Шаһардың шырайын келтірген тарихи кешеннің ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов сөз алып, Үкімет пен Парламент атынан құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов пен облыс әкімі Б. Атамқұлов осынау этно-мәдени, тарихи ошақтың ашылып отырғандығы рухани құндылықтарымызды дәріптеуде мағынасы терең екендігін ерекше атап өтті.
– Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ретінде Астана мен Алматы қалаларымен қатар, Шымкент қаласын да атап көрсеткен болатын. Бұл қалалар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналып, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетуі тиіс деген талаптар қойылған. Бұл орайда қаймағы бұзылмаған қазыналы өңірде жаңадан ашылған бұл кешен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өз септігін тигізетіні сөзсіз, – деді А. Мырзахметов.
Мәртебелі меймандар Оңтүстік өңірдегі бұл мәдени нысан Елбасының «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» идеяларымен үндесіп жатқандығына айрықша тоқталды. Сонымен бірге бұл кешен Елбасы тапсырмасымен Шымкент қаласының үшінші мегаполиске айналдыруға да өз үлесін қосатындығына сенім білдірді.
Айта кету керек, тұсауы кесіліп отырған «Қазына» этно-тарихи кешені Шымкент қаласының жалпы аумағы 76,4 гектар жерінде орналасқан. Этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Осылайша бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір заманауи демалыс орнына айналып отыр.
Этно-тарихи кешен аумағында сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш бой түзеді. Биіктігі 15 метрлік монумент қазақ ою-өрнектерімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Монумент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барелъефті композициясы және Тұңғыш Президенттің сөздері бедерленген.
Бұл жерде сонымен бірге ұзындығы 50 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын тарихи ескерткіштердің бірі – «Ұлы жібек жолы» сәулеттік-композициясы. Ұлы жібек жолының Қазақстан жерін кесіп өтетін тұсында VI ғасырдан бастап Қытайдан басталып, Шығыс Түркістан Қашғар арқылы Жетісуға, содан Сырдарияны жағалап, Арал маңынан әрі қарай Батыс елдеріне өткен. Сәулеттік-композиция оңтүстік өңірдегі Сауран, Яссы, Отырар, Исфиджаб және т.б. көне қалалар арқылы өткен сауда-керуендік жол бағытын сипаттайды.
Сонымен бірге Тоныкөк, Яссауи, Фараби ғасырларынан кейінгі 19-20 ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған «Даналар өсиеті» де бар бұл жерде. Бабаларымыздың көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие беретін өсиеттері, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, саябақ төрінен орын алуда.
Көлемді аумағы бар «Наурыз» алаңы қазақша өрнекпен төселген кілем іспеттес, оның аумағында «Ауылым – алтын бесігім», «Туған жерім тұғырым» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» секілді сәулеттік-декоративтік композицялар орнатылған.
Ұлттық спорт ойындарынан жарыс өткізуге арналған Ипподром аумағы да осы жерде орналасқан. Шаһардың көркін ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс уақытын өткізуіне мүмкіндік беретін осындай мәдени кешендердің өңірлерде бой көтеріп жатқандығы – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы.