Әлиханның мерейтойы лайықты аталып өтуі керек

Жаңалықтар
24.11.2015, 17:52

Алашорда көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойлануы керек. Бұл туралы бүгін Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Аталған жиынға ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Уәли, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, аталған университет жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институттың директоры  Сұлтанхан Аққұлұлы қатысты.

Көпшілікке белгілі өткен аптада Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енді. Міне осыған орай алаштанушылар мен саясаткерлер баспасөз мәлихатын өткізіп, алдағы уақытта қандай іс-шаралар ұйымдастыратынын мәлімдеді. Мәселен өз сөзінде Ерлан Қарин Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қатар келіп отырғандығына айрықша назар аударды. Саясаткердің айтуынша Тәуелсіздік пен Әлихан Бөкейхан бастаған алаш арыстары егіз ұғым. Сондықтан да ол Ұлт көсемінің мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс деген пікірде. Мәселен, Ерлан Тынымбайұлы келер жылы Әлекеңнің туған күніне орайластырып Астана төрінде халықаралық конференция өткізетінін мәлімдеді. Аталған алқалы жиынға Америка, Жапония, Ресей сынды көптеген мемлекеттерден тарихшылар келіп қатысады.

Ал, Ерлан Қариннен кейін сөз алған Сұлтанхан Аққұлұлы болса Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағы 16 томнан кем болмайтындығын айтады. Алайда әлихантанушы аталған еңбектің 16 томнан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Өйткені ол қазірдің өзінде 16 томдық еңбектің баспаға жіберуге дайын тұрғанын тілге тиек етті. Әйтсе де қаржы тапшылығына байланысты 16 томдықты шығару мүмкін болмай тұр. Егер де Үкімет тарапынан нақты қолдау көрсетілсе Әлихан Бөкейханның артында қалдырған бүкіл еңбегін басып шығарар едік дейді ол. Ал Дихан Қамзабекұлы болса жас ұрпақты отаншыл етіп өсіруде алаш арыстарының еңбегі ерекше рөл атқаратынын айтады. Сондықтан да ол Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында осыған айрықша басымдық беретінін мәлемдеді.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли сөз алып, «Нұр Отан» партия тарапынан жасалатын іс-шаларалар туралы баяндады. Оның айтуынша келер жылы «Астанадан Ақтоғайға дейін» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылады. Экспедиция жұмысы Қарағанды қаласындағы Әлімхан Ермековтың зиратына барып Құран оқудан басталып, Ақтоғай ауданындағы Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жерленген Талдыбейітке тәу етумен аяқталады.

– Ал жеке өзім азамат ретінде алаш арыстарының аталы сөздерін кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмын. Өздеріңізге белгілі біздің көптеген азаматтар өзге жұрттың саясаткерлері мен ойшылдарының сөздерінен цитата алып сөйлегенді жақсы көреді. Алайда дәл сондай ойды кезінде алаш арыстарыда айтып өткен. Мәселен, Әлихан Бөкейханның «Ұлтына жұртына қызмет ету білімнен емес мінезден», Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген сөзі  кімнен кем? – дейді Берік Уәли.

Берік Уәлидың айтуынша Әлихан Бөкейханның мерейтойына Үкімет ғана емес әрбір азамат атсалысуы керек. Мәселен ол кезінде республикалық «Жебе» қоғамдық саяси газетінде мерейтойға қатысты дәстүрлі сауалнама жүргізілгенін еске салды. Нақтырақ айтсақ алаштанушылар мен зиялы қауым өкілдеріне «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылу керек?», «Сондай-ақ, өз тарапыңыздан қос мерейтойға қандай үлес қосасыз?» деген сұрақ қойылған болатын. Аталған сауалнамаға Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Қойшыбай сынды ғалымдарынан бастап, жастарға дейін өздерінің пікірін білдірді.

– Мәселен, белгілі жазушы Думан Рамазан «Әлихан Бөкейханға арнап драма жазу ойымда жүр» деген болатын.Егер«өз тарапыңыздан қос мерейтойға қандай үлес қосасыз?» деген сауалнамаға жауап берген жүзге жуық азамат өздері берген уәдені орындайтын болса, онда Әлихан Бөкейхан мен Алашорда Үкіметінің мерейтойы жоғары деңгейде өтер еді – дейді ол.

Иә, расында Әлихан Бөкейхан мен Алашорда мемлекетінің мерейтойына әрбір азамат атсалысуы керек. Алайда жоғары жақтан нұсқау болмаса қимылдамайтын әдетке салып, қос мерейтойды назардан тыс қалдырмасақ жарар еді. Өйткені, Үкіметтің Әлихан Бөкейхан мен алашордашыларға деген көзқарасы дұрыс емес. Мәселен Үкімет 2014 жылы Ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойына небәрі 15 970 мың теңге бөлген болатын. Бұл әрине аз. Мүмкін Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тізіміне кіргеннен кейін Үкімет бұл мәселені қайта қарайтын шығар. Әйтпесе 16 миллион теңгеге есі дұрыс деректі фильмде түсіре алмайсың.

Серік Жолдасбай

Сұхбат

PhotoRoom