САЯСИ ПОРТРЕТ – АЛИК АЙДАРБАЕВ

Тұлға
04.06.2014, 17:55

Маңғыстау облысы - 2011 жылдың соңында Жаңаөзенде болған оқиғадан кейін Орталық биліктің екі шоқып, бір қарайтын өңіріне айналды. Асқынған мұнайшылардың еңбек дауы елді біраз әбігерге салғаннан кейін дау-дамайды шешу, жергілікті жұмысшылар мен инвесторлар арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгендей болған. Жаңаөзен оқиғасынан кейін облысқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Мұхмеджановты әкім етіп отырғызды. Алматыда оппозиция лидерлеріне қастандық жасалған тұста құқық қорғау саласын басқарып, істі саясиландырмай бір шешімін таба білген Бауыржан Мұхамеджанов шын мәнінде «өртке» жіберілген «өрт сөндіруші» ғана болған. Полицей-саясаткер бұрынғы басшылық сияқты жұмсақ емес екенін бірден байқатты. Қатал тәртіпті басшылыққа алды. Жұмыс беруші мен мұнайшылардың арасындағы қатынас ретке келтіріліп, әсіресе Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырушыларды жазаланғаннан кейін Бауыржан Мұхмеджановтың Маңғыстаудағы миссиясы тәмәмдалды. Енді елді ұйымдастырып, жұмысты ілгерілету үшін жергілікті халықтың негізгі бөлігі нәпәқасын тауып отырған мұнай мен газды жақсы білетін маман қажет болды. Осы кезде Алматы өңірінен шыққан беделді мұнайшы, саясатта мүлде көрінбеген Алик Айдарбаев атты жаңа фигура пайда болды. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен 2013 жылдың 22-қаңтарында Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.

Ешқандай да саяси астар іздемей-ақ, А. Айдарбаевтың өмірбаянына қарайтын болсаңыз, оның Алматы облысында дүниеге келгені жайлы ақпаратты оңай табасыз. Оның да үлкен тенниске әуестігі, гольфке қызығушылығы бар...

Жариялылық басталған 1985 жылы ол қазіргі ұлттық техникалық университеттің мұнай факультетін бітіріп, Маңғыстау өңіріне аттанады. Содан бері отыз жылға жуық уақыт мұнайдың отымен кіріп, күлімен шығып сол өлкеде жүр. Тісқаққан мұнайшы.

Бірақ мықты мұнайшыдан, ел басқаратын жақсы басшы шығады деген қағида жоқ. Алик Айдарбаевтің төмен қызметте жүрген кезінен танитындар оның жемқорлыққа жоқ екенін, қолы таза санаулы азаматтардың қатарына жатқызады. Елдің ішінде әлеуметтік жағдай асқынып тұрғанын, көрші облысыңды басқарған Бергей Рысқалиевтің әрекеттері күн сайын жаңа қырынан ашылып жатқанын көрген Айдарбаевтың орнындағы кез келген адам жеп-ішуге бара қоймайтын шығар... Саяси харизмасы, өктем мінезі жоқ Алик Айдарбаев – Жаңаөзен оқиғасынан кейін, бар істі полицейлік тәртіппен жүргізгісі келетін Бауыржан Мұхмеджановтан кейін құтқарушы Моисейдей көрінді. Сондықтан да шығар оның кейбір ұсақ-түйек әрекеттері жоғары бағаланады екен. Мысалы арнайы әкім үшін ұйымдастырылған жерден емес, мұнайшылардың асханасынан дәм татып, тамақтың сапасы үшін реніш білдіру, етігімен су кешу, тікұшақпен баратын алыс елді-мекендерге көлігімен бару сияқты, т.б.

Әкім – саяси басшы. Ол үшін бұл мысалдар жеткіліксіз. Жалпы Қазақстанның саяси ортасында мұнайшылардан мықты басқарушы шыққан емес. Еліміздің негізгі кіріс көзі мұнай мен газ болғаннан кейін инвестесторлар тарту негізгі міндет болған кезеңде ел Үкіметі Нұрлан Балғымбаевқа тапсырылған болатын. Алайда жеке шаруада мығым болғанымен елдің ісін ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан да ол ел үкіметін ең аз уақыт басқарған екі басшының (И. Тасмағамбетов) біреуі болып тарихта қалды.

