Елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталды. Бүгіннен бастап кандидаттар үгіт жұмысына кіріседі. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлімдеді.
Жалпы республика бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 10 мың 825 үміткер тіркелді. Осылайша, орта есеппен 1 орынға 3 адамнан таласпақ. Ал Астанада бәсеке тіпті күшті – бір орынға 5 адам көз тігіп отыр. Тіркелген кандидаттардың 3407-сі саяси партиялар, 17-сі қоғамдық бірлестіктер, 7401-і - өзін-өзі ұсынғандар. Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, өткен науқандармен салыстырғанда биыл кандидаттар саны әлдеқайда көбейген. Азаматтардың белсенділігі әлдеқайда жоғары көрінеді. Марат Сәрсембаев, ҚР ОСК мүшесі: - Біз барлық тіркелген 10825 кандидаттың жергілікті жерлерде проблемалық мәселелерді шешу бойынша сайлауалды бағдарламаларында өз идеялары мен ұсыныстарын ұсынатынына және Республиканың сайлау заңнамасына сәйкес сайлаушылар дауысы үшін адал бәсекелестік күрес жүргізетіндеріне сенеміз.