Оңтүстікте жаңа басқармалар мен басшылар

Жаңалықтар
25.02.2016, 15:24

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен 2016 жылдың 25 ақпаны күні жаңадан құрылған облыстық басқармалардың басшылары тағайындалды.

Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы лауазымына Қуандық Салыбекұлы Құлажанов тағайындалды.

Қ.С.Құлажанов 1969 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы математика пәнінің мұғалімі, заңгер.

Еңбек жолын Төлеби ауданы Абай ауылы орта мектебінің қарапайым мұғалімі болып бастаған. Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратында жауапты қызметтер атқарған,  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары, тәртіптік кеңесі хатшылығының меңгерушісі болған.

2015 жылғы қазаннан бастап облыстық  білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы лауазымына Болат Серікұлы Жанәбіл тағайындалды.

Б.С. Жанәбіл 1982 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы қаржыгер, заңгер, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры.

Еңбек жолын қарапайым қызметтерден бастаған Б.Жанәбіл Шымкент қаласы мәдениет, ішкі саясат, жастармен жұмыс бөлімдерінде еңбек еткен. Облыстық ішкі саясат басқармасында да жастар мәселесімен айналысқан. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаментінде өңірлік жастар саясатын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары болған.

2015 жылғы қаңтардан бастап облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары  лауазымында жастар мәселесімен айналысып келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына  Алмасбек Кеңесбекұлы Мамытбеков тағайындалды.

А.К.Мамытбеков 1969 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы география және биология пәндерінің оқытушысы, экономика және бизнес бакалавры.

Еңбек жолын 1987 жылы Шымкент облысы Түлкібас ауданының құс фабрикасында  бастаған. Шымкент қаласы әкімдігінің дербес бөлімдерінде еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан облыс әкімшілігінің қоғамдық келісім және ақпарат,  мәдениет және жастар ісі басқармаларында жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Түлкібас ауданы  әкімінің орынбасары, облыстық  ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.

2015 жылғы қазаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып еңбек етіп келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасының басшысы лауазымына  Батырбек Қаратайұлы Жалмұрзаев тағайындалды.

Б.Қ. Жалмұрзаев 1955 жылы туылған, білімі жоғары.

Еңбек жолын 1973 жылы Ақтөбе ет комбинатында бастап, сол облыста партия,  комсомол органдарында еңбек еткен.  1990 жылдан бастап  Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының партия, кеңес және жергілікті атқарушы органдарында жауапты қызметтер атқарған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі,  облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы,  облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры лауазымдарын атқарған.

Қазіргі уақытта Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы болып қызмет етіп келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Марғұлан Зұлхарнайұлы Мараим тағайындалды.

М.З.Мараим 1973 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы заңгер, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Аманкелді колхозында бастаған. Шымкент қаласында бірқатар кәсіпкерлік құрылымдарда қызмет еткен.  «Ауыл-шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының әкімі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы, комитет төрағасының орынбасары, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жанғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» дамыту қорының басқарушы директоры, Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары – бас инженер болып еңбек еткен.

2015 жылғы желтоқсаннан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болып еңбек етіп келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы  лауазымына Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов тағайындалды.

С.И.Әбдіқұлов 1954 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы ғалым-агроном.

Еңбек жолын Шымкент облысы Ленгір ауданы «Победа» колхозының аға агрономы болып бастаған. Ұзақ жылдары бойы Созақ ауданында партия және жергілікті атқарушы органдарда жауапты қызметтер атқарған. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім бастығы болған.  Он бір жылға жуық Созақ ауданының әкімі, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

2015 жылдың наурызынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етіп келеді.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Нұрлан Мархабатұлы Байғұт тағайындалды.

Н.М.Байғұт 1974 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы инженер-экономист.

Еңбек жолын Шымкентқалалық салық комитетінде бастаған, облыстық коммуналды меншікті және активтерді басқару департаментінде жауапты қызметтер атқарған, облыс әкімінің бас инспекторы, Түлкібас, Төлеби аудандары әкімдерінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы болған.

2010 жылдың қаңтар айынан бастап ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы болып еңбек етіп келеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom