Оңтүстік Қазақстанның идеологиясына кім жауапты болмақ?

Жаңалықтар
22.01.2016, 16:27

Оңтүстік Қазақстан облысы  – халқы көп, бір тілде сөйлей алғанымен ассимиляцияға ұшырамай өзара тығыз отырған өзге этностары да көп өңір. Өзбектердің, тәжіктердің көптеп ұйысып отырған елді-мекендері бар.

«Наурыз мерекесін 9 күн тойлауды өзге өңірлер Оңтүстіктен үйренуі керек» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ерекше атап өту арқылы тұтас Қазақстанның ұйытқысы еткісі келетін аймақтың идеологиясына жауапты әкімнің орынбасары Ерлан Айтаханов қызметтен кетті. Нақтырақ айтар болсақ, Отырар ауданының әкімі боп тағайындалып жатыр.

Бұл орынға басты кандидаттар кімдер?

Облыс әкімінің орынбасарлығына бірнеше үміткердің атын қатар атауға болады. Алысқа ұзамай осы облыстың қазанынан қайнап шыққан азаматтарды атап өтсе де жеткілікті.

1. ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбайды биыл Парламент Мәжілісіне депутаттыққа жіберу туралы шешім қабылданбаса, Оңтүстікке барып қалуы мүмкін тұлғалардың бірі. Облыстың ішкі саясатын басқарған, ақпараттық салаға министр болған тәжірибелі идеолог. Оның бұрын облыс басшысының орынбасары болғанын да айта кеткен жөн.

2. Екінші үміткер ретінде Ұласбек Сәдібековты атауға болады. Күні кеше Президент жарлығымен таратылған V шақырылым депутаттарының құрамында болған Сәдібеков те осы өңірдің ішкі саясатының басы-қасында жүрген.

3. Сондай-ақ, осы салада көрінген, қала әкімінің орынбасары болған Бахадүр Нарымбетовтың де есімін сызып тастауға болмас.

4. Облыстық ішкі саясат басқармасынан дін істерін бөліп тастаған соң Алмасбек Мамытбековты де осылардың қатарында. Билік партиясының облыстық филиалын, екі рет өңірдің ішкі саясатын басқарды. Тәжірибесі бар.

5. Оңтүстік Қазақстан облысында гендерлік саясатқа аса мән берілмейді. Үлкен қызметтерге әйелдер жіберілмейді. Облыстық білім басқармасының басшысы қазір демалыста жүрген Альбина Елшиеваны тағайындау арқылы облыс басшысы осы гендерлік саясаттың да талабын орындаған болар еді.

6. Алтыншы үміткер жұмбақ жан да болуы кәдік. Астана жақ ұсынатын, облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың бұрынғы әріптестерінің ішінде де мықты кадрлар болатыны сөзсіз.

Сұхбат

PhotoRoom