Байбек айтқан бес мәселе

Жаңалықтар
24.02.2016, 19:25

1. Әлеуметтік желілер, солардың ішінде инстаграм қалалық мәселелерді тез шешудің ең тиімді алаңына айналды.

Бұл туралы бүгін Алматыда қала тұрғындарымен жылдық есептік кездесуінде қала әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді.

«Алматылықтармен тікелей байланыс орнату үшін, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерде, солардың ішінде Инстаграмда жеке парағы ашылды. Қазіргі таңда оған 56 000 адам жазылды. Онда 400-ден астам материал жарияланды. Тұрғындар тарапынан 9000 арыз-шағым келіп түсті. Олардың 80 пайызы бары-жоғы екі күн ішінде шешілді. Мәселенің шешілген, шешілмегені инстаграмда айқын көрінеді. Біз нақты жауап беріп жатырмыз. Сондықтан, әлеуметтік желі бүгінде - қала мәселелерін тез шешудің өте тиімді алаңына айналды», - деді Б. Байбек.

2. Қала басшысы Алматыда заңсыздықтарға қарсы кең көлемде қоғамдық айыптау жүйесін қалыптастыру керектігін айтты.

«Алматыда кең көлемде қоғамдық айыптау, қоғамдық «ұялту жүйесін» қалыптастыруымыз қажет. Мысалы, кәсіпкерлер «ағаштарды кесіп тастасам, айыппұл төлеймін де құтыламын», - деп ойлайды. Ал егер олардың бұл әрекеті қоғам тарапынан қатал түрде ашық айыпталатын болса, ол келесі жолы заңсыз әрекет жасауға ұялатын болады», - деді Б. Байбек.

3. Бүгінгі есебінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгін қала тұрғындарымен болған жылдық есептік кездесу барысында коттеджі бар қала тұрғындарын өздерінің осы баспаналарын балабақшаға айналдыруға шақырды.

«Алматыда балабақша қашанда жетіспейді. Біз бұл мәселені ешқашанда 100 пайыз шеше алмайтын шығармыз. Өйткені қала тұрғындарының саны жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда осы мәселені шешу жолында қалада  мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 1000 балаға 22 жеке коттедже балабақшалар ашылды. Адамдар кезінде коттеджерді көптеп салып алды ғой. Енді оны күтудің өзі қымбатқа түстіндігіне көз жеткізе бастады. Сондықтан, қазір коттедждері бар азаматтар, сол баспаналарын жеке балабақшаға айналдырып, әжептеуір ақша табуларына болады. Біз оларға мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша әрбір бала үшін 21700 теңгеден ақша төлейтін боламыз. Алдағы уақытта қалада тағы 5000 мың орынға шақталған жеке бала бақшалар ашуды жоспарлап отырмыз. Ал бұл бюджет қаржысын 50 млрд. теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Б. Байбек.

4. Әкім мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Алматыда басқа да ауқымды жобалар қолға алынатындығын жеткізді.

«2016 жылы Алматыда жалпы сомасы 37,6 млрд. теңгеге 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жобалар арқылы 4300 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, биыл қалада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы сомасы 34,5 млрд. теңгеге 25 балабақша, 4 мектеп, бір емхана және 150 балалар және спорт алаңдары салынады », - деді Б. Байбек.

Естеріңізге сала кетелік, мысалы өткен жылы Алматыда 110 балалар және спорт алаңдары салынған болатын.

5. «Алматыда қала тұрғындарының табысы 3 пайызға өсті.

Жұмыссыздық 0,2 пайызға қысқарды. 2015 жылы қалада жаңадан 29 000 жұмыс орны ашылды. 260 000-нан астам жұмыс орны сақталып қалды. Сонымен қатар, өткен жылы бір млрд. теңгеге 4300 жұмысшы алдында жалақы бойынша қарыздар өтелді. Ал биылдың өзінде 8 кәсіпорын бойынша 69 млн. теңгеге 4775 жұмысшы алдындағы жалақы бойынша қарыз өтелді. Біз алдағы  уақытта да жалақы бойынша қарыздары бар кәсіпорындарға барынша көмектесетін боламыз. Бұл тұрғыда олар жаңа мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз етілетін болады», - деді Б. Байбек.

Сұхбат

PhotoRoom