Сапар барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Өндіріс» индустриалды аймағының құрылысымен танысып, облыстық партия активімен алдағы жұмыс бағыттарын талқылады. Жұмыс сапары барысында өңірдегі партияның бастауыш ұйымы мүшелерімен де кездесу өткізілді.
Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында өткен жиынға облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясы мүшелері мен сарапшы топ жетекшілері, партия ардагерлері мен жасотандықтар, бейне–байланыс жүйесі арқылы аумақтық партия белсенділері мен бастауыш ұйымдарынан барлығы 400–ден аса нұротандықтар қатысты.
Партия белсенділерімен кездесу барысында А.Мырзахметов Орталық аппарат пен жергілікті филиалдарда соңғы екі айда жасалған жұмыстар жайлы хабарлады. Ең алдымен, партияның өңірлік филиалдар қызметін нығайту мақсатында Орталық аппараттың штаттық құрылымын оңтайландыру есебінен филиалдар қызметкерлерінің саны 43%-ға, яғни 358 адамға артқанын айтты. Сонымен бірге, Орталық аппаратта қаражат үнемдеу есебінен партияның аумақтық филиалдарына 134 штаттан тыс қызметкер алуға қаржы қарастырылғанын мәлімдеді. Бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту бағытында олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп, нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Кадрлық әлеуеті артқан филиалдардың жауапкершілік салмағы да еселенгенін жеткізді. Атап айтқанда, филиалдардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай нысаналы индикаторлар әзірленгендігін мәлім етті. Атқарылған жұмыстар осы индикаторлар бойынша бағамдалатынын қадап айтты. Орталық аппараттың инспекторлары ай сайын өңірлерге шығып, талдау жүргізбек. Оның қорытынды есебі беріліп, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы мен өңірлердің өзекті мәселелері жіті назарға алынбақ.
Жұмыс сапасын арттыру бағытында партия 27 регламенттеу құжаттың жобасын әзірлеуде. Соның ішінде, мәслихат депутаттығына партиядан үміткерлерді іріктеу критерийлерін қабылдау, қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жасау, кадрлық резерв, филиалдар жұмысын бағалау индикаторлары, филиалдардың Саяси Кеңестері Бюросы жұмысының типтік регламенті және құжат айналымын қысқарту жөніндегі ішкі нормативтік іс-қағаздар әзірленуде.
Елдегі жетекші саяси күш ретінде «Нұр Отан» қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына тиімді бақылауды қамтамасыз ету, осыған байланысты ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерге басымдық беріп отыр.
Осы орайда партия бюджет қаражатының барынша тиімді әрі сапалы жұмсалуы мәселесіне назар аударып, өңірлерде мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асып жатқан жұмыстарға қадағалауды күшейтуде. «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуына бақылауды күшейту мақсатында 2015-2016 жылдарға арналған шаралар белгіленіп, орындалуы бақылауға алынды. Бюджеттің және Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау үшін Мәжілістегі Фракция мен барлық деңгейдегі мәслихаттар жанында Комиссиялар құру жөніндегі ереже жобасы жасалды. Бақылау жүргізудің жаңа критерийлері жасалып, өңірлерден алынатын мәліметтерді біріздендіру жұмыстары қолға алынды.
Партия мен тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі жетілдіру бағытында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің белсенділігін арттырып, жұмысын жаңа деңгейге көтеру міндеттеліп отыр. Қоғамдық қабылдауларға халықтан түсіп жатқан арыз-шағымдар түпкілікті зерделеніп, онда айтылған мәселелер жан-жақты талданбақ. Тұрғындардың талап-тілегіне атүсті қарағандардың жауапкершілігі таразыланбақ. Сонымен қатар, 2016 жылы партия қатарын 100 мыңнан астам жаңа мүшемен толықтыру көзделуде.
Партия өз атынан сайланған барлық деңгейдегі депутаттардың әлеуетін толық пайдалану мәселесін де көтеріп отыр. Бұл жерде қоғамдық қабылдауларда азаматтардың көтеріп жатқан мәселелерін мәслихаттарда жергілікті билік органдарының, ал Парламентте орталық атқару органдарының есебін тыңдау жұмысы жолға қойылмақ.
Бұған қоса жергілікті жерлерде қарапайым халыққа қиындық тудырып, әлеуметтік-экономикалық өркендеуге кедергі болып жатқан мәселелер зерделеніп, партияның Мәжілістегі фракциясы арқылы заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі көтерілмек. Ол үшін өңірлік деңгейде азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелердің тізбегін айқындап, Орталық аппаратқа ұсыныс беру тапсырылды.
Сонымен қатар партияның Орталық аппараты қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жүргізудің ережесін әзірледі. Бұл өз кезегінде жергілікті жердегі жағдайларға жедел әрекет етуге және осыған қатысты жұмыстың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Партия филиалдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында партия Төрағасы Бірінші орынбасары мен өңірлік филиалдар төрағаларының арасында меморандумға қол қойылмақ. Бұл құжат нақты көрсеткіштер мен индикаторлар арқылы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруға, бюджеттің атқарылуына қоғамдық-партиялық бақылау жүргізуді қарастырады.
Партияның жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жоспарлары талданып, Жастар қанатының жұмысын практикалық тұрғыдан жүргізу мәселесіне көңіл бөлінбек.
Сондай-ақ, партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды да тарта отырып күшейтпек.
Жиында партияның жаңа медиа саясатын әзірлеу мәселесі де талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, БАҚ-та жаңа айдарлар мен бағдарламалар ашылмақ. Партия мен БАҚ арасында пікір алмасу алаңы құрылып, рухани құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобалар қолға алынбақ.
Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан «Өндіріс» индустриалды аймағының құрылысымен танысып, «Жолаушылар вагондарын жөндеу» кәсіпорнындағы бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесу өткізді. Облыста тіркелген 265 бастауыш партия ұйымдарының ішінде «Жолаушылар вагондарын жөндеу» зауытындағы ұйым үздіктердің қатарында. Еңбеккерлермен жүздескен А.Мырзахметов филиалдар мен БПҰ арасындағы жұмысты күшейту бағытында олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасын нығайту жұмыстары атқарылғанын айтты. «5700-ге жуық бастауыш партия ұйымдары - «Нұр Отанның» негізгі күші»,- деген А.Мырзахметов мұндай әлеуетті дұрыс пайдаланып, партия белсенділерін өңірлерде кездесетін көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне атсалысуға шақырды. Жыл соңында бастауыш партия ұйымдарының 1-ші республикалық форумын өткізу жоспарланғанын жеткізіп, ортақ мүддеге қызмет ететін бастамалар көтеруге үндеді.