Мемлекеттік мұрағаттарда электронды құжаттарды сақтайтын технологиялар жоқ

Жаңалықтар
09.10.2015, 12:48

Мемлекеттік мұрағаттарда электронды құжаттарды сақтайтын технологиялар жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық мұрағатында өткен жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның мұрағаттары елдің өмірінен сыр шертетін тарихи құнды жәдігерлермен толықтырылып жатыр. Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Мысыр және тағы басқа мемлекеттерден тарихи құжаттар жеткізілді. Сонымен қатар бүгін біз мұрағат ісіндегі  бірқатар жүйелі мәселелерді талқылауымыз шарт. Атап айтқанда, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық жоспардың 4 реформасы бойынша, қазақстандық тарихи ғылымның мұрағат көздерін анықтау, зерттеу, толықтыру жөнінде жүйелі істер атқаруымыз керек. Осы мақсатта алыс және жақын шет мемлекеттердің жетекші мұрағаттарымен, университеттерімен, зерттеу институттарымен кең форматта әріптестікті тереңдете түсу қажет», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Оның айтуынша, ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялар мемлекет өмірінің барлық саласына дендеп еніп жатыр, дегенмен елдегі мұрағаттар ақпараттық технология бойынша артта қалып келеді.

«Мұрағаттардың дені электронды құжатты қабылдауға толық дайын емес. Олардың көбі электронды мәліметтерді сақтайтын қажетті жабдықтардан да тапшылық көруде. Бұл өз кезегінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету кезінде және мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттарды кәдеге жарату барысында едәуір қиындықтар туғызады», - деді ол.

Г.Әбдіхалықова, сонымен қатар өңірлердің ақпараттарын бір орталықта қарауға болатындай бірыңғай базаның жоқтығына да назар аударды.

«Ұлттық мұрағат, әрине үздік мұрағаттардың бірі. Алайда облыстарда да көптеген құжаттарымыз жатыр, біз оны бір жерден көру мүмкіндігіне қол жеткізе алмай келеміз. Қазақстанда құжаттарды микро, фотокөшіру және материалдарды қалпына келтіру бойынша жалғыз орталық зертхана әлі күнге дейін 1959-1975 жылдардағы технологияны қолдануда. Қазақстандық мұрағаттарда қазіргі заманғы ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізілмей жатыр», - деп түйді ойын Г.Әбдіхалықова.

Сұхбат

PhotoRoom