Астана-Вильнюс тұрақты әуе бағыты ашылуы мүмкін

Жаңалықтар
07.10.2015, 09:29

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Литва Республикасынының елордасына ресми сапарымен келді. Бүгін елорда басшысы қалалық әкімшілігінің ғимаратында Вильнюстің мэрі Ремигиюс Шимашюспен кездесіп, екі жақты тиімді ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

«Астана мен Вильнюс өзара қарым-қатынас бұрыннан орнаған және біз екі қала арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз», - деді елорда әкімі.

Ә.Жақсыбеков Қазақстан астанасы үшін жүзеге асыру тәжірибесі жағынан тартымды болып көрінген Литваның кейбір бизнес жобаларымен танысып үлгерді. Әкімнің сөзінше, бүгінгі күні Астана қаласы үшін маңызды мәселелердің бірі - автотұрақты ұйымдастыру мәселесі.

Вильнюс қаласының мэрі Миландағы қазақстандық ЭКСПО павильонының танымалдығын ерекше атап өтіп, туризм саласы бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне тоқталды. Ә.Жақсыбеков алда өтетін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада жүргізіліп жатқан ірі құрылыс жобалары мен дайындықтар туралы баяндап, Вильнюс әкімшілігі 2017 жылы Астанада өтетін маңызды шараға ақпараттық қолдау жасайтынына сенім білдірді. Бұл тарапта Астана қаласындағы Вильнюстің мәдениет күндері мен көрме өтетін уақытта ұйымдастырылатын арнайы чартерлік рейстер де өз септігін тигізе алады. Р.Шимашюстің тарапынан Астана-Вильнюс арасындағы тұрақты әуе бағытын ашу ұсынысы айтылды.

Литвалық әріптестер Қазақстан делегациясы таныстырған инвестициялық жобалар мен қазақ елі жас астанасының шетелдік инвесторларына беретін үлкен мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Ә.Жақсыбеков Вильнюс бизнес қоғамы өкілдерін елорданың инвестициялық әлеуетімен толыққанды танысу үшін 28-30 қазанда Тәуелсіздік сарайында өтетін «Astana Invest-2015» VI  халықаралық инвестициялық форумға қатысуға шақырды.

Сондай-ақ кездесуде қала құрылысының маңызды сұрақтары талқыланды. Ә.Жақсыбеков Қазақстан астанасы құрылысының негізгі кезеңдеріне тоқталып, Астананың мемлекет экономикасы үшін маңыздылығын айтты.

«Құрылымдық ынтымақтастық біздің азаматтарымыз үшін екі ел арасындағы мәдениет пен өнерді жақын тануға септігін тигізетініне сенімім мол. Икемді әрекет етсек, бұл өз кезегінде екі астананың экономикасын дамытуға қозғаушы күш бола алады», - деді Ә.Жақсыбеков.

Қала басшылары Астана мен Вильнюс арасында 2000 жылы бекітілген сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар Келісімі негізінде ортақ жобаларды одан әрі дамытуға келісті.

Сұхбат

PhotoRoom