Қазақ хандығына 550 жыл: Президент сөзі

Жаңалықтар
08.10.2015, 17:45

Қазақстан Президенті рәсім аясында монумент тұғырына гүл қойып, құттықтау сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы барша халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, Астанадан басталып, Таразда жалғасын тапқан мерекелік шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Өткен тарихымызды зерттеп, мәлімет жинау үшін тәуелсіздік жылдарында әлемнің түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырылды. Біздің тарихымыз бастауын сақ, ғұн, түркілерден алып, Керей мен Жәнібек хандардың Шу алабына көшіп, Қазақ хандығының туын көтеруімен жалғасады. Біз бұл мерекені тарихымыздың терең екендігін бүкіл әлемге таныту үшін, өскелең ұрпаққа жеткізу үшін өткізіп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті.

Мерекеге орай Тараз қаласының да келбеті жаңарды. Бұған Қазақстанның барлық облысы атсалысты, сол үшін оларға алғыс білдіреміз. Осының бәрі – ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығының, Ұлы Дала тарихына тағзымының нышаны. 17 елден келген қонақтарға алғыс айтамын,  – деді Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті Жамбыл облысының қарқынды дамып келе жатқанына да назар аударды.

Биыл 170 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан бері 7 мектеп, 3 балабақша, аурухана пайдалануға берілді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 нысан іске қосылды, екінші өнеркәсіптік бесжылдықта 27 нысанды іске қосып, 6 000 жұмыс орнын ашу қарастырылған.  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасы» аяқталып келеді. Осы қала арқылы теміржол, газ құбыры өтеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда. Жамбыл облысы еліміздің басқа да өңірлері сияқты өз дамуы жолында жаңа биіктерге жететін болады. Біз табыстарымыз арқылы әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу ниетіндеміз, бұл «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» және индустрияландыру бағдарламалары, сондай-ақ Бес институционалдық реформа да еліміздің болашағына жол ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Жамбыл облысында 100-ден аса этнос өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп жатқанын айтты.

 Біз кез келген мерекені халыққа көбірек игілік жасау үшін пайдаланамыз. Әлемде тұрақсыздық, қақтығыстар мен соғыстар болып жатыр, ал біздің елде бәрі тату әрі өзара сыйластық негізінде өмір сүруде. Қазақстанды әлемнің өзге елдері біледі, құрметтейді. Еліміз қақтығыстарды шешу ісінде арағайындық жасап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізіп келеді. Осының бәріне халқымыздың бірлігі арқасында қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы көпшілікті тағы да құттықтап, игілік пен бақ-береке, сондай-ақ елімізге тыныштық пен бейбітшілік тіледі.

Монументті ашу рәсіміне 5000-ға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

Сұхбат

PhotoRoom