Мұнай табылатын жерлер әлі де бар - әкім

Жаңалықтар
08.12.2015, 12:21

Барлық пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнайдың барлау жұмыстарының көбірек жүргізілгені дұрыс, дейді ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып Атырау облысының əкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

"Геологиялық барлау жұмыстары туралы сұрағыңыз орынды. Мен өз басым 36 жыл мұнай саласында жұмыс істеген адаммын. Бұрғылаушының көмекшісінен министрліктегі дəрежеге дейін жұмыс жасадым. Соның көптеген жылдарында барлау жұмыстарында, далада, Қазақстанның бес облысында жəне бірнеше жыл Йемендегі барлау жұмыстарында жұмыс істедім. Күні бүгінгі барлау жұмыстары, соның ішінде мұнайдың барлау жұмыстары бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, бірнеше есе азайды. Оның бірнеше себебі бар, Каспий теңізіндегі үлкен жобаларға байланысты, мұнайдың өндіріліп жатқан көлемінің онсыз да көбеюіне байланысты азайған болу керек. Жалпы, барлық пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнайдың барлау жұмыстарының көбірек жүргізілгені дұрыс деп ойлаймын. Мен бұл жөнінде Елбасына өзімнің пікірімді бірнеше рет айтқан болатынмын", - деген аймақ басшысы Президентке айтқан ұсыныстарынан мысал келтірді.

"Соның ішінде, қай жерлерден барлау жұмыстарын жүргізсек, көбірек мұнай алуымыз мүмкін деген пікірлерімді айтқан болатынмын. Бір мысал келтірейін, өткен жылы Атырауда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық форумы өтті. Сол форумда Нұрсұлтан Əбішұлы мен Владимир Владимировичтің жəне сол кездегі мұнай министрі Ұ.Қарабалиннің алдында Қазақстандағы ең үміт күтетін жерден аса терең ұңғыма қазу жөнінде ұсыныс білдірген едім. Жалпы, Қазақстанда осындай үлкен жобалар қаралып отыр. Менің маман ретінде айтарым, Қазақстанда барлайтын, мұнай табатын жерлер əлі бар", - деді Атырау облысының əкімі.

Сұхбат

PhotoRoom