Бүгін, Астанада «Нұр Отанның» Орталық аппаратының ғимаратында елімізге танымал тұлғаларды партия қатарына қабылдаудың дәстүрлі салтанатты рәсімі өтті. Әдебиетіміз бен өнеріміздің көрнекті өкілдері, спорт шеберлері, бизнесмен мен журналистер (барлығы 13 адам) партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қолынан мүшелік билеттерін алды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген А. Мырзахметов бүгінгі уақытта «нұротандықтар» қатарының миллиондық межеге жақындап қалғанын айтып, мүшелік билеттерін алған әріптестерін құттықтады.
«Жыл сайын партияға деген ел сенімінің артып келе жатқаны - үлкен қуаныш. Әсіресе өздеріңіздей, әдебиет, мәдениет, өнер, спорт т.б. салаларда толайым табыстарға қол жеткізіп, ел мақтанышына айналған айтулы тұлғаларымыздың партияға өтуінің маңызы біз үшін өте зор. Сіздердің бұл шешімдеріңізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына қолдау білдірген ниеттеріңіз ретінде қабылдаймын», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында партия Төрағасы Бірінші орынбасарының қолынан билеттерін алғандардың ішінде ұлттық поэзиямыздың көрнекті өкілі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, көсемсөзші Ауыт Мұқибек, Қазақстанның ең үздік футболшыларының Давид Лория, «Түйе балуан» жарысының жеңімпазы Жұманазар Ерсұлтан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Керімбаев, эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының (Астана) актері, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нүркен Өтеуілов, 2015 жылғы сайлауда Президенттің сенімді өкілі болған, «Global Eagles» ЖШС Бас директоры Дастан Нүскенов пен БАҚ өкілдері - «Қазақстан» РТРК АҚ ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас директоры Уәли Қыдыр мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы шығармашылық бірлестігінің редактор- жүргізушісі, Ирина Тен бар.
Саналы ғұмырын ақындар айтысына арнап, атамұра өнеріміздің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген талантты ақын, Мұқағали Мақатаев сыйлығының иегері Жүрсін Ерман сөйлеген сөзінде, тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдар ішінде қазақ халқының мұрат-мүддесіне, мәңгі ел болу мақсатына, әлемдегі ең озық елдердің қатарына қосылуға ұмтылған мемлекетімізге «Нұр Отандай» қызмет ете алған ешбір саяси ұйымның болмағанын атап өтті: «Партияның саяси-әлеуметтік құрылысымызды, экономикалық әлеуетімізді жетілдіре отырып, тарихымызды түгендеп, дәстүріміз бен салтымызды, тіліміз бен дінімізді сақтауға жұмсап отырған күш-жігері менің көзқарасыммен үйлеседі. Мемлекетіміздің ішкі-сыртқы ынтымағы, бейбіт өмірі осы партияның дұрыс саясатының арқасы. Республикамыздың тағдырына алаңдайтын әрбір саналы азамат «Нұр Отанның» қатарынан табылуы керек».
Ақын, көсемсөзші Ауыт Мұқибек «Нұр Отанның» уақыт сынынан өткен, халық сеніміне ие болған өте қуатты саяси ұйым екеніне тоқталып, шетте жүрген қандастарымызды Елбасы төңірегіне топтастыру үшін партия қатарына өту жөнінде шешім қабылдағанын тілге тиек етті.
Эстрада өнерінің жұлдызы, «Жас Қанат», «Азия дауысы», «Славян базары» т.с.с. халықаралық байқаулардың жүлдегері, «Екі жұлдыз» жобасының жеңімпазы, Маржан Арапбаева болса Елбасы күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының билетін алуды зор мәртебе санайды: «Бұл менің саналы түрде ойланып жасаған шешімім. Себебі, мен бұл партияның қоғамға, қарапайым азаматтарға және жастар мен өнер адамдарына деген көзқарасы мен принциптерін толық қолдаймын. «Нұр Отан» - біздің Елбасымыз, Ұлт Лидерінің партиясы және оның барлық бастамалары бірінші кезекте қазақстандықтардың жасампаздығы мен ынтымағын нығайтуға бағытталғаны баршаға мәлім. Елімнің патриоты ретінде мен партия қатарында жүріп, Отанымыздың одан әрі гүлденуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсауға дайынмын»
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің қолынан билеттерін алғандардың ішінде өзге ұлт өкілдері де бар. Солардың бірі, ««Қазақстан» ұлттық телеарнасы шығармашылық бірлестігінің редактор- жүргізушісі болып жұмыс істеп, таза қазақ тілінде сөйлеп жүрген кәріс қызы – Ирина Тен, екіншісі, Қазақстанның ең үздік футболшысы атағын иеленген, «Ертіс» клубының қақпашысы – Давид Лория.
«Мен де барлық қазақстандықтардай бұл партияның келешегіне үмітпен қараймын. Өйткені, мен «Нұр Отанның» халықтың игілігі үшін қызмет етіп жатқанын жақсы білемін.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында, біз спортшылар нақты көмекті сезудеміз. Елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінген. ҚР Президентінің Жолдауында бұқаралық спортты жандандыру туралы жақсы айтылған.
Мен грузинмін. Ұлты мен діни сеніміне қарамай, барлық азаматтарға тең жағдай жасалған Қазақстанда туғанымды бақыт санаймын. Елдегі барлық ұлттар болашақ Қазақстанның келешегін бірге қалап жатырмыз», - деді, атақты футболшы Давид Лория.
Бүгін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде партия қатарына қабылдау салтанаты өтуде. Еліміздің мыңдаған азаматтары бұл күні «Нұр Отанға» мүше болып, партиялық билеттерін алады.