Назарбаев Порошенкомен кездесті

Жаңалықтар
09.10.2015, 16:25

Кездесу барысында сауда-экономика, көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.

Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер жөнінде, соның ішінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал мен Минск уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев П.Порошенконың елімізге алғашқы ресми сапарына ілтипат білдіре отырып, бұл экономикалық ынтымақтастықты жақсартуға, өңірлік және халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдарды екшеуге ықпал ететінін айтты.

Украина Президенті өз кезегінде Қазақстанға сапарлап келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, екі елдің арасында көптеген саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік байланыстар орныққанын атап өтті.

Украина көшбасысы түрлі бағыттар бойынша жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін де айтты.

П.Порошенко Қазақстан Президентінің Украинадағы бейбітшілікті сақтау үшін жұмсап отырған күш-жігерін жоғары бағалады.

Украина Президенті сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, мемлекеттіліктің нышаны болып саналатын, еліміздің тарихи тамырының тереңдігін көрсететін мерейтойдың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан кейін Украина Президенті Петр Порошенконың Қазақстанға ресми сапары аясында кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті

Кездесу барысында Елбасы Қазақстан мен Украинаны достық және өзара құрметке негізделген тығыз тарихи қарым-қатынастар байланыстыратынына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бүгінде тегі украин 300 мыңнан астам азамат тұрып жатқанына, олар біздің қоғамның бөлінбес бөлшегі ретінде еліміздің дамуына зор үлес қосып отырғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ мейлінше өзекті саяси және экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланған шағын құрамдағы кездесудің нәтижелі болғанын айтты.

Көптеген мәселелер жөнінде бізде толық түсіністік бар. Мемлекетаралық комиссияның алдағы отырысы барысында барлық негізгі бағыттар егжей-тегжейлі пысықталады. Бүгінгі бизнес форум да іскер топтарымыздың арасындағы ынтымақтастыққа өз үлесін қосатын болады. Қазір обьективті себептерге байланысты тауар айналымының төмендегеніне қарамастан, біз ынтымақтастығымызды бұдан әрі де нығайта түсу үшін мүмкіндіктер тауып отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Украина Президенті өз кезегінде тарихи оқиға – Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленіп жатқан кезде сапарлап келуге шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. П.Порошенко бүгін өткен келіссөздер сауда-экономикалық, гуманитарлық және саяси серіктестікті жандандыруға септігін тигізетініне де сенім білдірді.

– Мен Сізге елдеріміздің арасындағы сенімге, өзара құрметке негізделген саяси диалогты дамытуға деген ниетіңіз үшін ризамын. Біз Қазақстан мен Украина қарым-қатынастарының әлеуетін іске асыруға тиіс екенімізге сенімдімін. Қазақстанның іргелі халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанатындығы, сондай-ақ Сіздің елдің халықаралық ұйымдарда жоғары рөл атқарып отырғаны мен үшін және бүкіл украин халқы үшін аса маңызды, – деп атап өтті Украина Президенті.

Сұхбат

PhotoRoom