Ақпарат саласының тағы бір өкілі қызметке тағайындалды

Жаңалықтар
07.06.2014, 14:18

Облыс әкімшіліктеріндегі жұмыстарға қадағалау күшейді. Қатаң бақылау қай жақтан екені түсінікті. Солтүстіктегі екі облыстың басшылығы ауысқан соң, Кулагин бастап орынбасарын бекітіп алды. Әкімнен кейінгі орынтақтың да беделі төмен емес. Сонымен кадрлық ауыс-түйістер одан әрі жалғасып жатыр.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне Бекбанова Жанар Рүстемқызы тағайындалды. Ол осыған дейін бірнеше жауапты қызметті атқарды. Қарағандыда 26.05.1975 жылы дүниеге келген, жергілікті Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Заң саласының бакалавры.

Ж. Бекбанова қоғаммен байланысты жақсы меңгерген кәнігі журналист. Ол 1996-2006 жылдары журналистиканың телевизия саласында еңбек етті.

2006-2009 жылдары Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі болды. Халықпен, журналистермен тығыз байланыста жүретін Нұрлан Нығматулиннің мектебінен өтті деп айтуға да болады. 2009-2010жж. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2010-2012жж. Партияның Орталық аппаратының баспасөз қызметінің жұмысын жүргізген. Ал, 2012 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің аппараты жетекшісінің орынбасары болып қызмет істеп келген.

Қызмет еткен орындары мен жылдарына қарайтын болсақ, ҚР Президенті, ҚР Парламент Мәжілісіне өткен сайлаулармен тұспа-тұс келіп тұр. Қоғаммен байланыс пен саяси технологиядан үлкен тәжірибесі бар Ж. Бекбанова Көкпектіні су шайып кеткенде банан жеп фотоға түскен («Барселона» ойыншысы Дани Алвешті және нәсілшілдікке қарсы күрес ретінде) облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің  және облыстың имиджін қалыптастыруға өзінің айтарлықтай үлесін қосатынына сенеміз!

Арқаның ақпарат саласында піскен маман  - Жанар Рүстемқызының алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!

Saigez – ақпарат    

Сұхбат

PhotoRoom