Әлеуметтік желіге неге тәуелді?

Сараптама
18.11.2015, 11:42

Бүгінгі телевидение неге әлеуметтік желіге тәуелді боп алды? Тақырып тар ма, әлде ақпараттық жеделдік байқалмай ма? Бұл мәселе бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізіп, көпшіліктің пікірін де білген жөн шығар.

12193722_912052288864388_1842784209902727499_n

Университеттегі студенттерге «қан­дай телеарна, онда қандай бағдарлама, қай жүргізушіні қарайсыңдар?» деген сұраққа бір ауыздан «телеарна қарамаймыз, ауылдағылар көреді» деген жауап аламын. Осы сияқты жауапты айналамдағы адамдар­дан да жиі естимін. Телевидение маманы бола тұра, арнайы уақыт бөліп телеарна қарамағалы бір жылға жуық уақыт болды. Медиасферада шұғыл әрі қалауың бойынша өңдеуге келетін ақпарат интернетте болған­дықтан, онсыз да аз уақытты үнемді пайда­лану үшін желіге жүгінеміз. Қазір телеар­налар осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, техни­калық мүмкіндігі, формасы өзгергенімен, маз­мұн жағынан уа­қыттың талабы мен кө­зіқарақты көрер­меннің талабы мен талға­мына сәйкес келеді деп айту қиын. Жаңа­лықтардың негізгі функциясы сол күнгі болған оқиғаны ре­дакция саясатына сәйкес көрерменге жеткізу болғандықтан, телеар­налардағы ақ­параттық редакциялар күн­делікті қыз­метін атқаруда. Бұл жерде үлкен шығар­машылық ізденіс пен жауап­кершілік бағдарлама жасаушыларға артылады. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жыл­дарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2013 жылда – 53, 2017 жылға қарай – 60, 2020 жылға қарай 70 деп жоспар­ланған. 2015 жылғы мәліметке сәй­кес, барлық отан­дық телеарналар қойылған межені орындап отыр. Көрсеткіш көңілге қонғанымен, сапасы жағынан қандай? Ондағы контенттің көрерменге пайдалы коэфиценті қандай? «Эфир уақыты, теле­арна қызметкерлерінің күшімен жасалған бағдарламалар, аударма, сериалдар, кон­церттер үлесі қандай?» деген сұрақ туын­дайды. Осы сұрақтарға жауапты теле­бағдарламалардың апталық кестесіне көз жүгіртіп шықсаңыз, байқауға болады. Сонымен қатар сол кесте арқылы көрер­мен­нің неге әлеуметтік желіге ден қойғанын да анықтауға болады. Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазының «Телеарналардағы қазақ тіліндегі бағдарламалардың көпшілігі ойын-сауық, әншілерді насихаттау және тағы басқа арзан, халық үшін пайдасы жоқ шоулар, осы типтес бағдарламаларды журналистика, тіл мәдениетінен алшақ адамдар жүргізеді» деп айтқан сөзімен келіспеске болмайды. Адам үшін ақпарат та азық іспеттес. Телеарналарды қарап оты­рып, көрермен ақпаратпен сусын­дағысы келеді. Интернет жоқ кезде, солай болған да. Ірімшіктің құрамында кальций болады, бүгін Мавритан республикасының тәуел­сіздік күні деген сынды ақпаратқа құлақ асып отыратын көрермен қазір өзіне керегін интернет беттерінен алады. Бүгінгі күні «медиа әлем» біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып отыр, телеком­муникациялардың дамуы журналистканың функциясын, дәстүрлі БАҚ-тарды өзгертіп, аудиторияны тарту және назарын аударту үшін оларды жетілудің жаңа жолдарын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Қазіргі кезде әлеу­меттік желілерді меңгерген медиа тұтынушы тек медиа саланың қызметкерлері мен журналистерге ғана қолжетімді болған зат­тарды жасап, контент құруда. Ол БАҚ-тарды қағидалардан ауытқуға мәжбүрлеп, жаңа ережелер мен әдістер қалыптастыруда. Осы контентке көпшіліктің назарын ауда­рып, өзіне тартып отыр. Бұрын ақпаратты тұты­натын көпшілік, қазір оны өндіреді. Бүгінде жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілер әрбір қалаған адамға фото-бейне түсіріп, монтаж жасап, оны интернет-сайт­тарға бейімдеп өз контентін құруға мүм­кіндік береді. Оның белгілері біздің күнде­лікті өмірімізде анық біліне бастады. Әлеуметтік желілерде резонанс тудырған оқиғалар – бұқаралық ақпарат құралда­рының басты жаңалықтары мен тақырып­тарына айналды. Алайда бұл журналис­ти­каның ақыры дегенді білдірмейді, бірақ бұл алғышарттардың барлығы БАҚ жұмысын қайта форматтауды талап етеді. Қазіргідей дағдарыс уақытында қызыл кілем, қымбат көйлек, жылтырақ өмірден гөрі, қалта­ңыз­дағы қаржыңызды үнемдеудің, кө­бейтудің, денсаулығыңызды дұрыстап, өмір жа­сы­ңызды ұзартудың кілті біздің телеөнім­дерімізде тұр деген бағдар­ламалар мен­мұндалап тұрса көрермен іздеп жүріп көретін болады. Өкінішке қарай, бүгінгі БАҚ жаман хабарды беруге жанта­ласады. Өздеріңіз жақсы білетіндей, бүгінгі күні біз медиа саланың белсенді жаһандық өзгеру кезеңінде өмір сүріп отырмыз, сондықтан оның келешегін ешкім де нақты айта алмайды. Алайда дәстүрлі журналистика елеулі өзгеріп отыр. Еліміздегі мемлекеттік телеарналар Еуропа, Азия, ТМД елде­рінде 24 тілшісі бар әлемдік БАҚ өкілдерімен иық теңестіре қызмет атқаруда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2014 жылдан бастап журналистика мамандығы бойынша әлем­нің жетекші жоғары оқу орындары мен медиал­пауыттарда медиамамандар білімін жетіл­діруде. Міне, осы мамандар қазақ телеви­дениесіне оң өзгерістер әкелетін күн алыс емес. Біздің басты мақсатымыз – әлем­нің ең дамыған 30 елінің бірі болу. Біз жаһан­дық экономикалық және саяси тренд­терге ене отырып, бұл мақсатқа жетуді жоспар­лап отыр­­мыз. Медиа саласы қарқынды және тиім­ді дамымайынша, заманауи, ашық және бәсекеге қабілетті мемлекеттің дамуы мүмкін емес.

Меруерт Құмарова,  «Нұр Отан» партиясы

Мирас қоғамдық кеңесінің мүшес

Сұхбат

PhotoRoom