Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының активімен кездесті. Кездесуде ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен қала әкімі лауазымына ұсынылған Бағдат Қарасаевтың кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдағанын айтып, жаңа әкімді активке таныстырды.
- Бағдат Әбілмәжінұлымен бұрын да бірге қызмет істедік. Алакөл ауданын басқарып жүрген кезінен, кейін облыс әкімінің аппаратын басқарғанында да ұйымдастырушылық қабілеті зор, іскер азамат ретінде білдік. Сол іскерлік қабілетінің арқасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлығы қызметін лайықты атқарып, ол жерде де үлкен тәжірибе жинақтады, өзінің жауапкершілігі мол, ісіне мығым екенін көрсете алды. Бүгін Талдықорған қаласын басқару сеніп тапсырылып отыр. Бағдат Әбілмәжінұлы бұл міндетті де абыроймен атқарады деп сенеміз, - дей келе облыс басшысы А. Баталов жаңа әкімнің ісіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар ҚР Президентінің Әкімшілігінде жаңа лауазымға тағайындалған қаланың бұрынғы әкімі Ермек Алпысовтың Талдықорғанды дамытудағы еңбегін атап өтті.
- Ермек Амантайұлы Талдықорған қаласын өркендетуде бірқатар іргелі істер жасады. Қаланың игі істеріне біз қашанда қолдау білдіріп келеміз, әрі қарай да қолдай береміз, себебі Талдықорған ең көркем қала болуы керек. Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар бірқатар жаңа нысандардың құрылысы басталды, сол қуаныштардың бірі – жарықтандырылған-музыкалық субұрқақтың ашылғанына жуырда өздеріңіз куә болдыңыздар. Көп салалы аурухана құрылысы аяқталуға жақын, Салтанат сарайы салынады, тағы басқа көптеген игілікті істер атқарылды. Осы істердің басы-қасында жүрген Ермек Амантайұлына алғыс айтамыз. Жаңа қызметте еңбегіне табыс, сәттілік тілейміз, - деді А. Баталов.
Айта кетейік, Ермек Алпысов Талдықорған әкімі ретінде SAIGEZ-дің рейтингінде үздік төрттіктен түсіп көрмеген еді.
http://saigez.kz/?p=6741
http://saigez.kz/?p=7384
http://saigez.kz/?p=8149