Тағы бір мұнайшы Ләззат Қиынов 1999-2002 жылдары осы облыста әкім болды. Оның саяси алаңдағы өмірі сол үш жылмен тұйықталып қалғанынан-ақ, қандай саясаткер шыққанын бағамдай беруге болады. Әлеуметтік-экономикалық жағдай мақтанатындай болмады. Қиынов қиын кезеңде әкім болды деп жұбатуға да болады. Алайда, мұнайы мен газы жоқ аймақтарды қиын кезеңде елді алып шыққан тұлғалар жоқ емес.

Алик Айдарбаев осы мұнайшы-саясаткерлердің тізімін толықтырушы ғана сияқты. Ол әкім болып тағайындалғалы 1,5 жыл уақыт өтсе де шешілмеген әлеуметтік проблемалар өте көп.

 

Әлеуметтік проблемалар

Жаңаөзен қаласы о баста 50-60 мың халыққа арналып салынғанымен қазір тұрғындар 137 мыңнан асқан. Тұрғын саны екі есеге артқан қаладағылардың дені мұнайшылар. Жыл сайын 3500 мың (бұрынғы бүтін бір совхоз) бала дүниеге келеді. Жұмыс күшін автоматпен алмастыруға күш салатын шетелдік компаниялар болашақта түгелдей техникаға сенім артар болса, жұмыссыз жүрген мұнайшылардың қатары жыл өткен сайын көбейе бермек. Кірістің өзге түрін ұйымдастыру, жастарды өзге облыстарға жұмысқа жіберу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстікке барған сапарында жастарды Солтүстік өңірлерге жұмысқа тарту мәселесін көтерді. Бұл тек Шымкент жастарына ғана қатысты емес, барлық әкімшілікке нақты тапсырма. Алик Айдарбаев ұйымдастыру қабілеті жоғары болса, солтүстік өңірлерінің басшыларымен келісім жасасып, облыстағы жұмыссыздық мәселесін реттеуге күш салар ма еді?

Жақында ғана Қарақия ауданының Құрық кентіндедгі аудандық әкімдік алдына халық жиналып, «Маңғыстаугеология» акционерлік қоғамынан жалақыларын талап етті. Жұмысшылардың құқығы қорғалмай отырған көрінеді.

Жаңаөзенде, Маңғыстау ауданының елді мекендерінде ауыз-су мәселесі өзекті мәселеге айналған. Мұнай мен газдың үстінде отырған халық су үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр, кеңестік кезеңдегі водовоздардың көмегіне зәру. Сөзіміз жалған болмас үшін жергілікті мерзімді басылымдардың бірі «Не хабар?» газетінің 28.05.2014 жылғы санында нақты дәлелдер келтірілгенін айта кеткіміз келеді.

Облыстағы тағы бір мәселе – заң бұзушылықтардың жиілеуі. Форт-Шевченко, Баутино, Аташ балықшылары теңізге шыға алмай мамырдың ортасында барлық мәселені құқық қорғау органдарынан көрген болатын.

Жергілікті жұмыссыз мұнайшыларды үлкен компанияларға жұмысқа отырғызамын деген аляқтар, тіпті қымыз-шұбат өнімдері ұрлана бастаған.

Адамға тән азығымен қатар жан азығы да аудай қажет. Алик Айдарбаев келгелі киелі Маңғыстау өлкесінде мәдениет мәселесі қараусыз қалды дейді тұрғындар. Мәдениет саласына мұнайшы басшының көңіл аударуы халықты қанағаттандырмай отыр.

Алик Айдарбаевқа саяси портрет жасау қиын. Себебі ол қазір іс басындағы әкім болғанымен саясатта тәжірибесіз. Ұйымдастыру қабілетіне жоғарыда келтірген мысалдар өлшем бола алады деп ойлаймыз. Лидерлік қабілетін www.sayasat.orgсайтының ай сайынғы рейтингі жауап бере алады. Биыл жыл басынан бері 12-орыннан көтеріліп көрген емес. Тіпті өткен айда 13-орынға сырғыды. Бұл көрсеткіш әкім болғанымен кез келген адам білікті басшы бола алмайтынын байқатса керек.

Сұхбат

PhotoRoom