Қазақстан ҰҚК «Арыстан» қызметіне ерекше көңіл бөледі

Жаңалықтар
04.12.2015, 16:19

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» қызметі тұрақты орналасатын пунктін аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстан Президенті отандық арнайы мақсаттағы жасақтың материалдық базасын қарап шығып, қару-жарақ, әскери техника мен құрал-жабдықтардың заманауи үлгілерімен, сондай-ақ «Арыстан» қызметі музейінің экспозицияларымен танысты.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдардың басшыларымен және арнайы мақсаттағы жасақ командирлерімен кеңес өткізді.

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің басшысы Н.Нығматулин, Президент көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, қорғаныс министрлігінің, ішкі істер министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында министрліктер мен ведомстволардың арнайы мақсаттағы күштерінің дайындығы мен оларды одан әрі дамыту, өзара іс-әрекеті,  материалдық-техникалық қамтылуы мәселелері талқыланды.

Елбасы атап өткендей, бүгінде мемлекет арнайы мақсаттағы жасақтарға жүктелген міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, оларға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан Президенті аталған қызметтердің сарбаздары мен офицерлері терроризмге қарсы күресте, құқықтық тәртіпті, қоғам тыныштығы мен конституциялық құрылымды қорғауда тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, арнайы мақсаттағы жасақ күшімен Ақтөбе және Алматы облыстарында, Алматы қаласында күрделі әскери операциялар жүргізілді, ал «Арыстан» қызметкерлері алғашқы әскери тәжірибесін 1992 жылы Шымкенттегі кепіл-тұтқынға алынған адамдарды босату бірегей операциясы барысында алған.

«Осылайша, арнайы мақсаттағы жасақтар әскери кезеңде де, бейбіт өмірде де пайдаланылуы мүмкін. Арнайы мақсаттағы жасақтардың күнделікті қызметі адам өміріне қауіп төндіретін үлкен физикалық және психофизикалық қысымдармен байланысты. Бұл арнайы дайындықты, өз ісін жетік білуді, қаруды жақсы меңгеруді, сондай-ақ психологиялық орнықты болуды талап етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, арнайы мақсаттағы жасақтарға сайдың тасындай іріктелген, моральдық және дене күші тұрғысынан ең үздіктер ғана қабылданады.

Сонымен бірге Елбасы әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесіне тоқталып өтті.

-  Арнайы жасақта қызмет ету - кез келген жас жігітті ерлікке бастайтын жақсы мектеп, сондай-ақ патриотизм, туған жеріне деген сүйіспеншілік мектебі. Арнайы жасақ бөлімшелерінде қызмет өткеру күрделілігін ескере отырып, мемлекет осы санаттағы әскери қызметшілерге қолдау көрсетуді жалғастыра беретін болады. Қазақстандық жастар сіздермен теңесуге тырысады, қаза тапқаннан кейін марапатталған әскерилердің тізімі айтып тұрғандай, өмірлерін қатерге тіге отырып, сіздерден ел алдындағы борышын қалай өтеу қажеттігін үйренеді, - деді Н. Назарбаев.

Н. Назарбаев жас қазақстандықтарға патриоттық  тәрбие беру маңыздылығын атап өтті.

- Жастардың өз Отанына деген патриоттық сезімі болуы тиіс. Олар жалған, жат  идеология, қазіргі уақытта бізде де пайда болып жатқан заңға қайшы, адамдыққа жатпайтын әрекеттер жасауға азғырған  радикалдық  топтың  ықпалына түспеуі тиіс, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

  Мемлекет басшысы терроризм мен экстремизмнің болашағы жоқ екенін сенімді түрде айтты.

"Соңғы уақытта әлемде және өңірде болып жатқан лаңкестіктер, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар террорға қарсы күресте   мемлекеттің шараларын жетілдіруді қажет ететіндігін көрсетіп отыр. Мұның бәрі бейбітшілік пен келісім, татулық жағдайында өмір сүріп жатқан қазақстандықтарды алаңдатады. Біздің міндетіміз - құндылықтарымызды сақтап қалу", - деді Н. Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінде дамыған елдер лаңкестікпен күрес мәселелерінде елеулі қиындықтарға кезігіп жатқанын атап өтті, себебі күтпеген жерден орын алатын  шабуыл әрекеттерін алдын ала болжау қиынға соғуда.

Сөз соңында Н. Назарбаев әскерилердің еңбектеріне табыс, сәттілік тіледі.

"Еңбектерің өте ауыр - бұл   күнделікті жаттығу, ауыр жүктемелер. Бірақ жастық шақ солай болуы шарт. Жас кезімізде біз де сендер сияқты болғымыз келді. Сендер - бүгінгі күннің батырысыңдар. Соғыс өрті болмасын деп тілеймін, алайда сақадай-сай отыру біздің парызымыз", - деді Елбасы.

Бұдан басқа, Қазақстан Президенті еңбегімен ерекшеленген командирлерге, арнайы жасақ күштерінің әскери қызметшілеріне мемлекеттік наградалар, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж әскерилерге қызметтік пәтер кілттерін табыстады.

Мәжіліс соңында Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдар басшыларына, арнайы мақсаттағы бөлімшелер командирлеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Сұхбат

PhotoRoom