Әблязов тақырыбы неге қозғалды?

Жаңалықтар
09.02.2016, 09:42

Франция Мұхтар Әблязовті Қазақстанға қайтарып беруі мүмкін. Ол үшін еліміздің Бас прокуратурасы бір топ сарапшыны Парижге жібермек. Отандық прокурорлар қашқын банкирді  экстрадициялауға қатысты  екіжақты келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр, деп хабарлады КТК.

«Үлкен жұмыстар атқарылуда. Жақын күндері сарапшыларды Парижге жібереміз. Біздің мамандар екі ел арасындағы үш келісім бойынша жұмыс істеуі тиіс. Әзірге Франция қарсылық білдірген жоқ, келісім беруі керек», - дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркель.

Астана мен Париж құқықтық көмек, экстрадиция және сотталған азаматтар жазасын  елде өтеу үшін қайтару сынды үш мәселені талқылайды. Өйткені қазір екі ел арасында мұндай келісім жоқ.  Сондықтан, Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге  қайтарып беру туралы шешім шығарған еді. Ал қашқын банкирді Мәскеуден өзге Қазақстан мен Украина да экстрадициялуға өтініш білдіріп отыр. Экс-банкирге  үш мемлекеттің де құқық қорғаушылары  «алаяқтықпен айналысты, жалған құжат жасады, қыруар қаржы жымқырды»  деген айыптар тағып отыр.

Қазақстанда үлкен саяси науқан басталды. Парламент сайлауы кезінде мұндай мәселенің көтерілуінің астарында не жатыр? Оппозициялық көңіл-күй қалыптастыру үшін бе? Францияға енді ғана жіберілетін сарапшылар сайлау аяқталғанша Әблязовты қайтарып алып келмейтіні түсінікті. Демек, бұл тақырып саяси науқан қарсаңында қосымша ақпараттық реңк беру үшін ғана көтеріліп отырған сияқты.

Сұхбат

PhotoRoom