Kazmuseum.kz порталы Қазақстан музейлерінің қызметін бір арнаға тоғыстыруды мақсат етеді

Жаңалықтар
13.11.2015, 17:19

Ел егемендігін алған күннен бастап ұлттық идеологияның жетекшісіне айналған, өткен мен бүгіннің, тарих пен келешектің арасын байланыстырып тұрған қасиетті жер – музей. Өйткені, музей ісі қазір әлемдік деңгейде қарқынды дамып, ғылымға сүбелі үлес қосып жүрген сала. Жыл сайын әртүрлі елдерде семинарлар мен форумдар өткізіліп жатыр. Белгілі мамандар бүгінгі музейлердің белсенді жұмысы мен үзіліссіз дамуын алға тарта отырып, оның адамзатқа пайдасы мен әсерін, жалпыға ортақ құндылықтарды бұдан да кеңінен насихаттауды, көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтады. Дәл осы тұста отандық музейлердің дамуына үлес қосып отырған kazmuseum.kz сайтының үлесі зор. Ашылғанына аз ғана уақыт өткен сайттың тынысы жайлы кеңінен тоқталып өтсек.

Музейтанушы әрі журналист Нұрсерік Жолбарыстың идеясымен ашылған kazmuseum.kz порталы – қазақстандық музейлер үшін кәсіби қызметін жан-жақты талқылайтын, өзара пікір алмасатын ортақ алаң болып табылады. Портал 2015 жылдың 17 сәуірінде ҚР Ұлттық музейінің қолдауымен ашылды. ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай жастардың осындай жобаларына аға буын тарапынан әрқашан қолдау болатынын білдіріп, әрі қарай дами түсетіндігіне сенім білдірген болатын. Жобаның жүзеге асуына IT маманы Рымбек Ізғали мен журналист Жандос Байділда, мәдениеттанушы Алтын Зайнуллина өз үлестерін қосып, кәсіби портал ретінде жұмыс істеуі үшін аянбай еңбек етті.

Портал ұжымы еліміздегі музейлер мен музей үйлері және тарихи ғимараттардың тізімін жасап шықты. Бірақ, олардың барлығы жоғары дәрежеде насихаттала бермейді. Осындай олқылықтардың орнынын толтыру үшін kazmuseum.kz порталы қазақстандық музей қызметкерлерінің бір-бірімен байланыс орнатуын, тәжірибе алмасуын ұдайы назарында ұстап, музей саласындағы қажеттіліктерді қамтамасыз етуді мақсат етті.

Қазіргі таңда отандық музейлер ақпараттық қолдауға мұқтаж. Екіншіден, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі музейлердің насихаты мүлдем жоқтың қасы. Кейбір өңірлердегі іргелі музейлердің іші толған жәдігер болғанмен, оны сыртқа көрсететін не ресми сайты, не ақпараттық қолдаушысы жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аз ғана уақыттың ішінде kazmuseum.kz порталы еліміздегі 102 музеймен тұрақты байланыс орнатып, оларды қолдау мақсатында 700-ге жуық ғылыми және публицистикалық мақалалар мен қолдау мақсатында әртүрлі ақпараттар, фоторепортаждар жариялады. Музей ісіне қатысты әдістемелік мақалалар еліміздегі ұжымдардың бағыты мен бағдарын анықтауға, алдына нақты мақсат қоюына әсерін тигізді.  Музейлердің ел экономикасындағы рөлі мен маркетингтік технологиядағы басты көрсеткіштері, музей қызметінің барлық түрлеріне жаңаша көзқарас қалыптастыру және жаңа бағытта дамыту туралы өзекті мәселелер kazmuseum.kz порталының үнемі назарында болып келеді.

Kazmuseum.kz порталында қазіргі уақытта білікті төрт маман қызмет етеді. Жарты жылдан астам уақыт көлемінде порталдың тәжірибелі әрі білікті қызметкерлері музей тақырыбына байланысты әртүрлі тақырыптарды егжей-тегжейлі жазып, семинарлар мен форумдарды назарында ұстап, музейге қызығушылар мен музей қызметкерлерінің қажетін өтейтін жаңа айдарлар ашты. Мәселен, «Қолда бар жәдігер» атты айдарда қарапайым халықтың қолында жүрген қымбат қазыналар мен музейге қойылмаған жәдігерлер туралы сериялы мақалалар жарық көрді. ҚР Ұлттық музейі ұйымдастырған «Қолда бар жәдігер» атты шарасымен үндесіп, септігін де тигізіп үлгерді.

