Ұлттық мүддені тек қана ресми билік қорғай алмайды

Сараптама
29.05.2014, 15:30

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Жоғары Еуразиялық экономикалық одағы кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтіп, Еуразиялық экономикалық одағын құру Келісіміне қол қойылды.

Қоғамда түрлі көзқарас бар. Қазақстандықтар Еуразиялық экономикалық одақты қолдаушылар мен қарсылар болып қана пікір қайшылығы бойынша бөлінген жоқ. Біздің қоғамда Экономикалық одаққа бейтарап қарайтындар көп. Иә, тиісті ақпараттандыру жетіспеді. Мемлекеттік ақпарат құралдары «ұра берсең Құдай да өледі» принципіне салды. Түсінікті, сауатты сараптамалар мен көзқарастар биліктен де, қоғамнан да, оппозициядан да шыққан жоқ. Оған жібі түзу қазақ тілінде де, орыс тілінде де анализ берілмеді. Қазақтілділер эмоция мен байбаламға салынса, орыстілді орта ұлттық (бұл жерде мемлекеттік) мүдде тұрғысынан емес, өзін орыс қоғамына идентификациялау тұрғысынан сараптады...

Болар іс болды, бояуы сіңді. Қоғамның қарсылығына қарамастан елдің ордасын Ақмола жеріне тіккен Нұрсұлтан Назарбаев еуразияшылдық идеясын жүзеге асырды. Тәуелсіздік алған соң бәрі өз қолымызда деп ойладық. Ақмоланы қабылдай алмадық. Сондай-ақ, 16 жылдан кейін Украинадан Қырымның Ресей құрамына күшпен кетіп қаларын да болжау мүмкін емес еді... Назарбаевтың сол бір шешімінің арқасында яғни, 16 жыл ішінде солтүстігімізді қазақыландырып алғанымыз жаман болмаған сияқты.

Кедендік Одақ құрылар алдында қоғамда байбалам аз болған жоқ. Ұлттығымыздан, тілімізден айырыламыз деп қамыққанымыз рас. Алайда сол Кедендік одақ құрылғалы да үш жылдың жүзі болыпты. Ас та төк байып кетпесек те, ұлттығымыздан айырыла қоймаған сияқтымыз. Тіліміз бен мәдениетімізді де уыстан шығармадық. Алдағы уақытта кемшіліктер болуы да кәдік. Тіпті Еуразиялық экономикалық одақ гүлденуі де, жойылуы да мүмкін. Саясатта құрбандықсыз, жеңіске жету мүмкін емес.

 

Сонымен, отырыстағы бірер сөз:

Н. Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуразиялық экономикалық одақтың ХХI ғасырдың I жартысындағы негiзгi миссиясы екi аспектiден тұрады. Бiрiншiден, әлемнiң негiзгi iрi экономикалық макро аймақтың бiрiне айналу. Екiншiден, әр елдiң дамыған мемлекеттердiң қатарына қосылуын қамтамасыз ету. ЕАЭО халық пен мемлекеттер, ұлттық экономикамыз үшiн ауыртпалық емес, құт болуы керек. Сонда ғана бiз еуразиялық аймақтың тартымдылығын арттырамыз.

 

Александр Лукашенко Беларусь Республикасының Президенті:

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюға саналы түрде келдік. Өз мүдделерімізді қорғадық, әріптестеріміздің ұстанымына құрметпен қарадық, құжатқа жіті талдау жүргіздік, оның оң тұстарын атап өттік. Бірақ қандай да бір қанағаттанбаушылықтың бар екенін айтпауға болмас. Келісімдерімізді әрі қарай жақсарта түсуге мүмкіндігіміз бар. Адал және сенімді әріптес бола отыра, біз Ресей мен Қазақстан Президенттерімен бұл туралы міндетті түрде сөйлесеміз.

