«Нұр Отанның» ұсынысы зиялылардың Үндеуімен сабақтасты

Жаңалықтар
11.11.2015, 09:53

Жыл сайын желтоқсан жақындағанда ақпараттық трендке айналатын бір тақырып болса, ол – Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мейрамының қамы арасындағы тайталас. Осы жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз қажет сияқты.

«Нұр Отан» партиясының баспасөз орталығы ашылған кезде Төрағаның Бірінші орынбасары кеңесшісі Берік Уәли мырза танымал блогер Аршат Ораздың осыған қатысты сұрағына былай деп жауап берді: «Сұрағыңыздың астарын түсіндім. Тәуелсіздік күнінен кейін ғана Жаңа жылдық шырша безендіруді бастау мәселесі идеологияға жауапты облыстық, қалалық ішкі саясат басқарма, бөлімдері деңгейінде де шешілетін дүние. Оны өз тәжірибемнен білемін. Біз қазір «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің атынан облыстардың ішкі саясат басқармаларына арнайы хат әзірлеп жатырмыз. Осы арқылы мәселенің шешілуіне ықпал етеміз» деді.

Біріншіден, сұрақтың астары дегенге келсек. Еліміздегі белді интернет ресурстар өткен аптадан бері «Нұр Отан» партиясының Бірінші орынбасары болып Асқар Мырзахметовтың келгенін, оның Оңтүстік Қазақстан облысындағы тәжірибесін ескеріп, шырша безендіруді аса қадірлі Тәуелсіздік күнінен кейінге қалдыруға септігі тиер ме екен деп емеурін танытып жатыр. Асқар Мырзахметов облыста игі дәстүр қалыптастырып кеткенін жақсы білеміз. Ол Астанаға ауысқанымен, бұрынғыдай әкім емес. Яғни, оның қазір қызмет етіп жатқан ортасы нақты шешім қабылдауға құқылы мемлекеттік мекеме емес. Бірақ басты жұмысы идеология болғандықтан, оның кеңесшісі айтқандай белгілі бір дәрежеде ықпал етуге болады. Осындағы кез келген азаматты қандай саяси көзқарасы болса да сыйлаймын. Әртүрлі көзқарас пен алуан пікірлер ғана бізді алға жылжытпақ. Алайда, сол әртүрлі саяси көзқарас пен прициптерге қарамай біз кеше ҚАЗАҚ болып біріге алдық. Бәріміз үшін Тәуелсіздіктің, азаттық мейрамының маңызы жоғары екенін байқаттық.

Екіншіден, «Нұр Отан» облыстық ішкі саясат басқармаларына арнайы хат жолдайды. Бірақ шешімді жергілікті әкімшіліктер қабылдайды. Егер осының нәтижесінде республикалық маңызы бар қалаларды айтпағанда 14 облыстың жоқ дегенде 4-еуі әсіресе қазақы өңірлер тарапынан партия бастамасы қолдау тапса, құба-құп. Қанша жылдан бері қалыптасып кеткен дәстүр бір сәтте тегіс жойылады деп мен айта алмаймын. Осындай сәтте, айтып алып, орындамады деген түсінбестік болмас үшін тарқатып жазып отырған жайым бар.

«Нұр Отанның» қызметі – қоғамдық жұмыс. Сондықтан, қоғам болып талап етіп, бастаған ісімізді бірге көрейік. Қазақ Хандығының 550 жылдығын ел болып тойлап, еңсеміз көтерілген жұрт ретінде бұл шетін дүниенің де шешімін табармыз.

Төменде зиялы қауымның Үндеуі жарияланды.

24 зиялы қауым өкілі Тәуелсіздіктің 24 жылдығы қарсаңында Үндеу жарияладық. Ел тарихы үшін маңызы зор хат Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің идеология саласына жауапты орынбасарларына жіберілді. Биліктегі атқамінерлер ел тәуелсіздігін кие тұтқан халқымыздың талап-тілегін жеткізген зиялылардың өтінішін жауапсыз қалдырмайды деген үміттеміз. Үндеудің қысқаша мәтінімен танысып, қолдау білдірулеріңізді сұраймын.