Одан бөлек «Ғалым пікірі» және «Маман кеңесі» атты айдарлар бар. Kazmuseum.kz порталы ақпараттық-әдістемелік бағытта құрылған жоба екендігін ескерсек, еліміздегі музей қызметкерлері үшін жобалар мен мақалалар жиі-жиі жарияланып тұруы қажет. Аймақтағы музей қызметкерлері ғалымдар мен мамандардың кеңесі мен нұсқауына құлақ түріп, біліктілігін арттыруына мүмкіндік жасалынып отыр. Музей қорындағы жәдігерлерге төлқұжат жасау, экспонаттарға жарық беру, экспозициялық залдарды жабдықтау бойынша түрлі мақалалар жарияланды. Республика бойынша 100-ден астам музей қызметкерлері kazmuseum.kz порталын тәжірибе алаңы ретінде пайдаланып, бір-бірімен тығыз байланыс орнатты.

Сайт арқылы осы уақытқа дейін 4 конкурс ұйымдастырылды. ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет операторлар мен режиссерлер арасында байқау, «Тарихи фотосуреттер» конкурсы, «Жыл музейі – 2015» және «Жылдың үздік музей қызметкері – 2015» республикалық байқаулары жарияланды. Бұл байқаулардың қорытындысы 2015 жылдың желтоқсанында анықталып, жеңімпаздар марапатталатын болады.

Күнделікті жаңалықтардан бөлек музей саласында үлкен еңбек атқарып, тың жобалары мен жаңаша идеяларын жүзеге асырып жүрген жандар «Сұхбат» айдарында өз ойымен бөлісіп, бүгінгі музейдің рухани, танымдық қырынан бөлек коммерциялық жағынан кеңестерін беріп жүр. Алдағы жылдары сұхбат берушілер тек қазақстандық мамандар ғана емес, шетелдік мамандар болатынын да қуана айтқымыз келеді.

Kazmuseum.kz порталының ашылғанына әлі жыл да толған жоқ. Бірақ, оқырманның қызығушылығын тудырып, сайттың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жазылушылар саны өсіп келеді. Оқырман саны артқан сайын, олардың қажетін өтеу үшін де жұмыстар еселенуі тиіс. 2016 жылдан бастап kazmuseum.kz сайтында жаңа айдарлар ашылып, қызықты мәліметтер мен ақпарат таратудың жаңа үлгісі жүзеге асады. Технологияның озық тұстарын пайдаланып, музей тақырыбында жан-жақты зерттеулер мен мақалалар жарық көреді.

Kazmuseum.kz сайты болашақта қоғаммен тығыз байланыс орнатып, халықтың музейге жиі баруын, сондай-ақ, «Музей түні» сияқты жылына бір келетін мерекелерде өте белсенді болуы үшін қызмет етеді. 2015 жылы «Музей түні» мерекесі елміздің түкпір-түкпірінде тойланды. Kazmuseum.kz сайты ол туралы халықты үздіксіз құлақтандырып отырды.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін 2016 жылдан бастап портал қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерінде жарыққа шығатын болады. Қазіргі уақытта осы мақсатта техникалық және контент сапасы жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Портал ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Ұлттық музейінің ашылу салтанатында айтқан «Музей біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге таныту тұрғысынан да үлес қосады. Біздің тарихымыз мақтан етуге лайықты. Ерлік пен елдіктің тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі – адамзат тарихының ажырамас бөлігі» деген сөзін үнемі назарында ұстайды.

Сонау ықылым заманнан бүгінгі күнге дейінгі  археологиялық, этнографиялық жәдігерлер мен мәдени ескерткіштердің тұрағы – музей. Музей – тарихты сақтаушы қойма. Ал, kazmuseum.kz сайты – сол қоймадағы қазынаны халыққа насихаттаушы, барша қазақстандық музейлерді бір жерге жинақтап, олар туралы мәлімет жинаушы ұжым ретінде қызмет ете бермек.

Сұхбат

PhotoRoom