Осыдан 18 жыл бұрын, дәл бүгін, 10 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына ауыстыру туралы шешім шығарған еді.
1998 жылдың мамыр айында Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Ал 1998 жылы 10 маусым күні жаңа Астана халықаралық таныстырылымы өткен болатын.
Осылайша, небары 18 жыл ішінде Ақмола мекені инфрақұрылымы жаңа, Қазақстан мен Орта Азиядағы ең биік ғимараттары бар Астанадай алып шаһарға айналды. ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанның елордасы «бейбітшіліктің қаласы» атағына ие болды. Ал қазақстандықтар үшін Астана жастардың арманы орындалатын қалаға айналған.
Қазір Астана қаласы халқының саны 867 790 адамды (2015 жылғы қазандағы мәліметтер бойынша) құрайды. Соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша - 381 470 (44%), «Есіл» ауданы бойынша - 134 472 (15,5%), «Сарыарқа» ауданы бойынша - 351 848 (40,5%) адамды құрады.
Астананың туған күні - 6 шілдеде жыл сайын ең ірі мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі сонау 1994 жылдың 6 шілдесінде елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдағандықтан, Астананың туған күні шілденің алтысына ауыстырылды. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.
Астана қаласының жоспарындағы ең ірі шаралардың бірі - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Айта кетейік, Астана - ЭКСПО көрмесін қабылдайтын ең жас қала.
Қазақпарат