Ұлт жоспарын түсіндірудің тетіктері жайлы айтылды

Жаңалықтар
12.01.2016, 12:58

Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев әлемдегі отыз дамыған елдің қатарына кірігу жолында Қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға арналған Бес институтционалдық реформаны айқындап берді.

Бағдарламалық құжаттың өзегі – әрбір қазақстандық азаматтың әл-ауқатын жақсарту, оның құқығы мен бостандығын сақтау, білім алу мен денсаулық сақтау салаларындағы тең құқылығына кепіл болу, еңбек қатынастарының өркениетті үлгісін қалыптастыру болып табылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттілігімізді, экономикамызды, қоғамымызды бекемдеуге бағытталған жаңа шаралар тізбегін қалыптастырады.

Осы орайда Мемлекет Басшысы еліміздегі негізгі саяси күш ретінде «Нұр Отан» партисына Бес институтционалдық реформаның шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Үлкен саяси қоғамдық институт болып табылатын партия бұл бағыттағы жұмыстарды атқарудың тетіктерін белгілеп, жоба-жоспарларын әзірледі.

Осы жөнінде бүгін партияның баспасөз орталығында өткен брифингте партияның идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Фархад Қуанғанов пен партия Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли кеңінен ақпарат берді.

Партияның ұйытқы болуымен реформалардың бағыттары бойынша 5 жұмысшы тобы құрылып отыр. Топ құрамына енген Парламенттегі партиялық фракция мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылығы, қоғам белсенділері мемлекетті кәсібилендіру, құқық қорғау мен заң үстемдігін қамту, индустрияландыру мен экономикалық өсімге қол жеткізу, ұлттық бірлікті сақтау, транспарентті және есеп беретін мемлекетті құру сынды бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді. Ұлт жоспарын іске асыруға арналған медиа жоспар әзірленіп, бекітілді. Мұндай жұмыстар жергілікті филиалдарда да қолға алынып отыр.

Ұлт жоспарын іске асырудың тиімділігін арттыру үшін ортақ мақсатқа барлық партиялық сұхбат алаңдары мен ресурстары жұмылдырылуда. Олардың құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенді қоғам қайраткерлері енгізілуде. Партияның «Мирас» қоғамдық кеңесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі, Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі, Партия жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қарысм-қатынас жөніндегі кеңесі, «Аманат» интеллектуалдық клубы, т.б. отырыстарында Ұлт жоспарын іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланып, олардың оң шешілуіне ықпал етіледі.

Бағдарламалық құжатқа сәйкес заңнаманы жетілдіру процесстеріне партияның барлық құрылымдары мен үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылмақ. Олардың берген ұсыныстары ортақ талқыдан өткен соң, тиісті шешім қабылдау үшін Парламенттегі партия фракциясына, орталық мемлекеттік органдарға жолданбақ.

Ұлт жоспарына қамтылған міндеттердің іске асырылу барысы аптасына екі рет баспасөз орталығында өтетін брифингтерде баяндалатын болады. Оның да арнайы кестесі әзірленіп, бекітілді. Қоғам алдында есеп беру тұрғысында өтетін бұл брифингтерге орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, фракция депутаттары, партиялық құрылым жетекшілері, қоғам белсенділері қатысып, атқарып жатқан жұмыстарымен өздеріңізбен бөлісетін болады.

Ұлт жоспарын ақпараттық қолдау мақсатында партияның тағы бір жаңа интернет ресурсы іске қосылды. Мұнда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысы, заңнамалық базасы, қоғам тарапынан білдірілген ұсыныстар мен өзге де ақпараттар жарияланып, тұрақты жаңартылып тұрмақ.

Ұлт жоспарының әр тармағына арналған 100 бейнеролик түсіріп, оны «Астана» телеарнасынан көрсету жоспарлануда. «Айқын», «Литер», «Түркістан» газеттерінде осы ақпарлар инфографика түрінде жарияланбақ.

«Астана» телеарнасында белгілі қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Кеш емес», «Открытая студия» бағдарламалары жарық көретін болады.

Ұлт жоспарын әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жұмыстары да қолға алынбақ. Осы орайда журналистер мен блогерлер арасында бағдарламалық құжатты ақпараттық ілгерілетуге арналған арнайы семинар өткізу де көзделген.

 

Сұхбат

PhotoRoom