Алғашқы делегация аймақтарға шықты

Жаңалықтар
19.11.2015, 17:35

«Нұр Отан» партиясының кеше Астанада бастау алған Бағдарламалық құжаттарды іске асырудың партиялық мониториингі және халықпен жұмыс мәселелері бойынша семинар-кеңесі өңірлерде жалғасуда. Бүгін партия Төрағасы Бірінші орынбасарының Кеңесшісі Берік Уәли бастаған 10 адамнан тұратын делегация Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Көшпелі семинарға Қызылорда және Жамбыл облыстық филиалдарының қызметкерлері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша барша түсіндіру жұмыстарын «Нұр Отан» партиясына тапсырды. Осы орайда партияның аймақтық құрылымдарына айрықша міндет жүктеледі. Себебі, 100 нақты қадам шеңберіндегі ауқымды шаралардың негізінен жергілікті жерде жүзеге асатыны, ал осы шаралардың маңызын түсіндірудің тетігі халықпен тікелей жұмыс істейтін аймақтық, аумақтық филиалдардың, бастауыш партия ұйымдары екені белгілі.

 «Нұр Отан» партиясы реформалардың маңызын халыққа түсіндіру жұмыстарына белсене кірісуде. Орталық аппаратта 8 топ құрылып, олар осы аптадан бастап барлық өңірлік филиалдарда ақпараттық жұмыстарды жүргізуде.

Семинардың мақсаты - өңір жұмысын күшейту, халықтың өзекті мәселелерін шешу, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың іске асырылуына және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына партиялық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша партия қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру.

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының ғимаратында өткен жиынды өңірдегі филиал төрағасының бірінші орынбасары Б.Оспанов ашып, жүргізіп отырды. Оған партияның облыстық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.

Сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Б. Уәли көшпелі семинардың мақсатына тоқталды. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау барысында А.Мырзахметовтің тапсырмасымен елімізде жүргізіліп отырған реформалар, жаңадан қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен партияның жуырда бекітілген 21 регламенттік құжаттың ережелерін түсіндіру үшін 8 өңірге партияның лекторлық топтары шықққанын атап өтті.

"Семинар барысында Сіздер қазіргі таңда аталған міндеттерді іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың мәні туралы хабардар боласыздар. Біз үшін сіздердің назарларыңызға Орталық аппараттың атқарып жатқан жұмысын жеткізу ғана емес, сонымен қатар сіздердің ұсыныстарыңызды есту маңызды", - деді Б. Уәли.

Баяндамашылар атап өткендей, бюджеттің жұмсалуына тиімді бақылау жүргізуді қамтамасыз ету, оның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейту бағытында партияда арнайы бұйрық қабылданып, «аудан-облыс-орталық» принципімен ай сайын ақпарат жинау және мониторинг жүргізу тәртібі енгізіліп отыр. Оған бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері, барлық 242 филиал және мәслихат депутаттары қатысуда. Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциялардың «Нұрлы Жол» бағдараламасын бақылау комиссияларының ережесі қабылданып, өзара іс-қимылы күшейтілген. Жалпы, бюджеттік қаражаттың жұмсалуына, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуына да партиялық бақылау ережесі әзірленген. Үкімет басшылығымен туындаған мәселелерді тұрақты қарау бойынша келісім жасалып, бұл мәселелер ай сайын өтетін отырыстарда қаралуда.

Партия филиалдарын институционалды нығайту міндеті аясында партия Орталық аппараттың штаттық саны мен әкімшілік шығындарын оңтайландыру есебінен филиалдардың штаты 43 пайызға немесе 358 бірлікке көбейтілген. Оның ішінде аудандық филиалдарға 344, облыстарға 14 қызметкер қосымша берілген. Филиалдардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай мақсатты индикаторлар бекітіліп, 2016 жылдан бастап облыстық филиалдардың төрағалары – әкімдермен индикаторларға қол жеткізу үшін нақты жұмыс жоспарына қол қойылмақ. Партия инспекторларының өздері бекітілген өңірлерге ай сайын шығып тұруы міндеттелген.

Жалпы тиімді жұмыс жүйесін орнықтыру бағытында 21 регламенттік құжат қабылданады. Оның ішінде, басты бағдарламаларға партиялық бақылау мен бағалау жүйесін орнату; мәслихаттардағы партия фракцияларының жұмыс ережесі; партия мүшесінің этика кодексі; қоғадық-саяси ахуалды бақылау; заңнаманы жетілдіру жұмысының ережелері; филиалдардың қызметін бағалау ережесі бекітіліп отыр.

Жыл соңына дейін партияның кадрлық резерві туралы ережесі қабылданбақ. Қос санатты кадрлық резервтің құрамы бастауыш партия ұйымдарының белсенділері мен партияның белсенді қолдаушыларынан, «Жас Отан» ЖҚ және белсенді жастар мен партия аппаратының қызметкерлерінен жасақталмақ.

Бастауыш партия ұйымдарымен жұмысты күшейту бағытында барлық 5665 бастауыш партия ұйымдарының материалдық-техникалық және әдістемелік базасын нығайту жұмыстары қолға алынған. Партия мүшелерінің сапалық құрамын ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері мен агроөнеркәсіптік кешен есебінен арттыру көзделуде.

«Жас Отан» жұмысын нақты бағытқа ауыстыру мәселесінде жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына бақылау орнатылмақ. Осы орайда мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін бағалау және интернет пен әлеуметтік желілерде жастардық әлеуметтік көңіл-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу ережесі қабылданған.

«Электронды партия» жобасы аясында 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымы және «Қазпошта» жүйелерімен партияның электрондық құжат айналымы ұштастырылып, партиялық жарналарды интернет арқылы төлеудің онлайн жүйесі енгізілмек. Халықтық проблемаларды жедел анықтау және оларды жедел шешу үшін ахуалдық орталық құрылуда.

Партияның қоғамдық қабылдауларына биылғы жылдың он айында 73 183 өтініш тіркелген. Азаматтар көтерген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, оң шешілуіне ықпал етілген. Осы орайда жұмыстың нәтижелілігін арттыру мақсатында қажетті шешім қабылдауға құзыреті бола тұра мәселені шешпегендер анықталып, оларға шара көрілмек. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының шалғай ауылдарда көшпелі қабылдаулары жылына екі мәрте өткізілмек. Халықтың проблемалары, бағдарламалардың іске асырылуы, сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтар бойынша «Жедел желі» және «WhatsAPP» мессенджері іске қосылмақ.

Партияда Елбасы саясатын іске асыру шараларын жариялау бойынша жүйелі жұмыс ережесі қабылданып, бірыңғай медиа жоспары түзілген. Қоғам алдындағы жариялықты қамтамасыз ету мақсатында Баспасөз орталығы ашылып, онда құрылым басшылары, фракция депутаттары, филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері аптасына екі рет брифингтер өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұматтар беруде. Сондай-ақ партияның баспа, электронды басылымдарында аймақтық филиалдардың жұмысы бойынша арнайы айдарлар ашылып, тұрақты берілуде. Қоғамдық қабылдау бөлмелерін ақпараттық қолдау бойынша БАҚ және интернет порталдарда олардың жұмыстарын жариялау жүйесі енгізілген.

Партиядағы осы және өзге де мәселелер бойынша қолға алған бастамаларды лекторлар енді өңірлік филиалдардағы семинар-кеңестерде де баяндап, жергілікті жердегі партияластардың өзекті сауалдарына жауап бермекші.

 

Сұхбат

PhotoRoom