды.
Экспедиция 2015 жылғы 11 қыркүйекте үш қалада - Астана, Ақтау, Павлодар қалаларында бір мезгілде бастау алып, 2015 жылғы 9 қазанда Тараз қаласында қорытындыланады.