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялағанына 24 жыл толып отыр. Ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлы мұраты болған Тәуелсіздік – азаттық жолында жан аямай күрескен дана бабаларымыздың батырлығы мен табандылығы, кемеңгерлігі мен қайсар рухының жемісі. Ұлан-ғайыр даламыздағы қазақтың басын біріктіріп, еліне бостандық әперуді аңсаған Абылай, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектер, берісі Алаш зиялылары, кешегі Желтоқсан құрбандарының арманы орындалып, бүгінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Сондықтан да бодандықтан арылған халқымыз үшін азаттықтың ақ таңы атқан 16 желтоқсаннан асқан киелі күн мен қасиетті мереке жоқ. 

Дей тұрсақ та бабаларымыздың ерлігі дәріптеліп, ынтымағы жарасқан дана халқымыздың кемеңгерлігі насихатталуы тиіс тарихи күннің Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қойып жатқанын өкінішпен мойындауға тура келеді.

Қараша бастала салысымен-ақ алаңдарға шырша орнатып, жаңа жылдық құттықтаулармен безендіру бүгінгі таңда үйреншікті әдетке айналды. Төл мерекесі болып табылатын Еуропа, Америка елдері мен Ресейде де Жаңа жылды тойлауға дәл біздің мемлекетіміздегідей тым ерте қам жасалмайды. Бұл мәселе кезінде Парламент мінберінен көтерілгенімен, біздің немқұрайлығымыздың салдарынан әлі күнге дейін сең қозғалған жоқ. 

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киеміз. Азаттық алған киелі күніміздін қасиетін арттырып, 16-17 желтоқсанда еліміздің көшелерінде «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!» деген құттықтаулардың орнына, Ұлы Даланың өсиетіндей болған дана бабаларымыздың аманаты мен тәуелсіздігімізді ұлықтайтын сөздер жазылған ұрандар желбіреп тұрса тәуелсіздігіміздің тұғыры одан әрі биіктей түспек.

Атқарушы биліктің өкілі болып табылатын сіздерге Тәуелсіздік күнін кие тұтқан халқымыздың өтінішін жеткізе отырып, олардың талап-тілектерін назарға алуларыңызды сұраймыз. Бұл істі жүзеге асыру міндеті мемлекет идеологиясына жауапты органдардың мойнына жүктеліп, оның орындалуын қадағалау үшін өкілетті мекемелерге тапсырма берілуі керек деп санаймыз.

1. Ә. Ө. Тарази, жазушы, драматург, сценарист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

2. М. Ж. Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, ғалым

3. Қ. С. Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері 

4. Қ.Мұханбетқалиұлы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

5. Н. М. Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

6. А. З. Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

7. Т. Қ. Жаманқұлов, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

8. Б. Б. Қыдырбек, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

9. О. А. Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

10. С. Б. Балғабаев, жазушы, драматург, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

11. Д. Қ. Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті, ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы. Шыңғыс Айтматов (ағылш. The Aitmatov Academy) атындағы халықаралық академиясының академигі. 

12. Д. Қ. Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры

13. Д. Ж. Нүкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры 

14. Б. Е. Өмірбеков, ҚР Суретшілер одағының төрағасы

15. Б. Қ. Тілеухан, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР еңбек сіңірген әртісі, көрнекті қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

16. Д.Исабеков, Жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

17. Н.Айтұлы, Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

18. С. Тұрғынбекұлы, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

19. С.Ақсұңқарұлы, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

20. А.Әлім, Ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 

21. А.Кеңшілікұлы Сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 

22. М. Қ. Құмарова, журналист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы

23. Қ.Сарин, Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

24. Б.Уәли, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

 

Сұхбат

PhotoRoom