#Ақорда ақпаратын таратушы Абаев

Тұлға
25.12.2015, 16:34

Күнделікті саяси өмірде көріне бермейтін, алайда саясаттың қай саласында болмасын қара нардай жүк көтеріп жүргендер жетерлік. Солардың бірі ҚР Президентінің баспасөз хатшысы – кеңесшісі – Дәурен Әскербекұлы Абаев.

Білімі мен тәжірибесі

Д. Абаев биыл Президент сайлауы деп абыр-сабыр боп жатқан сәуір айының 18-і күні 36 жасқа толды. Яғни 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол қазақтың ғылым әлемінде өзіндік орны бар, қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітірген. Шетелде білім алмағанымен, шекарадан тыс жерлерде қызметтік тәжірибе жинап келген. Нақтырақ айтсақ, 2003-2007 жылдар аралығында алып-қоспасы жоқ тура төрт жыл бойы Қазақстанның Әзірбайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі елшіліктерінде дипломатиялық қызметте болды. Елге келген соң Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде жауапты қызмет атқарды. Сыртқы саясаттағы, дипломатиядағы тәжірибесі бүгінде өз жемісін беріп келеді.

Бұдан кейін Дәурен Әскербекұлы елдің ішкі саясаты бойынша тәжірибе жинай бастады. Ол 2007 жылғы желтоқсаннан 2008 жылғы желтоқсанға дейін ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты.

2009 жылғы қазаннан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2011 жылғы қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы.

Ол жұмысымен қатар 2013 жылдың шілдеден бастап, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін қатар атқарып келеді.

даурен абаев

Жаңа сападағы баспасөз қызметі

Дәурен Абаев баспасөз қызметіне келген кез қазақстандық интернет пайдаланушылардың, азаматтардың әлеуметтік желілерге тіркелуінің көбеюімен тұспа-тұс келді. Бұрынғы баспасөз хатшылармен салыстырғанда жұмысы да көбейді, жауапкершілігі де артты. Себебі ақпараттық сала күш ала бастағанда аса жауапты қызметте отырудың өзіндік қиындықтары бар. 2012 жылы әлеуметтік желілерде Ақорданың ресми парақшаларын ашты. Нәтижесінде халық ең көп қолданатын facebook, twitter, Instagram әлеуметтік желілерінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ақпаратты оңай табасыз. Ең басты атап өтерлігі – оперативтіліктің жоғарылығы. Бізде өздерін желден жылдам санайтын интернет сайттардың өзі еліміздегі кадрлық тағайындаулар кезінде, Елбасының мемлекеттік сапары, Жарлығы, Үндеуі, Жолдауы кезінде Ақорданың парақшаларын парақтайды. Ақордаға қатысты ақпараттың қайнар көзіне айнала алды.

Әлеуметтік желілердегі #Ақорда

2012 жылдың 1-қаңтарында ашылған Facebook-тегі «AkordaPress» (орысша) парақшасына 9305, 2015 жылдың 23-қазанында ашылған «AkordaBaspasoz» атты қазақ тіліндегі парақшасына 1562 адам жазылған. Әзірге Фейсбукте Ақорда жаңалықтарын 10 867 адам осы парақшалар арқылы оқып отыр.

Twitter-дегі @AkordaPress аккаунтын бүгінде 113 мыңнан астам оқыса, Instagram-дағы @AkordaPress парақшасының жазылушылар саны – 102 мыңнан асыпты. Бүгінде 226 мың интернет пайдаланушы Ақорда жаңалықтарымен осылай танысып отыр. Бұл осымен ғана шектелу деген сөз емес, әрине. Жазылушылар саны күн сайын көбейіп келеді. Әлеуметтік желіге шығудың өзі тиянақты саяси шешімді қажет етеді.

Ақорданың ресми сайты жаңа дизайнмен жақында ғана жаңарып шықты. Баспасөз қызметі басшысының креативтілігі мен талғамын байқатса керек. Ең бастысы еліміздегі ең жоғарғы басқарушы Президент институтында белгілі бір дәрежеде ашықтық пен жариялылық қалыптасты.

Ұстамды ұйымдастырушы

2013 жылы қазақ тілінде танымал сайттарға Дәурен Абаевтың мақаласы жарияланды. Тақырыбы – «Назарбаевтың жеті тірегі». Республика Президентінің бүгінде сүйенетін тіректерін ашып көрсеткен. «Теңізге тартқан төте жол» деген материалы да көп оқылды. Қазақы ортаға жақындығы анық байқалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәнді де мағыналы, ұлтқа рух сыйлаған «Ұлытау төріндегі сұхбатына» мұрындық болғаны да осыны көрсетсе керек. Президент баспасөз қызметінде жүріп мақала жарияламақ түгілі, қарапайым мәлімдеме жасамай кеткендер қаншама.

Мәлімдеме жасау демекші, біздегі сарапшылар арасында «Ақорда тарапынан тым болмаса Кремльдегідей ашықтық жетіспейді» деп сынаушылар болған. Дмитрий Песковтың Кремль саясатына қатысты, Путиннің мәлімделеріне орай баспасөзге шығып тұратыны бар. Кейінгі кезде Дәурен Абаев та бірқатар мәселер бойынша түсініктеме беріп жүр.

Әлеуметтік желідегі қоғамның қуанышы, қандай да бір наразылығы барлығын да назарда ұстайтынын білеміз. Ол туралы «Елбасы әлеуметтік желіде жазылған дүниелермен жақсы таныс» деген болатын, Абаев.

Қоғам түсінбей қалған Президенттің қалжыңдарына қатысты, ортақ валютаға қатысты, тағы басқа мәселелерге арнайы түсінік беріп жүр. Тіпті Үкімет басшысының орынбасарлығына Дариға Назарбаеваның кандидатурасы қалай ұсынылып, қалай тағайындалғанына дейін ашып айта алды. Мәселе туындағанда пікір айтады, Песков сияқты баспасөз бетін билеп-төстеп алмағанын да айта кеткен жөн.

Президент Н. Назарбаевтың Ұлыбритания мен Францияға сапарына қазақтілді сайттардың тілшілерін де өзімен бірге алып жүрді. Бұрын соңды мұндай оқиға болмағанын да айта кеткен жөн. Сол сапарда өзі де сұхбат берген болатын. Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясындағы өзінің қазақ тіліндегі баяндамасына қатысты БАҚ өкілдеріне арнайы пікір бергені тамаша ұйымдастырылды. Күні кеше ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық телеарналардан берілген сұхбаты да елдің көңілінен шықты.

Жалпы, Дәурен Абаевтың бесінші жылға аяқ басқан Президент баспасөз қызметіндегі жұмысына қарайтын болсақ, жаңа сатыға көтерілді. Заман ағымымен қатар ілесіп келеді. Халық пен Президент арасындағы, Мемлекет басшысының қоғаммен байланысын толықтай қамтамасыз етіп отыр деуге негіз бар. Сыртқы саясатта, дипломатияда жинаған тәжірибесіне ақпараттық саясаттағы еңбегі қосылып отыр. Тіл табысу қасиеті бар дипломат, жауапкершілікті сезінетін шенеунік, тиянақты ұйымдастырушы деп бағаланады.

 Перспективасы жоғары жас идеологтардың бірі. Тек қоғаммен байланысты ғана қамтамасыз етпей, кеңесші қызметін де абыройлы атқарып келеді.

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сұхбат

PhotoRoom