Ертең үшінші мәрте «Астана интернет форумы» өтеді. Биылғы форум интернеттің қазақстандық сегменті және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздік мәселесіне арналып отыр, деп хабарлайды kaznews.kaztrk.kz.
Жалпы, соңғы жылдары интернеттің қарқынды дамуына, бұқараның әлеуметтік желілерді көп қолдана бастауына байланысты ақпараттық қауіпсіздік мәселесі күн өткен сайын өзекті бола бастады. Жалған ақпараттар мен қауесеттердің тарауы, интернет кеңістігін терроризм мен экстремизмді насихаттауға қолдау қазіргі кезде қалыпты жағдай. Осыған байланысты интернеттің қазақ тіліндегі сегментінде қызмет қылып жүрген мамандар ақпараттық қауіпсіздікке жиі алаңдай бастаған. ІІІ Астана интернет форумына «ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбының шығарылуы да содан.
Білетіндер елімізде 124 мың домен тіркелгендігін айтады. Бұл бұрын-соңды кездеспеген жағдай. Әрі, жаңа домен тіркеу, сайт ашу күн санап арта беретіні сөзсіз. Ал, барлық сайттарды бақылап отыру оңай шаруа емес. 2010-2011 жылдары Wordpress , LiveJournal сынды блог платформаларда діни экстремистердің үгіт-насихат үшін блогтар ашқаны, радикалды топтардың қатарына адамдар тартумен айналысқаны соның айғағы. Абырой болғанда, құзырлы органдар бұл блог платформалардағы экстремистік бағыттағы блогтар мен сайттарды дер кезінде анықтаған. Сөйтіп, біразын жауып тастаған болатын. Алайда, бұл «интернет кеңістігі тұтастай бақылауда» дегенді білдірмейді. Интернетте ақпарат ұшан-теңіз. Сол ақпараттардың бізге пайдалысы да, зияндысы да бар. Сондықтан, интернеттен нені алуды, қандай дүниеге жоламауды білгеніміз керек. Тіпті, сайт администраторлары мен контент-менеджерлердің де үйренетін дүниелері аз емес. Астанада өтетін интернет форум осы тұрғыдан пайдалы болмақ.
Форумға «Нұр Отан» партиясы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институты, Ұлттық Интернет Ассоциациясы қолдау көрсетіп отыр. Жиынға қатысуға ниет танытқандардың саны 200 адамнан асады. Олар– сайттардың редакторлары, контент-менеджерлер, журналистер, блоггерлер, әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы азаматтар. Форумда сөз алатын спикерлердің басым көпшілігі ақпараттарды тексеру, сайттың техникалық қауіпсіздігі, негатив ақпараттардың зияны туралы баяндама жасайды. Мәселен, блоггер Жалғас Ертай «Фактчекинг. Интернетте ақпаратты тексерудің бес жолы» деген тақырыпты сөз етепекші. Фактчекинг, яғни ақпараттарды тексеру қазір өте маңызды болып тұр. Өйткені, түрлі қауесеттер мен дақпырттар, жалған ақпараттар қоғамдық тұрақтылықты шайқалтуы мүмкін. Бұқараның ашу-ызасын тудыруы да ғажап емес. Сондықтан, ақпараттардың нақтылығын тексеру өмір талабы болып отыр. Онсыз ақпараттық қауіпсіздік болмайды.
Ақпараттық қауіпсіздікті демекші, біз қазір бұл ұғымды тек өзгенің ақпаратынан бойды аулақ салу, тексерілмеген ақпараттарды жарияламау сынды әрекеттермен ғана өлшейміз. Әрі ақпараттық қауіпсіздіктің жеке адамға қатысы жоқ сияқты көрінетіні тағы бар. Алайда, кез келген ақпараттың қолды болуы мүмкін екендігін естен шығарып аламыз. Электронды поштадағы деректер, смартфондағы фотолар мен видеолар, телефон, банк картасының номерлері, пин-кодтар... Қысқасы, қарапайым адамның жеке мәліметтері де маңызды қазір. Талай адам жеке мағлұматтарына мұқият болмауының салдарынан опық жеген. Өткен аптада ғана Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасы тергеу бөлімінің бастығы Арсен Бегалин пәтер тонаушы ұрылардың өз «құрбандықтарын» инстаграм мен фейсбуктен іздейтінін айтқан. Яғни, әлеуметтік желілерге не болса соны жариялайтын адамдарды бақылып, олардың тұрмысы, үй-жайы туралы ақпарат жинайды екен ұрылар. Содан соң, аңдып жүріп пәтерлерді тонап кететін көрінеді. Міне, бұл да ақпараттық қауіпсіздікке бей-жай қараудың салдары. Сондықтан, интернет форумда бұл мәселе басты назарда болмақ.
Жиында «Медиана» ИК коммерциялық директоры Өмірбек Құрбанбаев «Хакинг және фишинг: Ғаламторда жеке құпия мәліметтерімді қалай қорғай аламын?» деген тақырыпта біз сөз еткен жеке мағлұматтарды сақтаудың маңыздылығына тоқталмақ. Ал, блоггер Тимур Бектұрдың «Ақпараттық қауіпсіздік: құралдар, әдістер, мысалдар» деген тақырыптағы баяндамасы да осы ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қамтиды. Қысқасы, ІІІ Астана интернет форумы елдің ақпараттық қауіпсіздігіне бей-жай қарай алмайтын мамандардың басын қосып отыр. Бастысы, бұл форум азаматтардың барлық міндетті мемлекеттің мойынына артып қоятын әдеттен арыла бастағандығын көрсететін жиын.