Көптеген айыптаулар мен наразылықтарды естідік. Қазірдің өзінде баспасөзде «Лукашенко Минск үшін бонустар саудалап жатыр» деп шулап жатыр. Бұл біздің достық одағымыз. Біздің ел ештеңе талап етіп жатқан жоқ. Әрбір интеграция барлығы үшін қызық болатын дүниелер ұсынады. Бұл үлес шаршы метр және баррельмен өлшенбеуі тиіс.

Әрбір қадамымыз оңай болмады. Бірақ біз басты мақсат – адамдардың татулықта өмір сүргенін, мемлекеттердің дамуы мен нығаюы ынтымақтастыққа негізделгеніне сенімді болуын көздедік. Өмір біздің дұрыс жол таңдағанымызды көрсетіп отыр. Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ құрудың қорытынды кезеңіне жеттік.

 

Владимир Путин Ресей Федерациясының Президенті:

– Біздің бүгінгі кездесуіміздің ерекше, дәуірлік мәні бар. Ресей, Қазақстан және Беларусь Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоюда.

Құрметті достар, әріптестер, бүгінгі қол қою рәсімінің Қазақстанда, Қазақстан астанасында өтуі бекер емес. Өйткені Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Ол бұл идеяны 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде көтерген болатын.

Бүгінде біз бірге экономикалық дамудың қуатты, тартымды орталығын, 170 миллионнан астам адамды біріктіретін ірі аймақтық нарықты құрудамыз. Біздің одақ табиғи ресурстардың, соның ішінде энергетикалық ресурстардың мол қорына ие. Оған газдың әлемдік қорының бестен бір бөлігі, мұнайдың 15%-ға жуығы тиесілі. Географиялық жағдай бізге тек аймақтық қана емес, сондай-ақ жаһандық маңыздағы көлік-логистикалық бағыттарын құруға, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда ағындарын байланыстыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы біздің одақтың бәсекеге қабілеттігінің, қарқынды дамуының кепілі. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт қол қоюға толығымен дайын екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың, Ресей, Қазақстан және Беларусь үкіметтерінің тығыз өзара әрекеттестігінің нәтижесі екенін айта кеткен жөн. Ортақ сындарлы дайындық пен әр тараптың ымыраға келуінің арқасында біз бұл жолда көптеген қиыншылықтарға төтеп бере алдық. Осылайша, болжанғандай 2014 жылдың 1 маусымына дейін құжатқа қол қоюға қол жеткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлына шақырғаны үшін, бізге бүгінгі шараны ұйымдастырып, оны шын мәнісінде мерекеге айналдырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді.

 

Ең бастысы!

ҚР Президенті өз сөзінде одақ аясында жасалатын барлық халықаралық келісімдердің, міндетті сипаттағы комиссия шешімдері орыс тілінде қабылданып, кейін тараптардың мемлекеттік тілдеріне аударылатынын тілге тиек етті. «Сондықтан, тіл жағынан алғанда ешқандай кемсітілушілік болмайды», - деп өз ойын толықтырды Н.Назарбаев. «Келісімнің біздің мемлекеттеріміздің халқының өмір сапасын арттыру бойынша міндеттерді шешуге бағытталғандығын тағы да атап өткім келеді. ЕАЭО-ның құрылуы біздің экономикаларымыздың жан-жақты жаңғыртылуы, елдеріміздің әлемнің көшбасшы орындарына енуі үшін ынталандыратынына сенімдімін», - деп түйіндеді Елбасы.

[video width="480" height="272" mp4="/uploads/wp-content/2014/05/euras29062014.mp4"][/video]

P.S. Тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін кез келген ұйымнан шығуға әзір Қазақстанның қауіпсіздігін ресми билік қана қорғамайды. Қоғам болып ұйысып қана ұлттық мүддені сақтай аламыз. Жақында Оңтүстік өңірге барған Мемлекет басшысы бұрындары емеурінмен білдіретін жәйттерді ашық айтты. Кең байтақ қазақ жері бізге ортақ екенін еске салды.

Сұхбат

PhotoRoom