Өтінішіңіз қараусыз қалса, шағымданыңыз!

Жаңалықтар
17.06.2014, 12:12

 

         «Нұр Отан» партиясының жанындағы партиялық бақылау комитетінің отырысында азаматтар өтініштеріне жауапкершілікпен қарау және рейтинг мәселесі сөз болды.

        «Былтыр қоғамдық қабылдауларда 800 мың адамға құқықтық және консультациялық көмек көрсетілді. 130 мыңға жуық өтініш қарастырылды. Бұл халықтың партияға деген сенім деңгейнің көрінісі. Алайда, бұл сандар мемлекеттік органдар жұмысында олқылықтар барлығын, азаматтар мәселесін шешуде нәтижесіздік пен түсіндіру жұмыстарының кемшіндігін көрсетеді. Өйткені, олар партияға соңғы инстанция ретінде хабарласады», - деді партия Төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек. Бұл орайда, партия қызметкерлері партияға көбінесе азаматтар өтініштерінің мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс қаралмауына байланысты шағым түрінде келетінін жеткізе отырып, оларды қарауда жауапкершілік пен бақылауды арттыру қажеттігін атап өтті.

         «Азаматтар өтінішін формалді түрде қарастыруға жол бермеуге тиіспіз. Көмек сұрай келген адамға көмек берілмесе болмайды. Бұл сұранымды оң шешумен ғана емес, дұрыс әрі сауатты жауап беру үрдісіне де байланысты. Яғни, азаматтың не істеп, не қоюы керектігі нақты көрсетілсе құба-құп. Барлығы дұрыс болса, азаматтар хат жазып жүрмейді», - деп тұжырымдады ҚР Парламент Сенатының депутаты, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов отырыс соңында.

        Айта кетерлік жайт, партия мүшелері тарапынан сынға ұшыраған орталық мемлекеттік органдардың хатшылары және облыс әкімдері бүгінгі айтылған сыннан нәтиже шығарып, тиісті шаралар қабылдауға уәде берді. Бұл қатарда Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Құрманғалиева Аида мен Алматы облысы әкімі Аңсар Мұсахановты айрықша атаған жөн.

       Жыл соңына дейін мемлекеттік органдар жұмысының рейтингісі жасалады. Бұл туралы Партиялық бақылау комитетінің азаматтар өтініштерін қарауға арналған отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек мәлім етті. «Жыл аяғында біз жаңа әдіс – мемлекеттік органдар жұмысының ашық рейтингісін жасамақпыз. Бұл көрсеткіштер ғаламтор беттерінде жарияланады. Онда құзырлы органдардық халықпен жұмысына баға берілмек. Біз ештеңені бүркеп, жасырмақ емеспіз. Барлығын ашықтан ашық ғаламторға ілеміз. Қалың бұқара басшылардың қайсысының нәтижелі қызмет атқаратынын өз көзімен көріп, тиісті бағасын берсін», - деп атап өтті Б.Байбек. Бұл орайда, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов жиын қатысушылары мен бейне конференция арқылы байланыста отырған өңір басшыларына жұмыстың енді басталғанын және келер отырыста бүгінгі айтылған мәселелер бойынша нақты нәтижелердің қатаң сұралатынын ескертті.

      Айта кетейік, шара барысында азаматтардың өтініштерін қарау бойынша Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі секілді орталық мемлекеттік органдар жауапты хатшыларының есебі тыңдалған болатын.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom