Нұрлы жол – биік белестер бағдары

Сараптама
16.02.2016, 04:21
Нұрлы жол – биік белестер бағдары

Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, өз Отанын жарқын болашаққа жетелеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды Көшбасшысы бар қазақ халқы – аз уақытта үлкен жетісіктерге қол жеткізді.

Бабалар армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік, алайда тәуелсіздікті өз тұғырында ұстап қалу басты міндетіміз.Егемендікті алса да, жан-жаққа тартқан берекесіздік,өзара алауыздық қаншама елдің тағдырын құрдымға кетіргені тарихи шындық. Оған қазіргі кезде көрші елдерде орын алған саяси оқиғалар дәлел. Сондықтан да, біз өзгелердің қателігін қайталамай, өткеннен сабақ алуымыз керек. Ол тағылымның түйіні – Мәңгілік ел.

Тәуелсіз, дербес мемлекетте өмір сүру –әрбір қазақстандық үшін баға жетпес байлық. Бақытымыз бен берекемізге айналған мәңгілік тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін тыңбай еңбек етуіміз қажет. Биік мақсаттары бар, болашаққа сеніммен қарайтын, жастары арыстандай айбатты, жақсылыққа жаны құштар, рухы асқақ ел ғана ғасырды ғасырға жалғап, мәңгілік елге айналады. Мәңгілік ел болуымыз үшін Отанымыздың экономикасы тұрақты болып, заман талабына ілесе білуіміз керек.

Бүкіл әлем бұрын соңды болмаған қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, 2007 жылғы бүкіләлемдік қаржы дағдарысының салдарынан әлемнің қаржы-экономикасы әлі де айыға қойған жоқ. Ал біздің еліміз 2007-2009 жылдарда орын алған экономикалық дағдарыстан Елбасымыздың экономикалық саясатының нәтижесінде аман шықты. Міне, осыған орай Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын уақытынан ерте жариялап, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп атады. Себебі қоғамның, егемен елдің жолы әрқашан даңғыл бола бермейтіні баршамызға мәлім. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан – ұшқан құстың да қанаты талатын ұлан-ғайыр жердің иесі. Сондықтан да ұсынып отырған жоспар орасан қаражатты және еңбекті, ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида бар. Барыс – келіс пен алыс – берісте жол қатынасы ерекше маңызға ие. Ежелгі замандарда ірі қалалардың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныстанған. Қазір де қайнаған тіршілік күрежолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың басты түйіні", – деді.

Әрбір қазақстандықтың көкейінде Ұлт Көшбасшысы атап өткен тоғыз жолдың торабы, біздің жерімізде Елорданың төрінде тоғысса екен, еліміз жасампаздықтың рухын тарататын тамырға айналса деген арман бар. Алайда, арманның орындалуының кепілі – елдегі ұлтаралық тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім екені даусыз. Себебі әлемде орын алып отырған күрделі жағдайда дінаралық, конфессияаралық келісім, дін мен дәстүрдің сабақтастығын сақтау, халықтың бірлігін нығайту маңызды.Осы ретте, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыдан алып қарағанда қазіргіден де күштірек, біртұтас және төзімді ете түсудің маңызы зор…» – деген болатын. Сондықтан да, көздеген мақсаттарды жүзеге асырудың маңызды бөлшегі ұлтаралық келісім мен дінаралық диалог болып қала береді.

Қазақстанның қазіргі жағдайында аталған факторлардың шешуші мәні бар екені ешкімге құпия емес. Ішкі саяси тұрақтылықты нығайту мен қоғамның рухани келісімін әрі қарай дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстар Отанымыздың дамуында үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы ұлттар мен діни конфессиялардың өзара келісім мен бейбітшілікте өмір сүре алатынын дәлелдеп келе жатқан ел.

Ежелден бері дін рухани мәдениеттің негізі. Адамзат тарихында дін – қоғамның рухани, әлеуметтік өмірінде басты құраушы фактор қызметін атқарады.

Бүгінде діннің рөлі күннен күнге артып отыр. Осы орайда, ең алғашқы болып Президент Н.Ә. Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының халықаралық форумын өткізу туралы бастама көтерді. Мұндай дінаралық жиын өткізу тәжірибесі бұған дейін ешбір мемлекеттің тарихында болмаған. Түзде бастары қосылмайтын кейбір дін өкілдері, бір шаңырақтың астына жиналды. Мұндағы мақсат – бүкіләлемдік жаһандану кезеңінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының мүддесін бір арнаға бұрып, өзара ынтымақтастық пен келісімді жетілдіріп, зорлық-зомбылық пен діни фанатизмді, лаңкестік пен экстремизмді ауыздықтауға жәрдемдесу болатын.

Нәтижесінде 2003 жылы қыркүйек айында Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І Съезі өтіп, дәуірлік оқиғаға айналды. Дін көшбасшылары үшін бұл халықаралық форум – сұхбаттасу алаңы, ұлтаралық және конфессияаралық талас-тартысты шешу жолдарын іздестіретін мүмкіндік.

Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі дәстүрге айналды. 2015 жылдың 10-11 маусымында Сарыарқаның төрінде дін көшбасшылары бесінші рет жиналды. Бұл – Қазақстанның өркениетаралық, конфессияаралық және мәдениетаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі орталықтарының бірі ретінде жаңа дәрежеге ұмтылуға ықпал ету жөніндегі бірегей қазақстандық үлгіні насихаттауға бағытталып отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда еліміз ілгері серпінді қадам жасап, аяғына нық тұрып, бүгінде дамыған мемлекет ретінде әлемдік талаптарға жауап бере алатын, қалыптасқан, заманауи, табысты мемлекет екенін іс жүзінде дәлелдеді.

Елбасының халыққа ұсынған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы қазақстандықтардың егемендіктің сенімді тұғырына, халқымыздың сарқылмайтын қуат көзіне, барлық ұлт өкілдерін біріктіруші күшке айналған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының мәніне терең үңілуге шақырады.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы атап өткендей, «...жаһандық сынақтан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз».

Нұрлы жолды бағдар етіп, жарқын болашаққа бастап, Ұлы даланың мәңгілік перзенті болып қалу біздің қолымызда.

Саманта Булаткызы,

ҚР МСМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы,

БАҚ-қа мониторинг бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

Сұхбат

PhotoRoom