«Сам» болған «замдардың» саяси ғұмыры неге келте?

Сараптама
28.05.2014, 13:33

Бізде Президент әкімшілігінің тізгінін ұстағандар ықпалды тұлғаға айналады. Ішкі саясатты ұйымдастыру өз алдына, елдегі беделді лауазым орындарына кадрлар тағайындауға араласады. Оны біз Президент әкімшілігіне жетекшісі ауыса қалса, көп ұзамай аймақ басшыларының басына әңгір таяқ ойнайтынын-ақ көріп жүрміз. Осы қызметке келгеніне көп уақыт өте қоймаған Нұрлан Нығматулин кеше Елбасының Жарлықтарын «қолтығына қыстырып» екі облыстың әкімдерін ауыстырып тастады. Екеуі де орынбасарлықтан өскен басшылар еді. Соңғы 2 жылда тәжірибеге енгізілген жаңа фигура тағайындау әдісі өз жемісін бермеді ме? Осыған үңіліп көрсек.

Бір күнде келіп, бір күнде кеткендер...

 

СҚО

Қазақстанда әлеуметтік-саяси лифт жоқ дегендерге Самат Ескендіровтің жүріп өткен жолы аргумент еді. Себебі ол еңбек жолын СҚО, Тайынша ауданындағы бұрынғы Димитров атындағы кеңшарда егіншілік бригадирінің техника жөніндегі көмекшісі болып бастаған. Ауылшаруашылығында бизнес жүргізген ол саяси карьерасын 2004 жылғы қарашадан 2007 жылғы сәуірге дейін Жамбыл ауданының әкімі қызметінен бастады. 2007 жылғы сәуірден 2007 жылғы қарашаға дейін – Қызылжар ауданының әкімі. 2007 жылғы қарашадан бастап – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2008 жылдан бастап – облыс әкімінің ауыл шаруашылығы және экономика мәселелері жөніндегі орынбасары. 2010 жылғы сәуірден 2011 жылғы қыркүйекке дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет етті. 2011 жылғы қыркүйектен 2013 жылғы қаңтарға дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. 2013 жылдың қаңтары мен 2014 жылдың мамыр аралығында Солтүстік Қазақстан облысын басқарды. Қысқа мерзім әкім болған Самат Ескендіровті қызметінен босатар кезде «Біршама олқылықтар, оның ішінде — қызметтік этикада шалағайлықтар жіберді. Айталық, бірқатар бағынышты қызметкерлері қателіктер жасап, құрылыс басқармасы басшысының, аудан әкімі орынбасарының үстінен қылмыстық істер қозғалды. Әкім осы себептерге байланысты отставкаға өтініш білдірді»,- деді Нығматулин.

 

Ақмола

С. Ескендіровпен бір күнде Ақмола облысына тағайындалған Қосман Айтмұхаметов те Петропавлдағы көршісімен бірге кетті. Екеуінің жүріп өткен жолдары да ұқсас. Кеңшарда еңбек жолын бастап, облыс әкімінің орынбасар, бірінші орынбасарына дейін көтеріліп 2013 жылдың қаңтарында әкімнің креслосына жайғасты. Аграрлы өңірге жауапты басшының саяси ғұмыры осылайша тым келте болды. Көкшеде мүмкіндіктер көп. Оны іске асыру Айтмұхаметовтің қолынан келді ме, жоқ па нақты айта алмас едік. Бағасын халық бере жатар. Қол астында қызмет еткен маманның пікірі мынандай.

Арман Бердалин, Ақмола облысының тілдерді дамыт басқармасының басшысы:

– Қосман Қайыртайұлы нағыз жұмыскер адам еді. Облыстың қай ауданы мен ауылы болмасын, қай мекемесі болмасын барлығының ішкі тынысымен етене таныс еді. Қорыта айтсақ сөздің емес, істің адамы.

 

 

Павлодар

Облыстың басшылығына жергілікті мемлекеттік университеттің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Арынды тағайындады. Білім ордасын басқарған тұсының өзінде солтүстік өңірде идеология саласына қатты көңіл бөлді. Атына қарап біздің қала дейтіндермен мәдениетті күрес жүргізді. Облыстық маңызды нысандар мен негізгі көшелерді қазақыландыру мәселесінде жеңіске жетті де. Ерлан Арыннан бұрын Павлодарды басқарғандардың жергілікті зауыттарда үлесі болған деп айтады. Өндірістік өңірге әкім болғандардың ішінде Ерлан Мұхтарұлы ең зиялысы еді. Ғалым адам халық басқара алмайды дегендер де болды. Алайда, оның саяси-экономиканың нағыз білгір маманы екенін көп ешкім біле бермейді. Павлодар әкімі ретінде қалай жұмыс істегенін көзбен көрген жергілікті зиялы қауым Е. Арынның басына қара бұлт үйірілгенде хат жазды, пікір білдірді. Құлақ асар біреу табылмай тұр. Өйткені саясат- ағаш ат. Морт сынады. Құрбандар міндетті түрде болады. Ерлан Арын – құрбан.

Басшы үшін 1,5 жыл аз уақыт емес. Алайда басшылықта бәлендей тәжірибесі жоқ әкімдер үшін бұл тым қысқа мерзім. Жаңа фигураларды сынау тәжірибесі сәтсіз шыққан сияқты. Қисынға салсақ, келесі кезек Қостанай облысының әкіміне келіп тұр. Жамбыл облысының жаңа әкімі Кәрім Көкірекбаев та осындай тәжірибенің арқасында топ ете түскен шенеунік. Саяси карьерасы тым жұқалтаң. Әлеуметтік желілерде Қанат Бозымбаевтың кезіндегідей әкімішілікте белсенділік байқалмайды деген пікірлер жүр. Әрине Қ. Бозымбаевты Жамбылда жақсы көрсеткен орынбасары Павлодарға өзімен бірге кетті. Бұл жерде Бозымбаевтың қай орынбасарына көбірек сенгені айтпаса да түсінікті. Кәрім Көкірекбаев тақырыбына алдағы уақытта кеңінен тоқталамыз. Ал қазір, орынбасарлық деңгейден көтеріліп әкім болған немесе басқару алаңына жаңа фигура шығару тәжірибесі сәтсіз шықты ма? Жаңа әкімдер неге кетіп жатыр? деген сауалдарға жауап беріп көрейік.

 

Әкімдердің бәрі бірдей емес

 

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер:

 Бақытжан Жүнісбеков, саясаттанушы Бақытжан Жүнісбеков, саясаттанушы

– Біріншіден көп жағдайда "қой көрмеген қуалап өлтіреді" дегеннің кебін киеді, бірақ барлық жағдайда емес, сосын әкім болу тек бір жақты идеолог немесе мықты "хозяйственник болу" ғана емес екі жақты да тең ұстай білу керек. Біреуінен есе жіберсең баланс сақталмайды. Өйткені орынбасар ретінде тек белгілі бір салаға ғана жауапты болады ғой. Сосын әкім ретінде қарамағындағыларға тәртіп орната болу керек. Бұрын көбі командасымен көшіп-сапырылысып жүретін. қазір ол үрдіс бірте-бірте қалып барады. Жаңа фигурант ретінде мейлі орынбасарлықтан көтерілсін ұжымдық әріптестікті, өзара қатынасты дұрыс қалыптастыра білу керек. Көбі осыған мән бермейді, есесіне кейін бармақ тістеп қапаланып отырады.

 

Әзірлеген Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сұхбат

PhotoRoom