Байбек "Оңайға" қатысты пікір білдірді

Жаңалықтар
26.01.2016, 13:21

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Оңай» жүйесіне қатысты түсінік берді.

«Ең маңызды мәселелердің бірі - ол «Оңай» жүйесіне байланысты. Бұл өте маңызды бағыт деп есептейміз. Осы тұрғыда күнделікті мониторинг жүргізудеміз. Атап айтқанда, еліміз бойынша біз осы жүйеге қосылған бірінші қала болып табыламыз. Өздеріңіз білесіздер, Сингапур, Гонконг және алдыңғы қатарлы өзге де оңтүстік-шығыс елдердегі шаһарлар карталармен (қоғамдық көліктерде жүруге арналған) жұмыс істеуде. Бүгінде көбісі қойып жүрген негізгі сауал жол жүру билеттерінің қысқаруына байланысты болып отыр. Жалпы, біз осы нарықтың ауқымын айқындау үшін біршама уақыт сұрадық. Бұған дейін бұл нарық толықтай ашық емес, түсініксіз болған еді, яғни шығыстар мен кірістер қаншалықты екені айқын емес еді. Бүгінде біз нарық көлемі 19-20 млрд. теңге екенін байқап отырмыз, ал шамамен 6-7 млрд. теңгені «сұрқай экономикадан» шығарамыз деп пайымдаудамыз», - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қоғамдық көлік тасымалы бойынша халықтың пікірі назарға алынып, ертең мәслихат отырысында депутаттар қолдаса, онда жол жүру билеттері қайта іске қосылады.

«Жеті жасқа дейінгі балалар ақысыз жүреді, мектеп жасындағы оқушылар үшін мың теңге, зейнеткерлерге екі мың теңге және көп балалы аналарға екі мың теңге, студенттер үшін үш мың теңге қарастырылуда. Сонымен қатар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар қалада тегін жүреді. Бұл бағыттағы шығыстар жергілікті бюджет үшін қомақты қаржы», - деді Б. Байбек.

Сұхбат

PhotoRoom