АРАШ пен НЮША қуанған ЭКСПО...

Жаңалықтар
18.06.2014, 01:52

 

ЭКСПО 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің байрағын алдық. Бұған бізден гөрі шетелдіктер көбірек қуанған ба, қалай? Өзге халықтардың қуанғанын мына екі мысалдан аңғарған сияқтымыз.

Біріншіден, бұл көрменің берері мол шығар. Бірақ шығыны да шаш етектен. Қаржының көп кететіні сонша, нақты қанша екенін ешкім де тап басып айта алмай жүр. 2012 жылы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы 1,2 млрд еуро жұмсалады десе, осыдан тура бір жыл бұрын Экономикалық даму министрлігі ЭКСПО-2017 дайындығына қосымша 30,7 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Осыдан үш ай бұрын Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер аясында халықаралық көрмеге қосымша 10 млрд.теңге бөлінгенін жария етті. Енді «Астана ЭКСПО 2017 ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев халықаралық көрмені ұйымдастыру үшін 283 млн. еуро жұмсаймыз деп отыр. Нақты есебін кім біледі? Кімге сенейік? Әйтеуір аз шығын емес-ау. Сондықтан, біздің өмірімізге қызыға да, қызғана да қарап отырған көптеген мемлекет халықаралық көрменің Қазақстанда өткізілетініне қуанбаса, ренжімеген сияқты.

Екіншіден, халықаралық көрменің байрағын алғанымызға отандық емес, шетелдік музыканттар ерекше қуаныпты. Олар тіпті туды қабылдауға арналған 21-маусымда Астанада өтетін аста төк салтанатты жиынға келіп ән салып кетпек екен. Олардың арасында гонорары 45 мың АҚШ доллары тұратын АРАШ, 12 мыңдық «Серебро» бастаған бір топ әнші бар. Ямайкалық дэнсхолл орындаушы Шон Полдың, А. Чумаковтың, Нюша мен Ю. Ковальчуктің еңбекақылары қанша тұрады екен?

Біреуі су, екіншісі бу үнемде деп жүргенде «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басшылығының бұлай тыраштануына не жорық?

Ә. Текше

 

Тегтер:
ЭКСПО Астана 2017

Сұхбат

PhotoRoom