Қазақ тілі - арзан саяси құрал емес

Сараптама
07.10.2015, 17:44

Мемлекеттік тіл мәселесін айтпаған саясаткер, жырламаған ақын, талқыламаған төртбұрыш, бесбұрыш, дөңгелек үстелдер қалмаған шығар. Бірақ әлі де экономиканың, ғылымның тіліне айнала алмай жатқаны жасырын емес. Оған билікті кінәлай бермей, қазақ тілінде ғылыми жаңалық ашып жатпаған қазақша ойлайтын азаматтарға да сын ретінде айтқан жөн.

Мемлекеттік органдар қазақ тілінде іс-қағаздарды қолға алғанын ауыз толтыра айтып жүр. Алайда, оның қосарланған аударма тілі боп жүргенін бәріміз жақсы білеміз. Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысының орынбасары болған аз уақытта Премьер-министр канцелерясының жұмыс тілін қазақыландыруды бастап кеткен деседі. Дариға Назарбаева ол жұмысты қарқынды түрде жалғастырады деген сенім бар. Әрине, оған біраз уақыттан кейін баға беріледі.

Қыркүйек айының соңында Қытайға сапарлап барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жергілікті коммунистік партия басшылығымен қазақ тілінде келіссөз жүргізгенін жүздесуді көзбен көрген журналистер жазды да. Мырзахметовтың бастамасын халық қызу қолдады. «Нұр Отан» партиясы қазір іс қағаздарға келгенде қазақ тілін аударма үшін емес, нақты жұмыс тіліне айналдырды.

Ең бастысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында мемлекеттік тілімізде баяндама жасап, әлемдік ұйымды дамытуға қатысты, ғаламдық тұтастықты арттыру туралы құнды ой-пікірлерін қазақ тілінде ортаға салғанына қуанбаған қазақ қалмады. «Мен әдейі солай істедім, өзгелерге үлгі болсын» дегенін шенеуніктерді қайдам, қарапайым халық, дауыс беруші электорат БҰҰ бас ғимаратында аудармашы табылғанша Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапжылмай күтіп отырған кезінде түсінген.

Бүгін «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына қазақ тілінің жай-күйі жайлы депутаттық сауал жолдады. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуына қатысты есеп сұрайтынын айтқан ол «бұған мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, әр қазақстандық өз үлесін қосуғаміндетті. Әсіресе,  БҰҰ-ның Қазақстандық үлгісі аталып жүрген Қазақстан Халқы Ассамблеясы өзін көрсететін кез келді. Осылайша Елбасы бастамасын Қазақстандық Ассамблеямыз жалғастырып, Президентіміз  айтқандай, “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің  басты факторы” екенін іспен дәлелдейді деген сенімдеміз» деді.

Қазақ тіліне қатысты мәселеде қатқан сең жібігендей сыңай танытып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылар арасында бұны алда келе жатқан сайлау алдындағы PR деп баға бергендер де бар. Ал біз оның сайлауалды акция ғана екеніне сенгіміз келмейді. Себебі қазақ тілі - арзан саяси құрал емес.

Сұхбат

PhotoRoom