Бүгін Елбасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады. Кездесу барысында А.Сәрінжіпов Мемлекет басшысына білім беру жүйесінің дамуы және жаңа оқу жылына орай жүргізілген дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы дағдарысқа және бюджет шығыстарын азайтудың мәжбүрліктен туған шараларына қарамастан, білім беру саласына бөлінетін қаражаттың қысқартылмайтынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі мекемелер инфрақұрылымын мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі негізінде дамыту қажеттігін де атап көрсетті.
Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін көтерудің және еңбекақы өсімін оның біліктілік деңгейімен сәйкестендірудің маңыздылығын айтты.
Қазақстан Президенті орта білім саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізіндегі жаңартылған білім беру үдерісіне көшкен жөн екеніне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев кадр даярлау мәселесіне жұмыс берушінің араласу аясын кеңейту мәселесін техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі бағыты ретінде атап өтті. Сонымен қатар ғылым саласындағы зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу ісіне ден қойылу керектігі айтылды.
А.Сәрінжіпов оқу үдерісін ұйымдастырудың қазіргі ахуалы жөнінде баяндап берді.
Биыл елде 7,5 мыңнан астам мектеп 2,6 миллион оқушыға есігін ашты. Бірінші сыныпқа 345 мың оқушы барды, бұл былтырғы оқу жылына қарағанда 15 мыңға артық. 2015 жылы 173 мектеп пайдалануға берілді, 250 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Барлық мектеп оқулықпен қамтамасыз етілді, – деді білім және ғылым министрі.
А.Сәрінжіпов балалардың мектепке дейінгі білім беру бағдарламасымен қамтылуы 84 пайызға жеткенін, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 30 пайыз болғанын айтты.
Сондай-ақ педагогтардың білімін жетілдіру және экономика үшін қажетті мамандар даярлау мәселесі де қарастырылды.
Соңғы екі жылда 123 мың мұғалім түрлі білім жетілдіру курстарынан өтті. Биылдан бастап озық 10 колледж бен 10 жоғары оқу орнында мақсатты түрде индустрияландыру бағдарламасы үшін кадр даярлау ісі қолға алынды, – деді А.Сәрінжіпов.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.