ЕО басшылығы Астанаға келеді

Жаңалықтар
28.10.2015, 14:07

Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою үшін Еуропалық Одақ басшылығының Астанаға ресми сапармен келуін күтеміз. Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде осылай деп мәлім етті. 

«Еуропалық Одақ Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық серіктесі. Елдің жалпы тауар айналымы мен шетелдік инвестиция көлемінің жартысына жуығы ЕО-қа тиесілі. Менің былтырғы қазан айындағы Брюссельдегі сапарым кезінде Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келіссөздер жөніндегі келісімге қол қойылды. Осы тарихи құжатқа қол қою үшін Еуропалық Одақ басшылығының Астанаға ресми сапармен келуін күтеміз. Бұл қадам Қазақстан мен ЕО қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады», - деді Президент.

Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, Қазақстан Еуропалық Одақпен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жасасатын Орталық Азиядағы тұңғыш серіктес болып табылады. Жақын арада қол қоюға жоспарланған келісім 1999 жылғы Серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімді алмастырып, ЕО-Қазақстан қарым-қатынастарының заманауи және берік іргетасын қалайды.

Қазақпарат

Сұхбат

PhotoRoom